болып есептелген 1939 жылғы Қазақстан халқы туралы мәліметтер не дейді? Халық санақтары мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық, мәдени, әсіресе демографиялық жағдайын анықтау, осы салалардағы жетістіктер мен кемшіліктерді білу, соның нәтижесінде болашақта жүргізілетін саясат пен нақты іс-шараларды жоспарлау үшін жүргізіледі. Қазақстан халқы өз тарихында осындай көптеген шараларға қатысып, соның куәгері болды. Солардың ең күрделілері 1897 жылғы Ресей империясы халқының жан-жақты санағы мен Кеңес өкіметі өткізген 1926, 1937 және 1939 жылдардағы Бүкілодақтық халық санақтары дер едік. Өкінішке қарай, 1937 және 1939 жылғы санақ мәліметтері жарияланбақ түгілі, көпке дейін құпия сақталып келді. Ал 1937 жылғы халық санағын жүргізгендердің көбі қуғынға ұшырап, басшылары “халық жауы” деген атқа ұшырап, сотталды, атылды. Себебі, бұл шара Кеңес өкіметі мен оның басшыларының күткен үмітін ақтамады. И.В.Сталин ХVІІ партия съезінде жасаған баяндамасында Кеңес Одағының халқы 1933 жылдың соңында 168 млн-ға жетті деп мәлімдесе, Мемлекеттік жоспарлау комиссиясының болжамы бойынша Одақ халқы 1937 жылдың басында 180,7 млн. болуы керек еді. 1937 жылғы халық санағы Кеңес Одағында тек 162 млн адам бар екенін көрсетіп, бұл цифр билік басындағыларды әрі-сәрі күйге қалдырды. Ақыры олар санақ мәліметтері шикі, мұны “халық жаулары” әдейі бұрмалаған, дұрыс жүргізілмеген деп тапты да, бүкіл деректі құпия сақтауға нұсқау берілді.
1939 жылғы Бүкілодақтық халық санағы 1937 жылғы осындай шараның қателерін түзетіп, “социализмнің ұлы табыстарын бүкіл әлемге жариялау үшін” жүргізілді. Дегенмен ол да Одақ халқының жоспарлағандағыдан көп өспегенін көрсеткен соң, әсіресе ауыл шаруашылығын күштеп ұжымдастыру саясатының кесірінен болған 1932-1933 жылғы ашаршылықтың салдарынан халықтың көп қырылғаны анықталғаннан кейін, бұл істің де нәтижесі жарияланбады. Мәліметтері күні кешеге дейін құпия қорларда сақталып келді.
Аталмыш екі санақтың басты қорытындылары тек Одақ тарап, Кеңес өкіметі құлаған соң ғана, онда да оның қысқарған түрлері жарық көрді. Айта кету керек, бұл мәліметтерді жариялауға Ресей Ғылым академиясындағы Ресей тарихы институтында жұмыс істейтін академик Ю.А. Поляков пен тарих ғылымдарының докторы В.Б. Жиромская жетекшілік еткен бір топ ғалымдар көп еңбек сіңірді.
КСРО кезіндегі жағдай жоғарыдағыдай болғандықтан, Қазақстанда 1939 жылғы халық санағы туралы мәлімет жоқтың қасы дерлік-тін. Тек республиканың Орталық мемлекеттік мұрағатында бірнеше іс қана бар екен. Бірақ олардан еліміз халқының сол кездегі демографиялық және әлеуметтік дамуы жөнінде толық ақпарат алу мүмкін емес-тін. Бір білгеніміз, 1937 және 1939 жылдардағы Бүкілодақтық санақтардың Қазақстан жөніндегі мәліметтері Мәскеудегі Ресей Мемлекеттік экономика мұрағатында (Кеңес Одағы жоспарлау комиссиясы Орталық халықшаруашылық есеп басқармасының 1562-қорындағы, 329 және 336-тізімдерінде) көп жылдар бойы құпия сақталып келіпті. 2008 жылы Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғылыми қызметкерлері біздер Ресей астанасына сапар шегіп барып, 1937 және 1939 жылдардағы Бүкілодақтық халық санақтарының Қазақстанға қатысты мәліметтерінің 2,5 мың беттен асатын көшірмесін алып келдік. Қазір осындағы басты-басты қорытындыларды Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің тікелей қолдауымен “Арыс” баспасынан бес том етіп жариялауға кірісіп жатырмыз.
