Аймақтар • 07 Қыркүйек, 2017

Алтын адамды ашқан археолог

2103 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Есік қаласының кіре берісіндегі қорық-музейге бұрылдым. Қызметкерлермен амандасып, хал сұрасып жатырмыз. Ортамызда Бекен ата ғана жоқ. Жұрт солай атап кеткен бұл кісі белгілі археолог Бекмұханбет Нұрмұханбетов еді. Өткен жылы дүниеден озды. Ел-жұрты ақ жауып, арулап шығарып салды. 

Алтын адамды ашқан археолог

Археолог жұмыс істеген ка­би­нетке бас сұқтым. Төрде атаның ақ шапаны ілулі тұр. Музейде өтетін игі шараларда оны үнемі үстінен тастамай­тын. Қазба жұ­мыс­тарына барғанда арқасына іліп жүретін жол сөмкесі де осында. Енді мұндағы заттардың бәрі құнды жәдігерлердің біріне айналып кеткендей. 

Бәрін рет-ретімен баяндайын. Өздеріңіз білесіздер, 1969 жылы Есік қаласы маңынан Алтын адамның мүрдесі табылды. Жер қазып жатқан экскаватордың шө­міші сандық секілді затқа тиіп шақ ете қалған. Мұның те­гін еместігін сезгендер дереу жұ­­мыс­тарын тоқтатып, Алма­тыға хабарлайды. Әлгі затты анық­тау археолог ғалым Кемал Ақышевтың тобына жүктеледі. Мамандар шұғыл іске кіріседі. Сол күні мүрдені өз қолымен ал­ғаш ашқан, көрген, түгендеген бүгінгі әңгімеміздің кейіпкері Бекен ата болатын.

Одан кейінгі кезеңдерде Бек­мұ­ханбет Нұрмұханбетов Алтын адамға қатысты зерттеулерді, ғы­лыми ізденістерді тоқтатқан емес. Өмірінің соңына дейін осы музейде қызмет етті. Біздің алғаш танысқанымыз қызық. Алдымен байқағаным, көздері қыранның жанарындай өткір, жүзі сұсты екен. Сенімен тілдесуден бұрын «мені түсінуге жарайсың ба, қалайсың?» дегендей, бетіңе бар­лап қарайды. Ашылуы қиын құлып секілді. Әңгімелесуден бұрын біраз ақпар жиғанның пайдасы тиді. Соншалық жымия қоймаса да, жылуын сездірді.

– Сендер мынаны біліңдер. Ал­тын адам мен алтын киімді адам екі түрлі сөз. Мағынасы да бөлек. Қазақ жақсы көргенін «алтыным» дейді. Хас шебердің қолын «алтынға» балайды. Ал та­быттағы ханзаданың киімі олар­дан басқа. Алтын адам атауын ғылыми қолданыстағы ұғым деп қарастырған жөн.

Қазір бірқатар өңірлерден Ал­тын адамдар табылды. Бұл – сол кездегі дәуір сипатын дәлелдейтін белгілер. Сондықтан, оларды әр аймақ өздеріне меншіктемей, же­ке-жеке аңызға айналдырмай, бәрін біртұтас зерттегені абзал, – деп сөзін бастады.

Бекен атаның үні алдымен баяулап шығады. Бара-бара ар­қасы қозады. Сол кезде дауы­сы әуе­леп, биікке көтеріледі. Ба­уыр­­­жан Момышұлының осылай сөйлегенін радиодан талай есті­генмін. Бұл да тура сондай. Ол кісілердің өзара ұқсастықтары мені қайран қалдырды.

