ЭКСПО-2017 • 04 Қыркүйек, 2017

ЭКСПО-2017 көрмесінде испан тілі күні өтті

81 реткөрсетілді

ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі аумағындағы Испания Корольдігінің павильонында испан тілінің күні өтті. Шара барысында қонақтар испан тілінің сабағына қатысып, әдебиеті туралы дәрісті тыңдады. Сондай-ақ, музыкалық дуэттің өнерін тамашалады. 

«Испан тілінде ғалам­шары­мыз­дағы 500 миллионнан аса адам тілдеседі. Осы тілді білу кез келген салада қажетке жарай­ды. Испан ті­лін білетін адам Ривьера Майя не­месе Галапагосс аралдары сынды испан тілінде сөйлейтін көрікті елдерге еркін саяхат жасап, тілдесу жағынан еш қиындық сезінбейтін болады», дейді Мәскеудегі Сер­вантес институтының директоры Абель Мурсия.

Басқосуда институт өкілдері испан тілі білімін растайтын ресми құжатты қалай алуға болатындығы жайында арнайы сессия өткізді. Қалаған адам өзі­нің тіл деңгейін тек­серіп, DELE испан тілінің дип­ломы мен тіл меңгеру деңгейін бағалайтын SIELE халықаралық сервисінің электронды сертифика­ты сынды бүкіл әлемде мойын­дал­ған құжаттарды алу үшін емти­хан­дарды қалай тапсыру қажет еке­ндігі жөнінде ақпарат алды.

Испан тілінің күнінде әдебиет те әңгімеге арқау болды. Оқу ор­ны­ның мәдениет бөлімі жетек­ші­сі Татьяна Пигарёва Мигель Сер­вантестің «Ламанчтық айлакер идальго Дон Кихот» романының бас кейіпкерінің қазіргі замандағы интерпретациясы туралы дәріс оқыды.

«20 ғасырда Дон Кихоттың бей­несі өз ісіңе нық сеніммен қа­рау идеясымен тығыз ұштасты. Қазіргі заманымызда Дон Кихот бүгінгі өркениеттің бас бейнесіне айналып отыр. Егер адам өз ісі­не сенсе, ол біздің өмірдегі қан­дай қиындық болмасын, әлбетте, жеңе алады деген ой жатыр. Испания павильонының тақырыбы климатты жандан­дыруға, экологиялық көзқарастың жеңісіне арналған. Ал бұл – нағыз донкихоттық мақсат. Әлемді жұтатқан техногендік өрке­ни­етте қалай жеңіске жетуге болады? Адамзат тірі ғаламшарда өмір сүруі қажет деген донкихоттық сенім ғана адамдардың экология мен энергияға қатысты көз­қарасын өзгерте алады», деді Т.Пигарёва.

Шара кезінде Испанияның мәдени және туристік мұрасы бейнеленген 90 шаршы метрлік интерактивті карта таныстырылды. Содан кейін испаниялық музыканттар – сазгер әрі әнші Мария Арналь мен гитарашы Марсель Бажес өнер көрсетті. 

Асхат Райқұл,

"Егемен Қазақстан"

 

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Жаңа кітаптың тұсаукесері өтті

Аймақтар • Бүгін, 18:03

Ұқсас жаңалықтар