Төменде біз сол көп жылдар бойы құпия болған 1939 жылғы Бүкілодақтық халық санағының Қазақстан бойынша қорытындыларының аса қажеттілерін оқырмандар назарына жеткізгенді жөн көрдік.
Қазақстан халқының саны. 1926-1932 жылдар арасында Қазақстан халқы бар болғаны 77,1 мың адамға, 1,3% ғана өсті (6 151 102 адам), яғни 12 жыл ішінде жыл сайын 0,1%-ға өсіп отырған. Тіпті мына 6 облыстың халқы төмендегідей азайып кеткен: Павлодар – 32,1%-ға, Қостанай – 23,1%, Ақмола – 14,4%, Батыс Қазақстан – 10,2%, Ақтөбе – 7,7%, Семей – 9,8%. Кейбір облыстар халқының аздап өскені де бар. Олар: Қарағанды – 11,8%, Оңтүстік Қазақстан – 22,2%, Шығыс Қазақстан – 18,8%, Солтүстік Қазақстан – 12,2% және т.б. Бұл Кеңес өкіметінің ауыл шаруашылығын күштеп ұжымдастыру мен қазақтарды отырықшылыққа орналастырудағы солақай саясатының салдарынан 1931-1933 жылдары болған жаппай ашаршылықтағы демографиялық апаттың қасіретті көрінісі еді. Қазақ АССР халықшаруашылық есеп басқармасы мәліметі бойынша, тек 1930-1933 жылдары республика халқы 3 479,5 мың адамға (5 873 мыңнан 2 493,5 мыңға), яғни 59,2%-ға азайып кеткен. Жоғарыда көрсетілгендей, ашаршылықтың ең көп құрбаны болған Батыс, Солтүстік және Шығыс аймақтардың қазақтары еді.
1926-1939 жылдар аралығында Кеңес Одағында тұрғындар саны 16%-ға артыпты. Сол тұста Армения халқы 45,5%-ға, Тәжікстан халқы 43,8%-ға, Әзірбайжан халқы 38,5%-ға, Өзбекстан халқы 37,4%-ға, Түркіменстан халқы 25,4%-ға, РКФСР халқы 17,1%-ға өскен. Қазақстаннан кейінгі халық санының өсімі төмен көрсеткішке Украина ие болыпты. Ол небәрі 6,6%-ға жеткен, яғни Одақ халқы жыл сайын 1,3%-ға өссе, Украина 0,55%-ға тең болған.
Қазақстан халқының жасы мен жыныс құрамында да күрделі өзгерістер болды. Ерлердің әйелдер үлесінен басымдығы күшеюі, балалар мен 19-ға дейінгі жастардың және 50-ден асқандардың Одақ деңгейінен де, 1926 жылғы санақ көрсеткішінен де төмендеуі, сонымен бірге, еңбекке ең қабілетті топтардың көрсеткіші жоғары болуы сияқты ерекшеліктер көрініс берді. Ерлердің үлесі 51,2%-дан 52,07%-ға дейін көтерілді, ал әйелдердің үлесі 48,8%-дан 47,9%-ға дейін төмендеді. Осы жылдар арасында ерлердің саны 93 мыңға жуық өссе, әйелдердің саны 16 мыңнан астамға азайды. Бұл 1931-1933 жылдарғы жаппай ашаршылықтың зардабы ғана емес-тін, сырттан келген көші-қонның, әсіресе оның ішінде орыс, украин және беларусь ұлттары өкілдерінің арасында ауыр еңбекке жарамды ерлердің басым болғаны да күшті әсер етті, яғни Қазақстанға келген мигранттардың арасында ерлер басым болды. Олардың үлесі орыстарда 52,4%, украиндарда – 52,3%, беларусьтарда тіпті 78,2%-ға жетті. Қазақтарда да бұл көрсеткіш 52,1%, басқа түркі ұлттары өкілдерінде де осы деңгейде еді: өзбектерде – 52,2%, татарларда – 51,7%, ұйғырларда – 51,1%, әзірбайжандарда – 68,2%, кәрістерде де (51,8%) ерлер басым еді. Тек немістерде – 49,0%, поляктарда – 47,9% болды.