Ата сөзінен ұққаным, Есіктен табылған жәдігер – біздің заманы­мызға бүтін жетіпті. Өрнек-әб­зел­дерінің бәрі орнында тұр. Мұн­­дай олжа археологтарға  өте сирек кездеседі екен. Осы сұх­бат кезінде мүрделерге түсетін ұрылар туралы естідім. Олар­дың да жүрмейтін жері жоқ. Мұрындарына алтынның иісі кел­се, қорымды археологтардан бұ­рын қазады. Кәдімгі түн жамылып жортатын көртышқандар секілді. Өздерінің әккілігі сондай, оңайлықпен қолға түспейді. Ал ғылымға тигізетін зияны шаш етектен. Құдай оңдағанда, ұры­лар Есікте жатқан Алтын адамды білмей қалған.
– Бұл хабар жергілікті мамандар тұрмақ, мәскеулік ға­лым­­­дарды да елең еткізді. Де­се де, жоғарғы жақ Алтын адам та­­былған жерде қазақтың ата­бабасы өмір сүрді дейтін қоры­тынды жасауға асықпады. Тіпті оны айналып өтіп, жалпылама сипаттауға тырысты, – дейді Бе­кен ата.

Өйткені, кейбір әріптестер ежел­гі өркениетті қазақтарға қи­маған. Олардың бүгінгі ұрпақтары бабаларының өмірін қарабайыр күйде көзге елестеткенін қалаған. Алтын киімді, алтын әшекейді жергілікті сақтар қайдан жасасын? Қайтыс болған ханзадасын жерлеу үшін Ираннан алдырған деген секілді пікірлерді таратқан. Ол кез – күштілердің кезі ғой. Аз халықты еріксіз көндіретін, сенбесең мәжбүрлеп сендіретін заман.

Сәтін салғанда, осы оқиғадан кейін Есік көлінің айналасынан тағы бір олжа табылыпты. Ол жерден алтын киімдерге арнап әшекейлер құятын қалыптар шыққан. Қорымнан алынған алтынның сынамасына ғылыми сараптама жасалады. Бәрі өз өлкеміздің шикізаты, іргедегі Жіңішкенің рудасы екен. Сөйтіп, жөнсіз күмән келтірушілердің аузы­на құм құйылады.

Өзіңдікін өзімдікі дей алмау­дан асқан қандай қорлық бар?! Қазақ жерінен бір құнды жәдігер табылса, оған баға қоятын жо­­-ға­р­­­­ғы жақ. Солар не айтады деп жал­­тақтаған күндерді де бұл ел басынан кешірген.

«Есік» музейіне кірсеңіз, көне жәдігерлер сізге қарап сөйлейді. Тебіренесіз, толғанасыз. Сіз­ді мұндай әсерге бөлеген ар­хео­логтардың еңбегі. 
Алтын адам шыққан қо­­рым­­­­­­­­нан әрі қарай үлкен қаланың ор­ны табылыпты. Оны сақтар патшалығының ордасы деп бол­жаған. Қаланың теріскейі Асы жайлауы. Ондағы жартастарда таңбалар мен бейнелер аз емес. Бұл нені көрсетеді? Бұл әлі қағазға түспеген ұлт та­­­ри­­хының жер қойнауында мол екенінен хабар береді. Ар­хео­логтардың  айтуынша, ол жер­­­ден табылған дүниелер сақ дә­уі­­рінің ғана емес, қола дәуі­рі­нің де белгілеріне келеді екен. Бері қарай сырғытсаң, көк тү­ріктер мәдениетіне жалғасады. Зерттеушілерін күткен қат-қат қазыналар, міне, осындай. Бекен ата өз өмірінде шаршамай, талмай қазақтың жоғын солардың арасынан іздеді.

– Алаштың кеңдігі бар да кемдігі жоқ. Сондықтан, бас­қа­лардың қаңсығын таңсық кө­руге тиісті емеспіз. Қолыңнан кел­­генше тереңге көз сал. Таяз әуесқойлықтан арыл. Ізде­ніс­тердің негізгі бастауы – өлкетану болуы керек. Жер-жерде соны дамытқанымыз жөн. Менің кейде ренжитінім, арамызда ұлтының тарихына қызықпайтын жастар бар. Бұл болмайтын нәрсе. Тарих – сенің өзің, тегің, бүкіл өмірің.

