Парламент • 02 Қыркүйек, 2017

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VI Съезі Астанада өтеді

432 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев «ЭКСПО-2017» көрмесіндегі Ватиканның Ұлттық күнінің ашылу салтанатында сөз сөйледі. 

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VI Съезі Астанада өтеді

Қ.Тоқаев Халықаралық мамандандырылған көрмеге қатысқаны үшін Киелі Таққа алғыс айта келіп, Қазақстан «ЭКСПО-2017» көрмесін біздің ғаламшардың келешегі үшін «таза энергетиканы» дамыту идеясын ілгерілетуге арналған жаһандық алаң ретінде қарастыратынын атап өтті. Көрмеге 115 ел мен 22 халықаралық ұйым қатысуда, келушілердің саны, оның ішінде әлемнің басқа да елдерінен келгендерді қосқанда, үш миллионнан асып кетті. «Біздің Елордамызда осындай ауқымды шараны ұйымдастыру туралы бастаманы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев көтерген болатын», - деп атап өтті Сенат Төрағасы.

Қ.Тоқаев «жасыл технологияларды» қолданудағы Ватиканның жетістіктері көптеген елдерге лайықты үлгі екенін айтты. Ватикан павильоны энергетика мәселелерін материалдық тұрғыдан ғана емес, рухани тұрғыда да іздестіруге шақыруды паш ететініне назар аударылды. Бұл жерде біздің ғаламшардың келешегі жолындағы адамның негізгі рөлі мен жауапкершілігі туралы сөз болып отыр.

Парламент жоғарғы Палатасының басшысы дипломатиялық қатынастар орнатқанына биыл 25 жыл толғанын атап өтетін Қазақстан мен Ватикан жан-жақты өзара іс-қимыл мен сенімді үнқатысу қалыптастырғанын еске салды.

«Қазақстан Рим Папасы келген Орталық Азиядағы бірден-бір мемлекет болып отыр. Біз оны ел ішінде ғана емес, халықаралық қоғамдастықта да Қазақстанның бейбітшіл саясатының нәтижесін нақтылайтын ерекше оқиға ретінде бағалаймыз», – деді Қ.Тоқаев.

Сенат Төрағасы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезін жан-жақты қолдағаны және оған белсенді қатысқаны үшін Рим-католик шіркеуіне ризашылық білдірді. Бұл форум көрнекті діни қайраткерлер мен саясаткерлер, халықаралық ұйымдардың басшылары қазіргі замандағы аса маңызды мәселелер бойынша пікір алмасатын әйгілі үнқатысу алаңына айналды. Келесі VI Съезі 2018 жылы 10-11 қазанда Астанада өткізу жоспарланды. Форумның басты тақырыбы: «Діни көшбасшылар қауіпсіз әлем жолында» деп аталады.

Сол күні Қ. Тоқаев ЭКСПО-2017 көрмесіндегі Ватикан секциясының комиссары, Әділеттілік және бейбітшілік жөніндегі Папа кеңесінің төрағасы кардинал Питер Тёрксонмен кездесті. Жүздесушілер екіжақты ынтымақтастықтың келешегі мен дінаралық үнқатысуды дамытуды талқылады.