Қазақстан халқының жас ерекшеліктері де белгілі бола бастады. Республикада балалар мен 19 жасқа дейінгілердің үлесі 42,2%-ға теңелсе, бұл 1926 жылы 6,2%, ал 1939 жылы Одақ деңгейінен 2,7% төмен болды. Мұны да сол 1931-1933 жылдарғы жаппай ашаршылықтың салдары деп қарау керек. Себебі демографиялық апатқа ең алдымен әлеуметтік жағынан қорғансыз: балалар мен жастардың ұшырайтыны айтпасақ та белгілі ғой. Ел ішінде еңбекке жарамды жастағылар үлесі 1926 жылғы деңгейінен де, Одақ бойынша көрсеткіштен де жоғары екені байқалды. Мысалы, Қазақстанда 20-29 жастағы тұрғындар 20,7%, 30-39 жастағылар – 16,3%, 40-49 жастағылар 9,5%, бәрі – 46,5% болса, 1926 жылмен салыстырғанда 7,2% жоғары, ал Одақ деңгейінен 4,4% көп екен. Бұл жағдайды сырттан келген көші-қон толқынында ауыр еңбекке жарамды адамдардың басым болғандығымен түсіндірген дұрыс. Бұған керісінше, 50-ден асқан ересек жастағы топтардағы тұрғындар үлесі (50-59 жастағылар – 6,0%, 60 және одан ересектер – 5,1%) 1926 жыл мен 1939 жылғы Одақ деңгейінен 1,4% төмен болғаны байқалады. Себебі, бұл жастағы топтардың басым көпшілігі жергілікті тұрғындар, негізінен қазақтар, яғни 1918 және 1921 жылдардағы ашаршылықтан, әсіресе 1931-1933 жылдардағы апаттан аман қалғандар еді.
1939 жылғы санақта Қазақстан халқының территориялық орналасуында, яғни қалалық және селолық мекендерге шоғырлануында күрделі өзгерістер мен ерекшеліктер болғаны байқалды. Ең алдымен республикада жеделдетілген индустрия бағытындағы іс-шаралар нәтижесінде және кеңшарлар мен мәшине-трактор станцияларының құрылу екпініне байланысты қала мен ауыл тұрғындары арасындағы үлес салмағы елеулі өзгеріске түсті. 1926 жылдан 1939 жылға дейінгі аралықта қала тұрғындарының саны 3 еседен артық өсіп, олардың үлес салмағы Қазақстан халқының 27,8%-ын құрады. Соған орай, ауыл тұрғындарының саны 20%-ға азайып, 72,2%-ға төмендеді.
Қала тұрғындарының үлес салмағы Қазақстанның әртүрлі өңірлерінде әрқалай болды. Бұлар өңірдің темір жол желісімен қамтамасыз етілуі мен өнеркәсіп орындарының даму деңгейіне байланыстытұғын. Республиканың 14 облысының ішінде тек орталық өңірде – Қарағанды облысындағы тұрғындардың басым бөлігін, яғни 56,2%-ын қалалықтар құрады. Сол кезеңде Семей облысының 40,6%, Алматы облысының 37,1%, Гурьев облысының 34,8%, Жамбыл облысының 29,3%, Қызылорда облысының 28,8%, Ақтөбе облысының 26,2%, Оңтүстік Қазақстан облысының 25,2%, Шығыс Қазақстан облысының 25% тұрғындары қалалық жерде тұрды.
1926 жылы 50 мыңнан астам тұрғыны бар қала Семей ғана еді. Ал 1939 жылы мұндай тұрғыны бар қалалар қатарына Алматы, Қарағанды, Шымкент, Орал және Жамбыл қалалары қосылды. Бұлар сол кезде ірі өнеркәсіп орындары болуымен қатар, транспорт желілері өтетін әкімшілік орталықтары ретінде де танымал бола бастаған-ды.
