Қазақ КСР Үкіметінің төрағасы, Қазақ КСР Жоғары кеңесі Президиумының төрағасы, Қазақстан Компартиясы Гурьев облыстық комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін абыроймен атқарған ол ғұмырының 25 жыл өмірін кеңес-партия қызметіне арнады. Н.Оңдасынов ел басқарған кезең, ел тарихындағы нағыз ауыр кезең, саяси міндетті қызметін айтпағанның өзінде, екінші дүниежүзілік соғыс басталып, оған күш-көлік, азық-түлік ұйымдастырып жеткізу, елде қалған аш-жалаңаш жетім-жесірлер мен кәрі кемпір-шалдарды жұбата жүріп, шаруаға шығару – оңай жұмыс емес. Ал соғыс аяқталған соң елдің көзінің жасы құрғамаған, жүрегінің жарасы жазылмаған қиын-қыстау кезеңде қалпына келтіру жұмыстары қолға алынған тұс. Нұртас Оңдасынов бұл ауыртпалықтардың барлығын нағыз іскер, білімді, ұтқыр ойлы басшы азаматқа тән байсалдылықпен, парасаттылықпен, іскерлікпен ұйымдастырып, қажетті мәселелерді дер кезінде шешіп отыру арқылы оңтайлы жүргізе алды. Нұртас Оңдасыновтың одақ басшыларына, нақтырақ айтсақ Н.С.Хрущев сынды қазақ даласына көзінің сұғын қадап, тілінің уын төге келген басшыға ұнамауы, тіпті оның өзінің тың өлкесін бөліп алу, Маңғыстауды түрікмендерге беру сынды Қазақстанды бөлшектеуге бағытталған алып та ауқымды саяси жобаларын іске асыруға кедергі болуынан сес-кенген Н.Хрущев істеген ісінен ілік тауып, сөйлеген сөзінен секем алып қыспаққа ұшыратып, ақыры нағыз жұмыс жасар дер шағында еңбек демалысына кетуге мәжбүр етті.
Н.Оңдасынов туралы Маңғыстаудың аға буыны күні бүгінге дейін асқан ілтипатпен еске алады. Заңғар жазушы Әбіш Кекілбайұлы «Ол кісінің тұсында Атырау, Үстірт, Маңғыстауға көптен жоламай кеткен Қызыр Ілияс қайтып оралғандай болды. Мал көбейіп, жайылыс жетпей, көрші Ақтөбе мен Түрікменстандағы мемлекеттік жерлерден өріс сұралды. Өндірістің де өркені өсейін деді. Шалшыққа шашып тастаған сүйек-саяқтай қиқы-жиқы сиықсыз қалаға келбет кірейін деді. Құлазып жатқан Маңғыстау даласына Алматының экспедицияларын тобықтан қағып аттатпай қойған орталық Мәскеу, Ленинград, Киев, Уфа экспедицияларын үсті-үстіне шұбыртып, толтырды да жіберді.
...Жергілікті жерлердің табиғи байлықтарына «ыссылай» сұғынғанымен, адамдарына мұрын шүйіре қарайтын менсінбеушілікпен алғаш рет айқасқа шыққан да Нұртас Дәндібайұлы Оңдасынов еді» дейді «Басшы» атты естелігінде. Жазушы естелігінде 1962 жылы Алматыға келген Н.Хрущев мәжілісте Н.Оңдасынов ұсынып жүрген үш мәселені қарайды. Қызметтік этиканы ысырып тастап, тап-таза басынушылық, зіркіл мен зілге, кекесін мен келіспеушілікке толы болған сөзінде орталықтан келген өкіл Н.Оңдасыновтың ұсыныстарын түкке алғысыз етіп, аяқасты қалдырады. Оның бірі – Маңғыстау мұнайын игеру болса, екіншісі Маңғыстаудың ұлутасын өндіру, үшіншісі – Маңғыстауға Мақаттан теміржол тарту мәселесі. Нұртастай абзал ұлдың қызметтен өз еркімен бас тартуына негіз болған сол ұсыныстары екендігіне бүгінде ел куә, себебі дәл сол сәтте дөкір басшы алдында «түкке алғысыз» ұсыныстар болып қалғанымен, артынша үшеуі де дүркірей көтеріліп, бүкіл Маңғыстаудың мерейін асырып, мыңдаған ұрпақтың күні бүгінге дейінгі нәпақасына негіз, елдің экономикалық серпілуіне өзек болды. Маңғыстаулықтарға барынша қажетті, тамырын тап басқан ұсыныстар Н.Оңдасыновтың жергілікті тұрғындар арасындағы беделін өсіре түсті.
