Парламент • 04 Қыркүйек, 2017

Сенат жаңарған құрамда жұмысқа кірісті

216 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Парламенттің жаңа сессиясындағы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен болған Сенаттың алғашқы отырысында бірқатар ұйымдастыру және кадрлық мәселелер қаралды.

Сенат жаңарған құрамда жұмысқа кірісті

Қ. Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Президент Н. Назарбаев депутаттарға алда тұрған аса маңызды ауқымды міндеттер туралы жан-жақты түсіндіргенін атап өтті. «Мемлекетіміздің өркендеуі мен халқымыздың игілігі жолында депутаттық корпус Үкіметпен тығыз байланыста жұмыс жүргізіп, Елбасы белгілеген міндеттерді орындауда, заңнамалық жағынан дер кезінде және сапалы қамтамасыз етеді деп сенемін», - деді Сенат Төрағасы.

Қ.Тоқаев жаңадан сайланған депутаттарды құттықтады және аса жауапты қызметтерінің табысты болуына тілектестігін білдіре келіп,  бұл Президенттің, халықтың зор сенімінің көрінісі екенін атап өтті.

Жаңа сенаторлар ант қабылдағаннан кейін Палата тұрақты комитеттердің жетекшілері мен мүшелерін сайлады. Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетіне Георгий Ким; Қаржы және бюджет комитетіне Ольга Перепечина; Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетіне Дариға Назарбаева; Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетіне Асқар Бейсенбаев; Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетіне Бірғаным Әйтімова; Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетіне Жеңіс Нұрғалиев жетекшілік ететін болды.

Жаңа конституциялық өкілеттіктеріне сәйкес сенаторлар алғаш рет Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл қызметіне Асқар Шәкіровты сайлады.