
Еліміз тәуелсіздік жылдары тамаша табыстарға қол жеткізді, халықаралық беделді ұйымдар төрінен орын алды. Қазақстанды дүниежүзі мойындады. Бұл күнде Астанада өтіп жатқан ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі соның нақты дәлелі екені айдан анық. Қостанай облысы еліміздің экономикалық және әлеуметтік жағынан гүлденуіне қомақты үлес қосып келеді. Қазақстанда өндірілген алтын астықтың төрттен бірін Қостанай облысы береді. Елімізде ұн өндіруден Қостанай облысы алдына қара салған жоқ, азық-түліктің басқа түрлерін өндіруде де ол алдыңғы орындардан көрінеді. Кен өндіру, машина жасау, ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу жөнінен де Қостанай индустриялық аймақтар қатарына қосылған. Тәуелсіздік толайым табыстарымызбен де нығайып келеді.
Конституция осындай бай да, бейбіт елде тұрып жатқан адамдарға жақсы тұрудың және бақытты болашағымыздың барлық мүмкіндіктерін берді. Біз жас ұрпақтың келешегін ойласақ, Конституция берген мүмкіндіктер мен кепілдіктердің қадіріне жетуіміз қажет. Өйткені уақыт, заман түрлі болуы ықтимал. Біз өмір сүріп отырған жаһандану үдерісі соны меңзейді. Тәуелсіздіктің елең-алаңында, еліміз басынан дағдарыс кезеңін өткізген кезеңде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет үшін көптеген жауапкершілікті өз мойнына ала білді. Белес-белес қиындықтардан халқын аман алып шықты, тәуелсіз мемлекеттің іргетасын қалады. Енді жас ұрпақ Тәуелсіздіктің тұғырын нықтау үшін рухани жаңғыру керек.
«Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында Нұрсұлтан Әбішұлы оның бағыт-бағдарларын көрсетіп берді. Осыған орай облыста жан сүйсінерлік жұмыстар бастау алды. Бүгінгі ұрпақ аталар салған ізді жоғалтпауы тиіс: ол – халқымыздың тілі, діні, дәстүрі, тарихы. Конституция күні қарсаңында облыстың барлық шалғайында жүргізілген жұмыстар осыны бағдаршам етіп алғаны қуантады. Жастар өткізген дөңгелек үстел, ұлттық ойындар, айтыстар, ұрпақтар өкілдерінің кездесуі секілді түрлі шаралар жұрттың көңіліндегіні дөп тапқандай болды. Конституция берген кепілдіктерге берер жауап осылай болса керек-ті.
Александра СУСЛОВА,
Қостанай облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы қоғамдық келісім кеңесінің төрайымы