– Кеңес заманында, – деп бастады әңгімесін Әбілхан аға. – Одақ құрамындағы түркі тілдес халықтардың ұлттық спортын дамытуға шектеулі түрде көңіл бөлінді. Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Әзербайжан және Солтүстік Кавказ халықтары арасында сонау 70-жылдардан бастап, 1984 жылға дейін екі жылда бір рет, одан соң 1991 жылға дейін төрт жылда бір дүркін Бүкілодақтық ат спорты ойындары ұйымдастырылып, көкпардан КСРО чемпионаты өтіп тұрды.
– Әбеке, осы чемпионаттарға сіз үзбей қатыстыңыз ба?
– Әрине, 1980 жылдан бастап Қазақстан көкпар құрамасының капитаны ретінде 1991 жылға дейін чемпионатқа үзбей қатысып, тоғыз дүркін КСРО чемпионы атағына қол жеткіздім. Және бір басын ашып айтар дүние, аталмыш жарысқа үзбей қатысқан менен басқа қазақ жоқ. Басқа көкпаршылар жыл сайын белгілі себеппен алмасып отырды.
– Көкпарға қалай келдіңіз?
– Ұмытпасам 1980 жылы Қазығұрт ауданы «Күйік» совхозында шопандар слеті өтіп, осы жиын үстінде обкомның бірінші хатшысы Асанбай Асқаров көкпаршылардың облыстық құрамасын жасақтауды тапсырды. Осы құрама сапына алындым. Кешікпей бізді ҚазКСР Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Зайнутдинов қабылдап, Бүкілодақтық ат ойындары спартакиадасына қатысуға ұсыныс жасады. Өйткені, бұған дейін спартакиадада көкпардан тәжіктер 15 мәрте, өзбектер 8 мәрте, қырғыздар 2 мәрте КСРО чемпионы атанып, қазақтар жүлденің қарасын көре алмай, қапы қалып жүрген заман екен.
– Содан...
– Содан мен бас болып оңтүстікке танымал көкпаршылар Әбдіғаппар, Зұлпықар, Рахметолла, Тілеубек бәріміз атқа қондық. ХХІІІ Бүкілодақтық жарысқа жұтынып бардық. Алғашқы сайыста бізге бұған дейін жан баласын бет қаратпай тұрған тәжіктер тап болды. «Тайлалап» ұрандаған тәжік шабандоздары қазақтарды қалпақпен ұрып аламыз деп ойлаған болуы керек, бірақ жағдай олай болмады. Оларды тасырлатып алаңнан айдап шықтық. Күллі Одақ аң-таң. Кешікпей қырғыздар да тәжіктің кебін киді. Сөйтіп, тарихта тұңғыш рет қазақ шабандоздары 1980 жылы КСРО чемпионы атандық.
– Чемпиондық даңғыл осылай басталды деңіз...
– Иә. Келесі 1982 жылы жарыс Краснодар қаласында өтті. Медетбек, Әбдіғаппар, Зұлпықар, Үсен, Төлеш, Саттархан, Ораз, Тілеубек және мен бар қазақ жігіттері екінші рет чемпион атандық. 1984 жылы үшінші дүркін жеңіс тұғырына көтерілдік. Бұл жетістік 1986 жылы тағы қайталанды. Бір жолы Әзербайжан құрамасымен болған сайыста менің үш қабырғам сынып кетіп, жарыстан шеттетілдім. Біздің жігіттер финалда тәжіктермен ойнайтын болды. Мен жоқ, ойын барысы өзгеріп сала берді. Тәжіктер тықсырып барады. Сол тұста Меделбек: «Ей, Әбілхан, жаның бар болса, ортаға шық!» деп айғай салды. Сынған үш қабырғаны шандып таңып алып, алаңға атып шықтым. Тәжіктердің көбесі сөгіліп жүре берді. Осылай 1991-ге дейін Одақтың төрінде тоғыз дүркін топ жардық, қарағым.
– Жас кезіңізде даланың дода көкпарына да көп түстіңіз бе?
– Түстім.
– Соның ішінде ерекше есте қалғаны?
– 1979 жылы қасымда мықты шабандоз Медетбек бар қырғыз астық. Сол тартыста салымға тігілген бес жылқыны қатарынан ұтып алдым. Одан кейін еліміз тәуелсіздік алған жылдары оңтүстікте салымға машина тігіле бастады. Алғаш рет 1994 жылы мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың туғанына 100 жыл толуына орай өткізілген көкпарға «Жигули» қойылды. Ақыры алғашқы машинаны мен мініп кеттім.
– Сіз елордада өтіп жатқан көкпардан әлем чемпионатын көріп отырсыз. Сайыстың сырттаны ретінде не айтасыз?
– Қазақ «біткен іске сыншы көп» демей ме, шүкір, жақсы өтіп жатыр. Бұл елдіктің беделі мен берекесіне қажет дүние деп ойлаймын. Әрине, бұл сайыста баяғыдан көкпар тартып үйренген қазақ, қырғыздың кәсіби деңгейі биік екені байқалып тұр. Тәжік пен моңғол да жаман емес.
– Бұған дейін мұндай мәртебелі жарыстарда салым қазандыққа салынып келді. Қазір шеңберге шауып жатыр. Қайсысы дұрыс?
– Бірден айтайын, шеңбер дұрыс. Қазандық бұрын болмаған, бертінде көрермен тарту үшін жасалған шоу емес пе? Негізі ұлттық спорт ойындарының ескі дәстүрін бұзбаған жөн деп ойлаймын.
– Бұл чемпионатта қай елдің командасы жеңіс тұғырынан көрінеді деп ойлайсыз?
– Жеңіс тұғырына қайсы шығарын білмеймін, финалдық кездесу Қазақстан мен Қырғызстан командалары арасында өтері нақ. Өйткені, бұл екі команда көкпаршылары сайыс машығына әбден жаттыққан өздерінің аттарын мініп шықты. Басқа командалар кісінің атын мініп жүр. Естеріңде болсын, көкпаршы көкпарды тек өз атымен тартады. Ат пен адам үйлесу үшін аз дегенде екі ай керек. Атың мықты болса, ешкі түгілі тана тартуға болады.
Әңгімелескен
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»