Қазақ КСР-нің 1929 жылдан бастап астанасына айналған Алматының тұрғындар саны 1926 жылмен салыстырғанда 1939 жылы 5 есе өсіп, 230,5 мың адамға жетті. Алматыдан кейінгі ірі қала, Кеңес Одағының Донбасс пен Кузбастан кейінгі ірі көмір базасы деңгейіндегі 165,8 мың тұрғыны бар Қарағанды қаласы болды. Түсті металл кәсіпорындарының дамуы арқасында 1937 жылы Солтүстік Қазақстанда 21,2 мың тұрғыны бар Степняк, 1939 жылы 15,3 мың адам тұратын Жітіқара, Орталық Қазақстандағы 32,5 мың адам қоныстанған Балқаш қалалары бой көтерді. Атақты Түркісібтің салынуына байланысты 1939 жылы Аягөз қала болды, онда 21,2 мың тұрғын бар еді. Өнеркәсіптің өркендеуі мен темір жол құрылысының қарқын алуына орай осындай қала тұрғындары саны арта түсіп, Семейде 109,6 мың, Петропавлда 91,6 мың, Шымкентте 74,4 мың, Оралда 67,5 мың, Жамбылда 63,7 мың, Қызылордада 46,7 мың, Гурьевте 41,8 мың адам тұратын болды. Дегенмен, қалалықтардың саны арта түскенімен, халықтың көп бөлігін ауылды жерде тұрушылар құрады. Олардың үлесі республика бойынша басым болуымен қатар біраз облыстарда одан да жоғары еді. Мәселен, ауыл тұрғындарының үлес салмағы Солтүстік Қазақстан облысында 80%, Ақмола облысында 84,7%, Қостанай облысында 86,7% болды.
Осы жағдай Қазақстанды индустрияландыру нәтижесінде халықтың қалаға бетбұрысы күрт дамығанын көрсетеді, қала халқының бізде 1897 жылы 6%, 1926 жылы – 8,5%, ал 1939 жылы – 27,8% болғанын ескерсек, осы 1926-1939 жылдар аралығы Қазақстанда қала халқының күрт өсуінің бастамасы болғанын, екінші дүниежүзілік соғыс пен одан кейінгі кезеңдерде бұл үдеріс өз жалғасын тауып, кең дамығанын байқаймыз. Қала халқы бізде 1959 жылы 44%-ға жетіп, ал 1970 жылы 50% болып, осы кезден бастап республика тұрғындарының жартысынан көбі қалалық мекендерде тұратын болды.
Қазақстан халқының сауаттылығы мен білім деңгейінде түбірлі өзгерістер болғанын 1939 жылғы санақ анықтай түсті. 1926 жылы біздің ел Кеңес Одағындағы сауаттылық деңгейі бойынша 22,8%-ға ие болып, 11 республиканың ішінде жетінші орында еді. Нақтылап айтсақ, республикамыз Қырғызстан, Түркіменстан, Өзбекстан және Тәжікстаннан ғана алға озған-ды. Ал 1939 жылғы сауаттылық деңгейіміз 76,3%-ға жетіпті. Сөйтіп Одақ бойынша бесінші орынға көтеріліппіз. Жоғарыда көрсетілген Орта Азия республикаларынан басқа, Армения мен Әзірбайжанды да басып озыппыз. Тек Украина, Ресей, Грузия және Белоруссиядан ғана кейін болыппыз.
Осы 1926-1939 жылдар арасында қазақтардың сауаттылық деңгейі 9 еседен аса өсіп, 6,9%-дан 63,9-ға жетті, қазақ әйелдерінің сауаттылығы 55 еседен асып түсіп, 0,97%-дан 54,6%-ға көтерілді.
Қазақстан халқының ұлттық құрамында 1926-1939 жылдары болған өзгерістер қазақтар мен басқа ұлт өкілдерінің ара салмағы арасында мүлде басқа бағыт қалыптасқанын көрсетеді. Мұның айқын көрінісі – қандастарымыздың өз Отанында, атамекенінде аз ұлтқа айналғаны. Осы кезеңде қазақтардың үлесі 20,7%-ға кеміп, 58,5%-дан 37,8%-ға дейін төмендеді. Бұл бағыт елімізді патшалық Ресей отарлаған кезден басталып, Кеңес өкіметінің кезінде өрлей түскен-ді, оның ең басты себебі – Қазақстанға сырттан, ең алдымен Ресей, Украина, Белоруссия және басқа аймақтардан келген көптеген көші-қонның әсері болатын. Бұған қосымша – қазақтардың табиғи өсімі ашаршылық пен репрессиядан өте төмен болды. Осы жағдайда басқа жақтан жіберіліп жатқан басқа ұлт өкілдерінің саны үнемі, үздіксіз өсіп отырды да 1939 жылғы халық санағы көрсеткендей, орыс пен украиндар Қазақстан халқының басым көпшілігіне айналып, ұлттық құрамда жаңа ара салмақ пайда болды.
