Қазақстан • 30 Тамыз, 2017

Астанада оңтүстікқазақстандық ақын-жазушылармен шығармашылық кездесу өтті

460 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев аталған облыстың Астана қаласындағы күндері аясында өткен аймақ ақын-жазушыларының шығармашылық кездесуі мен «Тұлға. Тәуелсіздік. Тарих», «Жаһан таныған жеті тұлға» атты кітап көрмесінің тұсаукесерінде осылай деп атап көрсетті.  

 

Астанада оңтүстікқазақстандық ақын-жазушылармен шығармашылық кездесу өтті

Ұлттық академиялық кітап­ханада өткен кездесудің мақсаты тәуел­сіз еліміздің бірегей жеңісі­нің, халықаралық аренадағы жетіс­тігінің бірі, төрткүл дүние көз тік­кен дүниежүзілік басты оқи­ға – ЭКСПО-2017 халықаралық ма­мандандырылған көрмесіне қолдау көрсету. Осынау айтулы оқиғаға орай, оңтүстікқазақстандық қа­лам­герлер астаналық оқырман қауым­мен Елбасының «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» мақаласын тал­қылап, сыр-сұхбат құрып, ой бөлісті.

«Рухани жаңғыру – болашақтың кепілі» атты іс-шараға бас қаладан мейман ретінде белгілі тұлғалар Оразкүл Асанғазы, Ғарифолла Есім, Мырзагелді Кемел, Қалқаман Сарин, Гүлғайша Сағидолла  қатысса, күнгейлік рухани топтың басы-қасында Еркінбек Тұрысов, Мархабат Байғұт, Ханбибі Есен­қара, Әселхан Қалыбекова, Бақыт­жан Алдияр, Дәурен Айманбетов және Мұқағали Кенжетайұлы болды. Кешті ақын Қабылбек Төретай жүргізіп отырды. 

Жиында сөз бастаған облыс басшысы Жансейіт Түймебаев Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы жайлы ойын білдіріп, тұсауы кесіліп отырған кітаптар көрмесіндегі әрбір шығармаға ерекше тоқталып өтті. 

«Біз кезінде ерікті, еріксіз алыстап кеткен өз рухани құндылықтарымызға қайта оралып жатқан жұртпыз. «Рухани жаңғыру» соның көрінісі. Қазіргі кезде рухани жаңғыру аясында әдебиет мәселесіне қатысты өрелі ойлар ортаға салынып жатыр. Әрбір өңір үшін әдеби ортаның шығармашылық әлеуетін көтеру оларға тың серпін береді. Аймақта түрлі республикалық деңгейдегі мереке, айтулы күндерге орай, сон­дай-ақ, өлкені таныту мақсатында да түрлі кітаптар шығарылып тұ­ра­ды. Бүгін тұсауы кесілгелі отырған екі кітап соған дәлел», деді ол. 

Сонымен, «Жаһан таныған жеті тұлға» кітабы жайлы толы­ғы­рақ тарқатсақ, оның өзі бөлекше бітімді, мазмұны мен маңызы өзге­ше туынды. Онда жан-жақты таныған, күллі жер жүзі кемең­герлер ретінде мойындаған, адам­заттың, әлемдегі мерейлі мемлекет­тердің тағдыры мен тарихында теңдессіз рөл атқарған және атқарып келе жатқан жарқын да жасампаз тұлғалар бейнеленген. Жеті алып та – айрықша алыптар, қайталанбас құбылыстар. Олар: Нұрсұлтан Назарбаев, Джордж Вашингтон, Махатма Ганди, Уинстон Черчилль, Мұстафа Кемал Ататүрік, Шарль Де Голль және Ли Куан Ю. Кітапта «Ғибрат ғұмыр үздіктері» деген тақырыппен титан тұлғалардың әрқайсысына мәнісі терең мінездемелер берілген. Әрине, олардың ортасынан ойып тұрып орын алған Ұлы Дала перзенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тәуелсіз Қазақ елін қалыптастырудағы қиын да күрделі кезеңдерден жол тауып шыққандығы айрықша баяндалады. Авторы Абай Ескендіров 656 беттен тұратын бұл кітапты  4 жылда жазып шыққан. 

Ал «Тұлға. Тәуелсіздік. Тарих» – «Личность. Неза­ви­симость. История» кітабы үш бөлімнен тұрады. Аталған туын­дыдағы «Ордабасыға оралу» деген алғашқы бөлімде Елба­сының қасиетті мекенге табан тірегені туралы толғанатын тұс­тар жан-жақты қамтылған. Кітаптың екінші бөлімінде Елба­сымыздың шетел басшыларымен оңтүстіктегі кездесулері сәтті суреттерімен  әңгімеге арқау болған. Ал үшінші бөлім­де Мемлекет басшысының өңірге 1991 жылдан басталған са­парлары жан-жақты баяндалады. Басылымға таяудағы оңтүстік өңіріне жасаған сәуірдегі сапары да енгізіліп отыр. Кітап екі тілде шыққан. 

Айгүл СЕЙІЛ, 
«Егемен Қазақстан»

 

Соңғы жаңалықтар