Аймақтар • 24 Тамыз, 2017

Рудныйға 60 жыл толды

1160 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Келешегі кемел кеншілер қаласы

Рудныйға 60 жыл толды

Рудный қаласының тағдырын еліміз өндірісінің тарихынан бөліп қарауға болмайды. Ол өт­кен ғасырдың 50-жыл­да­ры­ның аяғына таман тек Қазақстан ғана емес, бұрынғы Кеңес Одағында баламасы жоқ Со­колов-Сарыбай кен байыту комбинатын іске қосып, оны әрі қарай дамыту үшін салынған болатын. 1949 жылы ақпан айында Алтай геологиялық барлау экспедициясының ұшқышы Михаил Сургутанов Сары­арқа­ның төріндегі Сарыбай шатқа­лының үстінен ұшып бара жа­тып, компас тілінің кенет оңтүстікке қарай айналып кеткенін байқады.

ұл өңірде темірдің мол қоры болатын. Содан көп ұзамай-ақ Сарыбай мекені аталатын қазіргі Рудный қаласының орнында алып құрылыс басталып кетті. Ақшаңқан шатырлар тігілді, комсомолдық құрылысқа келген мыңдаған жас осы шатыр-қалада тұрды. Тек 1955 жылы ғана 4 мың жас келген екен. Шатыр-қалашықтардың көшелері, атаулары болды. Қол ұстасып қала мерекесін тамашалауға келген Виктор Алексеевич пен Раиса Лукьяновна Корчагин қариялар осыдан 61 жыл бұрын №37 шатырда тұрғанын ұмытпапты. Калининградтағы жоғары оқу орнынан электрші мамандығын алған олар, комсомолдық жолдамамен Соколов-Сарыбай кен орнын игеруге келді. 

– Біз шатырда қараша айы­ның аяғына дейін тұрған­быз. Су­ық табанымыздан өте­тін, бірақ жастықтың арқа­сын­да бар­­лығына көндік. Бәрі­бір жас­тық шағымызды, сол кез­дер­де­гі қызу еңбегіміз бен қиын­дық­тарымызды сағы­ныш­пен еске а­­ла­мыз. Біздің көз алдымызда қа­ланың іргетасы қаланды, көз алдымызда тоты құстай таранып өсті. Рудный – Раиса Лукьяновна екеу­міздің ғұмырымыз, бүкіл саналы өміріміз, бақытымыз, – деп те­біренді еңбек ардагері Виктор Алексеевич. 

– Біз студент кезімізде та­ныс­­қанымызбен, Рудныйда өмі­рі­міз­ді бастадық. Біз келгенде қа­л­а­ның орнында ақшаңқан шатырлы қалашықтар ғана бар екен, сағымды дала ғана болатын. Біз еңбек еткен жылу-энергетикалық ор­талық 60 жыл бойы қаланы жы­лумен, жарықпен қамтамасыз етіп тұр. Біз оны мақтаныш ете­міз. Осында балаларымызды өсір­­­дік, бақытымызды сезін­дік. Біздің отбасымыз үшін Руд­ный­дан артық жерұйық жоқ, қала өсе берсін, – деп баталы сөз айтты Раиса Лукьяновна. 

Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігі секілді алып кен орны бүгін­де Қазақстан, Тәуелсіз Мем­ле­кеттер Достастығы түгілі, бү­кіл дүние жүзінде саусақпен сана­р­лық қана. Онда 18 мың руд­ный­лық жұмыс істейді, миллион тонна­лап темір кенін өндіреді. Қазір ССКӨБ құрамында бір­не­ше зауыт бар. Кен алыбы елі­міз өндірісінің флагманы бо­лып табылады. Мерекеде Руд­­ный қаласының өсу жолы те­атр­ландырылған көрініспен паш етілді. Кен орнынан басқа қаладағы өзге де қуатты зауыт­тар, бизнес кәсіпорындары, білім беру, мәдениет ошақ­та­ры, әлеу­меттік орындар, рудный­лық­тардың жетістіктері туралы мере­кеге жиналғандар алдында қандай салтанатпен айтса да жарасымды еді. Қаладағы әр ұжым салтанатты шерумен өтіп жатты. Мысалы, Рудный қаласындағы «Казогнеупор» зауыты – Қазақстандағы отқа төзімді кірпіш шығаратын бірден-бір өн­ді­ріс орны. Оның елімізде ба­ла­масы жоқ! Бұл бренд – руд­ный­лық­тардың мақтанышы. Үнемі өсіп отырған қалада бұл зауыт өткен ғасырдың 70-жылдары өнімін бере бастады. Зауыт жы­лына 130 миллион АҚШ дол­ларының өнімін, яғни 250 мың тонна отқа төзімді кірпіш шығарды. Оның өнімі экспортқа да өтімді.