Енді қазақтар мен саны 30 мыңнан асқан басқа ұлт өкілдерінің аймақтық – облыстық жерлерге орналасуын қарастырайық.
Қазақтар. 1897 жылғы санақ бойынша қандастарымыздың Ресейдегі саны 4 млн. 84 мыңға жетсе, оның 83%, яғни 3 392,7 мыңы Қазақстанның қазіргі территориясында тұрған еді. Әлихан Бөкейхановтың облыстық шолуларға сүйеніп алған мәліметтеріне қарағанда, Ресейдегі қазақтардың саны 1908 жылы 4 млн. 499 мың 664 адам, ал 1913 жылы (Жетісудағы қырғыздарды қоса есептегенде) 5 млн. 64 мың адам екен. 1939 жылғы Кеңес Одағындағы қазақтардың саны 3 млн. 1 жүз мың 949 адам ғана болып, 1926 жылмен салыстырғанда 85,8% адамға, яғни 21,7%-ға азайып кетіпті. Оның ішінде Ресейде 356 646 адам (Алтай өлкесінде – 31 395, Новосібір облысында – 19 993, Омбы облысында – 51 891, Саратов облысында – 23 436, Сталинград облысында – 72 471, Челябі облысында – 28 731, Чкалов (Орынбор) облысында – 71 444, Еділ бойы немістері АССР-ында – 8 988), Түркіменстанда – 61 397, Өзбекстанда – 305 416, Тәжікстанда – 12 712, Қырғызстанда 23 925 адам тұрған. Осы жылы Қазақстанның өз территориясында Кеңес Одағындағы қазақтардың 75,0%-ы ғана тұрған екен.
1939 жылғы халық санағы қазақ халқы 1 миллион 300 мың адамға, яғни 35,8%-ға күрт азайғанын, бұрын 3 627,6 мың адамды құраған республикадағы қандастарымыздың саны төмендеп, 2 327,6 мың адамға дейін төмендегенін байқатады. Мұндай демографиялық апат қазақтардың 1931-1933 жылдардағы ашаршылықтың құрбанына айналуының, олардың шет жерлерге көшіп кетуінің және саяси қуғын-сүргіннің салдары тұғын.
Байларды тап ретінде жою науқаны кезінде, толық емес мәліметтердің көрсетуінше, 6765 адам республикадан тыс жерлерге айдалып, қоныс аударылған. Бұған керісінше республикамызға өзге елдердегі кулактарды қуғындау науқаны барысында 180 мың адамды құрайтын 46091 отбасы көшірілген.
Ауыл шаруашылығын күштеп ұжымжастыру науқаны кезінде Қазақстанның бүкіл аумағында қарулы көтеріліске ұласқан халық толқулары бой көрсетті. 1929-1931 жылдар аралығындағы елімізде 80 мыңнан астам адам қатысқан 372 көтеріліс орын алды. Шаруалар баскөтеруіне ниеттес 5551 адам ОГПУ-дың шешімімен тұтқындалып, олардың 883-і ату жазасына кесілген. Көтерілістердің соңы қазақтардың шет елдерге көшіп кетуіне ұласты. 1930 жылдың бас кезінен 1931 жылдың ортасына дейінгі кезде Қытай, Иран және Ауғанстан аумағына Қазақстаннан 281 230 шаруа қожалықтары көшіп кетті. Ашаршылық жылдары шет елдерге көшушілердің саны 1 миллион 130 мыңға жуық болды. Олардың 454 мыңы кейіннен елге қайта оралса да, қалғаны жат жұртта қалған. Ал сол кезеңдегі опат болғандар ше? Бұл жөнінде әртүрлі дерек айтылуда. Біз солардың ішінен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің ауыл шаруашылығын ұжымдастыру және 1920 жыл мен 1930 жылдардың басындағы халықтың жаппай қырылуын арнайы зерттеген комиссиясының тұжырымындағы цифрды алғанды жөн көрдік. Ол бойынша, ашаршылық пен соған байланысты індет ауруларынан, табиғи өлім деңгейінің жоғарылығынан қазақтардан 2 млн. 200 шығын болып, өз құрамының 49% жоғалтқан.
