Жиынды ашқан Сенат Төрағасы «Еліміздің өркендеуі мен халқымыздың игілігі жолында депутаттық корпус Үкіметпен тығыз байланыста жұмыс жүргізіп, Елбасы белгілеген міндеттерді орындауда, заңнамалық жағынан дер кезінде және сапалы қамтамасыз етеді деп сенемін», деді.
Содан кейін жаңадан сайланған 16 депутат пен Президент тағайындаған 4 депутат ант бердi. Өз кезегінде Төраға Қ.Тоқаев осы кезге дейін Парламент Сенатында 6 тұрақты комитет қалыпты жағдайда жұмыс істеп келгендігін және оның саны мен атауын өзгертпей-ақ, жұмысты жалғастыру жөнінде ұсыныс білдірді. «Қазақстан Республикасы Парламентінің комитеттері мен комиссиялары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 3-бабына және Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Регламентінің 106-тармағына сәйкес, Сенатта алты тұрақты комитет құрылатын болады. Алайда, біз бүгінге дейінгі комитеттердің тиісті деңгейде жұмыс жүргізгенін ескере отырып, олардың саны мен атауын өзгеріссіз қалдырсақ деген ойдамыз», – деді Сенат спикері.
Қ.Тоқаевтың бұл ұсынысы депутаттар тарапынан бірауыздан мақұлданды. Сөйтіп, депутаттардың ашық дауысқа салу әдісі арқылы Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетіне Георгий Ким, Қаржы және бюджет комитетіне Ольга Перепечина, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетіне Дариға Назарбаева, Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетіне Асқар Бейсенбаев, Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетіне Бірғаным Әйтімова, Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетіне Жеңіс Нұрғалиев жетекшілік ететін болды.
Сондай-ақ, күн тәртібінде қаралған мәселелердің бірі ретінде жаңа конституциялық өкілеттіктеріне сәйкес сенаторлар алғаш рет Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл қызметіне Асқар Шәкіровті сайлады.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Суретті түсірген
Ерлан ОМАР,
«Егемен Қазақстан»