«Оңдасынов Гурьевте мұнайдың үлкен болашағы бар екенін, ғалымдардың нақтылы дәлелдерін келтіре отырып баяндама жасады. «Өндірісті дамытсақ, халықтың тұрмысы күрт жақсарады» дегенді жиі айтатын. Сондықтан да ол келе мұнайды іздеу мен бұрғылауға көңіл бөліп, қолға алды. Сол кезде Гурьевте мұнай мен газ проблемасымен айналысатын Геология және геофизика ғылыми зерттеу институты ашылды. Оңдасыновтың келуімен Маңғыстауда мұнай іздеушілер, бұрғылаушылар бұрынғыдан төрт-бес есеге көбейіп, даланың келбеті өзгерді, жаңа қалашықтар пайда болды. Мұнайшы, бұрғышы, инженер, геолог мамандығына қызығушылар саны артты. Көп жасты Мәскеу, Ленинградқа оқуға жіберді. Өндірістің өсуіне байланысты «Мангышлакнефтегазразведка» тресі құрылды» деп еске алады кейін Гурьев облыстық партия комитеті ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы болған Т.Игіліков.
Одан бөлек, Маңғыстаудың мәдени өмірін назардан тыс қалдырмай, жас музыкант мамандарды алдырып шығармашылық ұжымдар құрып, музыкалық оқу орындарын, сондай-ақ спорт командаларын ашқызды. Жастарды өнерге, спортқа, әдебиетке баулып, «жерімізге дым шықпайды» деп аузын қу шөппен сүртіп үйренген халыққа ағаш еккізіп, аузын жеміске жеткізді.
«Шаруашылыққа барамыз» деген жалған ұранмен мектептен соң еріксіз мал бағуға қалып жатқан Әбіш пен оның сыныптастарын «Маңғыстауда мал табылса, бағылатын малшы табылар, балалардың обалына қалмайық» деп оқуға жіберттіруінен Н.Оңдасыновтың жас Әбіштің өміріне тікелей әсері болғандығын байқаймыз, сондай-ақ әйгілі желаяқ Ә.Тұяқовтың да спортпен айналысып, үлкен болашаққа жол салуы осы салаға қолдау көрсеткен облыс басшылығындағы Н.Оңдасыновтың қамқорлығында жатыр. Одан басқа Ержан хазірет, Сәттіғұл ақындарға құрмет көрсетіп, қазақтың жасаулы киіз үйімен, аста-төк ұлттық дәмдерімен, ұлттық музыка-мәдениет көріністерімен фес-тиваль сәнін асыруы – Оңдасыновтың ұлтын сүйген ұл екендігін таныта түседі.
Н.Оңдасыновтың тікелей басшылығымен Қазақстанда Ұлттық Ғылым Академиясын құру, опера және балет театрының іргетасын қалау, АрысТүркістан каналы мен Мойынты-Шу теміржолын салу, Қыздар педагогика инс-титутын және республикада алғаш мектеп-интернаттар ашу сынды қаншама ел игілігіне қажет жұмыстар жүзеге асты?! Мәскеуде жатса да жүрегі «ел» деп соққан, «еліме титтей қызмет жасай алсам» деп армандаған абзал аға үш томдық арабша-парсыша-қазақша түсіндірме сөздігін құрастырып шықты.
Елі үшін есепсіз еңбек еткен ердің есімін есте сақтау, лайықты құрмет көрсету – ұрпақ міндеті. Жаңа оқу жылында ел Президентінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында қойылған міндеттерді орындау аясында, Ақтау қаласының №5 орта мектебіне көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, еліміздің, ұлтымыздың тарихында өзіндік орны бар асыл азамат, лингвист Нұртас Дәндібайұлы Оңдасыновтың есімі беріліп, мүсінші, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Е.Сіргебаевтың сыйға тартқан мүсіні және ұлы тұлғаға арналған мектеп музейі ашылды.
Салтанатты жиынға Маңғыстау облысының әкімі Е.Тоғжанов, Мәскеу, Астана, Алматы, Шымкент, Түркістан қалаларынан келген қонақтар, соның ішінде ғалым, Н.Оңдасыновты зерттеуші Қ.Еңсепов, Н. Оңдасынов туралы үш кітаптың авторы Г.Оразалиева, қоғам қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, сот жүйесінің ардагері Б.Тұрғараев, Н.Оңдасыновтың немерелері мен туыстары, ел ағалары мен аймақ ардагерлері, оқушылар мен қала тұрғындары қатысты.
Н.Оңдасыновтың еңбегі тек Маңғыстау мен Атырауға ғана емес, бүкіл қазақ даласына, қазақ еліне сіңді. Ол өзіне тән мінезімен қазақ баласын, қазақ даласын бөліп-жарған жоқ. Сондықтан, ұрпақтың да оны бөлектеп-бөтенсіреуге хақы жоқ. Енді Алматы, Астана қалаларында Н.Оңдасыновтың ескерткіші бой көтеріп, мектеп, көшелерге, ауыл-аудандарға аты беріліп жатса – ердің еленгені, ұрпақтың сауапты ісі болмақ.
Маңғыстау облысы