Маған бәрібір дейтін немқұ­райдылықтан қорқамын. Ба­балардың басқан жері де, жатқан жері де қасиетті. Соны білу, анықтау, зерттеу – парызың. Олай дегенде түске, аянға сеніп ма­зар салуды айтып тұрғаным жоқ. Ғылыми ізденістердің өрі­сін кеңейтелік. Бұл орайда «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы көптеген игілікті істерді бітірді. «Есік» музейінің қайта жанданғаны – соның бір дәлелі, − деді Бекен ата. 

Ол кісі ешнәрсені асырып та айтқан жоқ, жасырып та айтқан жоқ. «Алтын адамның бағасы Санкт-Петербургтегі орыс пат­шасының тәжінен кем емес», деді. Алтын адам бейнесі – біздің символымыз. Ендеше, Есік өңірі әлі-ақ миллиондардың назарын аударатын алтын мекенге айналады. Мұнда әлемдік туризмнің дамитыны анық.

Егер Бекен атаның армандары орындалса, одан ешкім ұтыл­майды. Қорық маңындағы көріністерді Алтын адам дәуірін­дегі кезеңдерге сай етіп жасақтай алсақ, қандай керемет! Сонда бұл жерге келушілер бір сәт көне тарих қойнауына сүңгіп, сақтармен бірге жүргендей әсерге бөленеді.
Бекен атаның ендігі бір қыры – жазғыштығы. Ол жүздеген ғылыми мақалалардың авторы. Бірақ, осыншалық зор таныммен, мол мүмкіндікпен ғалым атанбаған. Адам сенбейтін қызық парадокс. Еңбексүйгіштігі ерен, енжарлыққа жаны қас. Қағазы қасында, қаламы қолында жүрді. Ендеше, бұл жерде біз білмейтін қандай құпия бар? Оның жауабын да археологтың өз аузынан естігенбіз.

– Рас, кезінде мен де ғалым болуды армандадым. Дайындығым да жеткілікті еді. Бірақ... Барлық мәселе осы біраққа келіп тіреледі. Егер сол шақта тарих ғылымына ден қойсаң, жазылмаған қасаң бір қағидаға кездесесің. Қазақы пайымға, ұлттық көзқарасқа жоламау керек. Оны орындамасаң, өз обалың өзіңе. 

Мәселен, Алтын адам біздің өлкеден табылды. Ол – шындық. Бірақ сен оны біздікі емес, бұл өлкеде ақсүйектер, ханзадалар болған жоқ деп ат тоныңды ала қашуың керек. Киімдерін, әше­кейлерін өзге елдің шеберлері жасады деп монография жазуың қажет. Осы секілді сенің мұра­тыңа сәйкес келмейтін толып жатқан қитұрқылық  алдыңды кес-кестейді.

Менің арым да, жаным да мұндай ұстанымдарды қабылдай алмады. Сол себепті жаман ға­лым болғанша, жақсы археолог қалпымда қалайын деген берік шешімге келдім. Ең­ бас­тысы, адал қызметімді хал­қы­ма, Алашыма арнадым. Мен алғаш археолог жұмысын бас­таған сәтте жеті атамды ғана бі­летінмін. Қазір 77 бабамның бар екеніне көзім толық жетті.

Еңбегім еш, өмірім зая кеткен жоқ. Бәрі бір Алланың, тә­уе­л­сіз­діктің және Елбасының арқа­сы. Жастарға айтатын өсиетім мынада:  ұлтыңды сүй, ұлтын сүй­ген азамат қана әлемнің барша халқын сүйе алады. Осымен бітті, – деді әңгімесін аяқтап.

Болат МӘЖИТ,

журналист

Алматы облысы

Суреттерде: Бекмұханбет Нұрмұханбетов; музейдің сырт­қы көрінісі

Р.S. Менің сезетінім, Бекен ата­мыз болашақта талай шы­ғар­­малардың кейіпкеріне айналады. Соған лайық тұлға. «Тік­ жүріп, тік кетті», дейді әріп­тес­тері. Қаруына балаған қала­мын қолынан тас­тамапты. Әпса­наларда айтылатын аңыз бар. Шыңғысханның сарбаздары ат үстінде шейіт болғанды армандаған екен. Бекмұханбет атамыз да соларға ұқсас киелі тағдырды қайталаған сияқты.