
Елбасы еліміздің әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу үшін жаңғыру процесінің ХХІ ғасырдағы ұлттық сана туралы және таяу жылдардағы екі нақты мақсат-міндеттерін айқын көрсетіп берді. Қазақстан халқын нақты мақсатқа жетелейтін осындай бағдарламалар ғана дамудың биік шыңдарын бағындырары сөзсіз. Елбасы прагматизм қанымызға сіңген көптеген дағдылар мен таптаурын болған қасаң қағидаларды өзгертпейінше, біздің толыққанды жаңғыруымыз мүмкін емес екенін жан-жақты ашып көрсетті. Яғни, прагматизм – өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемді пайдаланып, болашағыңды соған сәйкес жоспарлай алу, ысырапшылдық пен астамшылыққа жол бермеу екенін мәлімдеді.
Елбасы мақаласының «Білімнің салтанат құруы» бөлімінде білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу біздің қанымызда бар қасиет екенін баяндайды. Яғни, табысты болудың басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді. Бұл орайда, Елбасымыз жастарға, білім саласында еңбек ететін ұстаздарға үлкен жауапкершілік жүгін ғана емес, нық сенім де артып отыр. Яғни, өскелең жас ұрпақты ХХІ ғасырдың талаптарына сай даярлаудың қамы, үш тілде білім беру, өз Отаны, өз елі, өз жеріне деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу – бүгінгі маманның басты міндеті.
Мен үшін ұлттың, ұрпақтың патриоттық рухын жаңғыртуда Елбасының «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» атты бағдарламасының мәні өте зор. Өйткені, өлкетану жұмыстарын жандандырып, туған жерді түлету кешенді іс-шараның бірі деуге болады. Егер бұл бағдарлама әр облыста, ауданда, қалада, қала берді, ауылдық жерлерде де жүзеге асатын болса, бүкіл Қазақстан халқы үшін игі іс-шараның бірі болмақ.
Мен өлкетану ғылымымен ұстаздық еткен жылдарымнан бері айналысып келемін. 17 жылдан аса атқарған ұстаздық еңбегімде балаға әр география сабағында өз өлкесін таныстырып оқыту келешек білімді жастардың өз туған жеріне деген сүйіспеншілігін арттырып қоймай, табиғат байлығына деген қамқорлығын да арттыратынын аңғардым. Ұстаздық қызметім біртіндеп ғылымға құштарлығы оянған оқушылармен бірігіп, зерттеу жұмыстарымен айналысуға ұласты. Ол зерттеу жұмыстары облыстық, республикалық ғылыми жобаларда жүлделі орындарға ие болды.
Сол еңбектің, ізденістің соңы менің өз өлкеміздің география оқу құралы мен картасын шығаруыма итермеледі. Ол оқу құралы мен картасы 2002 жылдан бері Зайсан ауданының мектептерінде география пәніне қосымша құрал ретінде оқытылуда. Өз жерімнен көшіп, басқа қалаға қоныс аударсам да, менің өз жеріме деген сүйіспеншілігім арта түспесе, кеміген емес. Керісінше, ізденіске деген құштарлығым ояна түсті. Сондықтан өлкетану оқу құралын кешенді оқытуды жоспарлап, 2016 жылы Зайсан ауданының хрестоматиясын шығардым. Хрестоматияда Зайсан ауданының алғаш құрылған уақытынан бастап, сол кездегі өндірістердің қалай жұмыс істегенін, қандай өнімдер шығарылып, халық игілігіне жарағанын, ал бүгінгі жұмыс істеп жатқан өндірістердің қалай өркендеп, қандай бағытта дамып жатқанын ашып көрсетуге тырыстым. Енді алдағы уақытта жарыққа шығарсам деп жоспарлап жүрген «Зайсан ауданының физикалық экономикалық географиясын» мультимедиялық электронды оқу құралы ретінде шығаруға 3 жылдан бері видео-түсірілім дайындау үстіндемін. Жасалып жатқан мультимедиялық оқу құралы оқушының баруға қиын аймақтарын да өз көздерімен көріп, оқуына үлкен мүмкіндік берері сөзсіз. Әр атқарылатын істің өз қиындығы бар дегендей, Елбасының «Туған жер» бағдарламасының іске асуында кездесетін түрлі қиындық туғызатын жайлардың да орын алатынын көрегендікпен жазғанына таңғалдым. Содан соң-ақ осы атқарып жүрген ісіме кедергі келтіретін қиындық атаулыны бірден жойып жібергендей сезімде болдым.
Нұрсұлтан Әбішұлының «Туған жер» бағдарламасы жалпыұлттық патротизмнің нағыз өзегіне айналатын бағдарлама екені анық. Туған жерге деген сүйспеншілік өз еліңе деген патриоттық сезімге ұласпақ. Жергілікті нысандар мен елді мекендерге бағытталған «Туған жер» бағдарламасынан бөлек, біз халықтың санасына одан да маңыздырақ жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіруге тиіспіз. Ол үшін «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы керек деген үндеуін қолдайтынымды және оның толығымен орындалуына бар күш-жігерімді салатынымды жеткізгім келеді.
Күлзада ЫСҚАҚОВА
АЛМАТЫ