– Біздің кәсіпорындағы жұ­мыс­­шылардың орташа еңбек өтілі 20 жылды құрайды, ортаны жастар толықтыруда. «Завод Каз­огнеупор» жауапкершілігі шек­теулі серіктестігі бүгінде маман­дар­ды өзіміздегі оқу орталығында дайындайды. Нарықты игерген кәсіпорынның біріміз, – дейді кәсіпорын директоры Сергей Темірболатов. «Мыңнан бір мезет» дегендей, бұл Рудный қала­сы­ның экономикалық-әлеуметтік өсуі­не ықпал ететін қуатты кәсіпорындар легінің бір мысалы ғана. 

Рудный қаласы тәуелсіз­д­і­гі­­міздің елең-алаңынан бас­тап, рухани жағынан да тү­леді. Кеңес Одағы жылдары тұр­ғындардың 2 пайызы ғана жер­гілікті ұлт болып саналған қа­лада қазір мемлекеттік тілде б­і­лім беретін мек­тептің саны үшеуге жетті. Атамекенге аңсап жет­­кен ағай­ындар да Рудный қа­­ласын құт­ты мекен етіп отыр. Өзбек­стан­нан қоныс аударған жастар да қала мерекесін зор қуанышпен қарсы алды. Медеу Жүсіпов осыдан жеті жыл бұрын Рудный қаласына келіп, өз мамандығы бойынша Соколов-Сарыбай кен өндіру бі­р­лестігіне жұмысқа тұрған болатын. Жас отбасы пәтер де ал­ды, келіншегі Мақпал дүкенге жұмысқа тұрды, балалары қазақ мектебінде оқып жатыр. Аталары аңсап өткен атамекенде жастар бақытын Рудный қаласынан тапты, құтты мекен болды. Кеншілер қаласының экономикалық қана емес, әлеуметтік саладағы, мә­де­ни, спорттағы жетістіктері Қа­зақ­стан­ның мақтанышына ай­на­луда. Екі Олимпиаданың қола жүл­дегері, атақты боксшы Иван Дычко бүгінде жастардың елік­тер ұстынына айналды. 

Ән мен күй әлдилеген қала мерекесінде облыс әкімі Архимед Мұхамбетов рудныйлықтар мен кеншілер қаласының қонақтарын мерейтоймен құттықтады. 

– Рудный 60 жыл ішінде ғажай­ып көркейіп, өзінің кел­беті бар, әсем қалаға айналды. Біз кеншілер қаласының тари­хын, дәстүрлерін, заманауи жетістік­те­рін мақтан етеміз. Қала мен кен өндіретін «Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігі» акционерлік қоғамының тағдыры бірге болды. Мұнда кеншілердің бірнеше тобы, ұрпағы тәрбиеленді, комбинат пен қала шежіресінде нағыз еңбек майталмандарының, білікті мамандардың қолтаңбасы қалды. Комбинат пен қаланың іргетасын қалаған, оның қалыптасуына мол үлес қосқан ардагерлерге олардың еңбегі мен перзенттік адалдығы үшін алғысымды айтамын! Рудныйдың шежіре тарихымен қатар, оның кемел болашағы, тамаша жетістіктері қуантады. Әсіресе, кеншілер Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың назарын ерекше аударады. Ол ком­бинаттың, қаланың жетіс­тік­­теріне қуанып отырады. «Со­ко­лов-Сарыбай кен өнді­ру бірлес­тігі» акционерлік қоға­мын­да инновациялық жобаларды жүзеге асыру арқасында оны дү­ние жүзі біледі, миллиондаған тон­на кен өндіреді. Ал көркейіп, гүл­­денген Рудный қаласы кенші­лер­дің құтты мекені. Қала жайнап, жасара беретін болады, – деді Архимед Бегежанұлы.

– Қаладағы өндіріс орында­ры, әлеуметтік нысандардың бар­лығы аға ұрпақ өкілдерінің қо­лымен салынды. Рудныйда ең­бекқор, қонақжай, өз қаласын шынайы сүйетін адамдар тұра­ды. Қала тұрғындарының саны бүгінде 130 мыңнан асты. Руд­ный­дың еңбек ерлігіне толы ше­жі­ресі жалғаса беретін болады, – деді қала әкімі Бақытжан Ғаязов мерекенің тілшілермен тілдескен бір сәтінде. 

Мерекеде қаладағы түрлі сала озат­тары, қала мақтаныштары об­лыс әкімі қолынан «Рудный қаласына 60 жыл» медалін алу құрметіне ие болды. Солардың бірі Рудный қалалық мемлекеттік архивінің басшысы Қымбат Тілеуованың да қуанышында шек болған жоқ. 
– Біз қала тарихы, шежіресі ар­хивте заманауи технологиялар­мен сақталуын мақсат етеміз. Қазір осыған қол жеткізіп отыр­мыз, – деді Қымбат Ділмұхам­бет­қызы.

Кеншілер қаласының тойы тамыз­дың мақпал түніне ұлас­ты. Қалалықтар әсем шаһарда қыд­ырды, жергілікті өнерпаздар мен эстрада жұлдыздарының кон­­цертін тамашалады. Қа­ла той­ын, мереке салтанатын паш ет­кен отшашулар әр руд­ный­лық­тың қуанышына айналды, жүректерден орын алды. 

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»

РУДНЫЙ 

Соңғы жаңалықтар