Енді қазақтардың аймақтық орналасу ерекшеліктеріне келейік. Ол көп жағдайда Ресейдің орталық аудандары мен Украинадан туындаған екпінді сыртқы көші-қонға байланысты өзгеріске ұшырады. Индустрияландыру барысындағы экономикалық дамудың екпіні сырттан жұмысшы күшінің ағылып келуіне қолайлы жағдай тудырды. Соның нәтижесінде Қазақстан тұрғындарының этностық құрамы да күрделі өзгеріске түсіп, жергілікті халықтың үлес салмағы азая бастады. Мұнымен қоса республикадағы тұрғындардың әлеуметтік, кәсіби құрылымы, білім деңгейі секілді сапалық белгілері де өзгеріске түсті.
Сол кездері орыстар 2 458,6 мың адам (39,9%), ал украиндар 658,3 мың адам (10,7%) болып, республикадағы тұрғындардың жартысынан көбін құрады. Олар шығыс, солтүстік және орталық өңірлерде едәуір басымдық танытты. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысындағы тұрғындардың 73,8%-ын (68,7%-ы орыстар, 5,1% украиндар), Ақмола облысындағылардың 63,2%-ын (45,4 %-ы орыстар, 17,8% украиндар), Солтүстік Қазақстан облысындағылардың 64,8%-ын (51,2%-ы орыстар, 28,3%-ы украиндар), Қарағанды облысындағылардың 55%-ы (45,4%-ы орыстар, 9,6%-ы украиндар) солар еді. Ал оңтүстік және батыс өңірлерде бұдан едәуір төмен болды. Тек Алматы облысындағы тұрғындардың 57,4%-ын, яғни 50,4%-ын орыстар, 7%-ын украиндар құрады. Олар Жамбыл облысындағы тұрғындардың 40%-ын (30,3%-ы орыстар, 9,7%-ы украиндар), Қызылорда облысындағылардың 28,7%-ын (20,6%-ы орыстар, 3,1%-ы украиндар), Оңтүстік Қазақстан облысындағылардың 42%-ын (35%-ы орыстар, 7%-ы украиндар), Батыс Қазақстан облысындағылардың 42%-ын (35%-ы орыстар, 7%-ы украиндар), Ақтөбе облысындағылардың 44,3%-ын (24,2%-ы орыстар, 20,1%-ы украиндар), Гурьев облысындағылардың 26,2%-ын (24,4%-ы орыстар, 2,2%-ы украиндар) құрады.
Өзбектер 120,6 мың адам болып, республика тұрғындарының 9,9%-ы дәрежесінде оңтүстік өңірде тұрды. Олардың 100,7 мыңы (83,5%) Оңтүстік Қазақстан облысында, 3 мыңы Алматы облысында, 1,4 мыңы Қызылорда облысында, 1 мыңнан астамы Ақмола облысында қоныстанды.
Татарлардың жалпы саны 108,1 мың адам болып, республика халқының 1,7%-ын құрады. Олар республика облыстарының бәрінде орналасқан еді. Солардың ішінде, 13,4 мыңы (12,4%-ы) Алматы, 13,5 мыңы (12,4%-ы) Оңтүстік Қазақстан, 13,9 мыңы (12,5%-ы) Солтүстік Қазақстан, 11,7 мыңы (10,8%-ы) Семей, 9,9 мыңы (9,2%-ы) Батыс Қазақстан облыстарында қоныстанды. Аталған облыстарда республикадағы таатрлардың 57,3%-ы тұрды. Қалғандары 3-5 мың шамасында еліміздің барлық жерінде болды.
Республикадағы кәрістер 96,4 мың адамды құрап, ел тұрғындары арасындағы үлес салмағы 1,5% болды. Олардың жартысынан көбі үш облыста: Қызылордада 35,3 мыңы (36,6%-ы), Қарағандыда 7,5 мыңы (7,8%-ы), Оңтүстік Қазақстанда 6 мыңы (6,3%-ы), Солтүстік Қазақстанда 4,7 мыңы (4,9%-ы), Қостанайда 4,4 мыңы (4,6%-ы), Гурьевте 4,3 мыңы (4,4%-ы), Жамбылда 4 мыңы (4,2%-ы), Ақмолада 3,7 мыңы (3,9%-ы), Батыс Қазақстанда 2,5 мыңы (2,6%-ы) қоныстанды. Еліміздің өзге облыстарында кәрістер 200-ден 400-ге дейінгі адамды құрады.
Немістердің саны 96,4 мың адамға жетті. Олардың республика тұрғындары арасындағы үлес салмағы 1,5% болды. Бұл ұлт өкілдерінің 68,8%-ы солтүстік және орталық өңірлерде қоныстанды. Атап айтқанда Солтүстік Қазақстан облысында 22,9 мың (24,8%), Ақмола облысында 10,1 мың (10,9%), Қостанай облысында 9,7 (10,6%), Павлодар облысында 6,5 мың (7%), Қарағанды облысында 14,9 мың (16%) неміс тұрды. Оңтүстік пен шығыста олар көп емес еді. Алматы облысында 7 мың (7,6%), Оңтүстік Қазақстан облысында 6 мың (6,6%), Жамбыл облысында 6,1 мың (6,1%), Семей облысында 4 мың (4,4%), Шығыс Қазақстан облысында 4 мың (4,4%) болды.
Поляктар 54,8 мың адам санын құрап, ел тұрғындары арасындағы үлес салмағы 0,9 % болды. Олар негізінде солтүстік аймақта орналасқан еді. Мәселен Солтүстік Қазақстан облысында 29,1 мың (53,2%), Ақмола облысында 12 мың (21,9%) адам-тын. Оңтүстікте аз болды: Алматы облысында 3,6 мың (6,7%), Оңтүстік Қазақстан облысында 1,6 мың (3%) поляк тұрғындары қоныстанды. Орталық өңірде олардың саны 1 мыңға жуық болса, өзге өңірлердегі саны 100-ден 400-ге дейін жететін.
Ұйғырлардың саны 31,6 мың адам болды. Ел тұрғындар арасындағы үлес салмағы 0,6%-ды құрады. Олар негізінен Алматы облысында қоныстанды. Мұнда 33,7 мың ( республикадағы 95,2%) ұйғыр халқының өкілдері тұрды. Өзге облыстарда олардың саны 50-ден 380-ге дейінгі шамада еді.
Белорустар 31,6 мың адамды құрап, ел тұрғындар арасындағы үлес салмағы 0,5% болды. Олар Қазақстанның барлық облыстарында болғанымен, жартысынан көбі бес облысты: Алматыда (4,4 мыңы), Қарағандыда (4,2 мыңы), Солтүстік Қазақстанда (3,1 мыңы) және Оңтүстік Қазақстанда (3,1 мыңы) қоныстанды.
1939 жылғы Бүкілодақтық халық санағы Қазақстан халқының ұлттық құрамы күрделене түскенін аңғартады. Сол кезде еліміздегі 50-ден астам ұлттардың өкілдері есепке алынды. Жоғарыда аталғандардан бөлек саны 10 мыңнан асатын ұлт өкілдері қатарында мордовалар (25,3 мың), еврейлер (19,2 мың), әзірбайжандар (12,9 мың), тәжіктер (11,2 мың) болды. Саны 5 мыңнан асатындардың қатарында армяндар (7777 адам), дүнгендер (7416 адам), чуваштар (6590 адам), грузиндер (5186 адам), қытайлар (5116 адам), қырғыздар (5053 адам) бар еді. Қазақстан халқының көп ұлтты құрамы бұдан кейінгі кезеңдерде де, әсіресе, екінші дүниежүзілік соғыс тұсында және одан кейін көбейіп, күрделене түсті.
Бүкілодақтық 1939 жылғы халық санағы бойынша республикадағы тұрғындар табыс табу көзі бойынша былайша жіктелді: жұмыспен қамтамасыз етілгендер – 39,5%, қосалқы шаруашылығымен айналысатын отбасы мүшелері – 6,5% және жекелеген адамдар қамқорлығындағылар – 45,8%. Жұмысы барлар ауылды жерлерге қарағанда (38,8%), қалаларда (42,8%) басымырақ болды. Қамқорлыққа алынған тұрғындар саны да ауылды жерлерге қарағанда қалаларда (44,5%) көбірек еді. Қосалқы шараушылықпен шұғылданушылар қаладан (3,5%) гөрі ауылдарда (7,4%) басымдау болды.
Жұмыспен қамтамасыз етілгендердің 11,3%-ы өнеркәсіп орындарында, 54,8%-ы ауыл шаруашылығында, 5,5%-ы көлік пен байланыс саласында, 3,7%-ы құрылыста, 0,7%-ы орман шаруашылығында, 14%-ы сауда мен қоғамық тамақтандыру орындарында, 4,4%-ы халық ағарту, ғылым, өнер және баспа саласында, 3,8%-ы мемлекеттік, партиялық және қоғамдық мекемелерде, 1,9%-ы денсаулық сақтау саласында, 0,8%-ы тұрғын үй коммуналдық шаруашылығында еңбек етті.
Жұмыс істеушілер қатарында ер- азаматтар 66,2%, әйелдер 33,8% болды. Денсаулық сақтау саласындағылардың 70,7%-ы әйел азаматтардан тұрды. Халық ағарту саласындағылардың 44,2%-ын, ауыл шаруашылығындағылардың 42,8%-ын әйелдер құрады. Материалдық өндіріс саласындағы әйелдердің үлес салмағы төмен деңгейде (орман шаруашылығында – 11%, өнеркәсіпте 20,3%) болды. Әйелдер транспорт саласындағылардың 17%-ын, құрылыс саласындағылардың 13,4%-ын, сауда мен қоғамдық тамақтандыру орындағылардың 29,9%-ын, мемлекеттік, партиялық мекемелер мен қоғамдық ұйымдарда еңбек етушілердің 23,7%-ын құрады.
Қазақстанның әлеуметтік құрылымындағы осындай өзгерістер қоғамдағы атышулы “біркелкілікке” бастады. Оның негізінде жұмысшылар мен колхозшылар таптары және интеллигенция тобы болды, олардың саны көбейіп, үлесі өсіп, өзіндік ерекшеліктері дами түсті.
Бүкілодақтық екі: 1926 және 1939 жылғы халық санақтары аралығындағы уақыт Қазақстан үшін қайшылыққа толы ауыр кезең болғандығын, кейіннен оның алдағы уақыттағы әлеуметтік-демографиялық ахуалға өзіндік әсерін тигізгенін байқатады.
Екі санақ аралығында индустрияландыру нәтижесінде жаңа қалалар бой көтеріп, ескі қалалар онан ары дами түсті. 100 мыңнан астам тұрғыны бар қалалар қатарына Алматы, Қарағанды және Семей қосылды. Ауыл шаруашылығын ұжымдастыруға байланысты қазақ халқы отырықшылыққа көшіп, урбанизациялық үрдіске тартылып, ұлттық жұмысшы кадрлары мен интеллигенция қалыптасты. Сауатсыздық жойылып, халықтың білім деңгейі өсті. Қазақтар арасында орта және жоғары білім алушылар саны едәуір көбейді.
Сонымен бірге 1939 жылғы санақ Қазақстан халқы, әсіресе қазақтар үшін көптеген этнодемографиялық және әлеуметтік келеңсіз жағдайлардың қалыптасқанын анықтап берді. Қазақтар өз Отанында азшылыққа айналды, саны да, үлесі де төмендеп кетті. Келімсектер, оның ішінде орыс және украин ұлттары өкілдері көпшілікке айналды. Қандастарымыздың сауаттылығы мен білім деңгейі республикадағы көп ұлт өкілдерінен әлі де төмен еді. Қалалық мекендерде, өнеркәсіп, құрылыс пен транспортта қазақ кадрларының саны аз, үлесі төмен болды. Жергілікті ұлт негізінен аграрлық этнос болып қала берді. Қала мен селоның айырмашылығы күшті кезінде қазақтар әлеуметтік және тұрмыстық мәселелерде шет қалып отырды. Бұл келеңсіз жағдайлардың көбі, әсіресе қандастарымыздың өз елінде азшылыққа айналуы, көпке дейін, тіпті Қазақстан Республикасы тәуелсіздікке жеткенге дейін сақталды. Ал олардың кейбіреулері, мысалы, қазақтардың табиғи өсімінің ойдағыдай көтерілмеуі, білім деңгейінің көптеген ұлт өкілдеріне қарағанда әлі де төмендігі, қала тұрғындары арасында басым еместігі осы уақытта да байқалуда. Бұл мәселелер егемен еліміздің әлеуметтік және демографиялық саясатын ғылыми саралап, оны заман талабына сай іске асыру үшін аса зор көңіл бөлуді талап етеді. Мәлікайдар АСЫЛБЕК, академик, Жәмила АСЫЛБЕКОВА, тарих ғылымдарының докторы. Алматы.