Хоккей • 07 Қыркүйек, 2017

«Барыстың» жеңісін фантастикаға балады

28 реткөрсетілді

Елорданың «Барыс» хоккей клубы Құрлықтық хоккей лигасында кезекті кездесуін сырт алаңда Уфаның «Салават Юлаев» командасына қарсы өткізді. Матчтың үш кезеңі бойынша қарсыласына есе жіберіп жатқан «Барыс» соңғы бір минутта үш шайба соғып, жеңісті жұлып әкетті.

Ойынның бірінші кезеңінде астананың «Барысы» 2:0 есебімен алға шыққан болатын. Матчтың сегізінші минутында Линден Вей асырған шайбаны Найджел Доус қақпаға енгізді. Ал арада екі ми­нут өткенде Максим Семенов есепті 2:0-ге жеткізді. 

Екінші кезеңнің орта тұсына жақындағанда алаң иелері есепті теңестіріп кетті. 26-шы минутта «Салават Юлаев» ойыншысы Йоонас Кемппайнен есеп айырмасын қысқартса, арада бір минут өткенде қақпамызға екінші гол енді. Гол авторы – Артем Фе­доров. Осылайша, екінші кезең 2:2 нәтижесімен тең аяқталды.

Екі команда үшінші 20 минут­тық кезеңді алма-кезек шабуылмен бастады. Өйткені, қай клуб бірінші гол соқса, жеңіс сол команданың еншісінде кететін еді. Маңызды ұпай үшін барын салған «Салават Юлаев» хок­кей­шілері қақпамыз маңында бірнеше қауіпті шабуыл жасап, 50-ші минутта өз дегендеріне жетті.  Теему Хартикайнен гол со­ғып, командасын алға шы­ғарды. Осы голдан кейін уфа­лықтар ө­з­дерін мерзімінен бұрын жеңіске жететіндеріне шамадан тыс сенім артып, босаңсып кет­ті. Қарсыластарының еркінсіп кеткенін сезген «Барыс» хоккей клубы соңғы бір минутта қатарынан үш шайба соғып, «Салават Юлаев­тан» жеңісті жұлып әкетті. Ал­ғашында Найд­жел Доус есепті те­ңестірсе, Мар­тен Сен-Пьер елорда клубына жеңіс сыйлады. Ал осы ойында үшінші голын соққан Доус «Барыстың» жеңісін айқындай түсті. Қорытынды есеп – 5:3.

 «Барыс» клубының сырт алаңдағы жеңісі ресейлік БАҚ-тың назарынан  тыс қалмады. Sports.ru басылымы «Жеңіп тұр­ған матч­тың соңғы 46 секундында қалай жеңілуге болады?», деп та­қырып қойса, «Чемпионат» сайты «Барыстың» жеңісін фантастика деп бағалады. 
Құрлықтық хоккей лигасында алты ойын өткізген қазақстандық команда Шығыс аймағы бойынша 13 ұпаймен үшінші орында келе жатыр. Жеті матчтан кейін «Куньлунь РС» клубы 14 ұпаймен топ бастап тұр. «Ба­рыстың» еншісінде төрт жеңіс және екі жеңіліс бар.

Айта кетейік, «Барыс» хоккей клубы келесі матчын ертең сырт алаңда Ригада жергілікті «Динамо» командасына қарсы өткізеді.

Әли БИТӨРЕ,

«Егемен Қазақстан»

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Еділ мен Жайық суы араласты

Аймақтар • Бүгін, 10:04

Ұқсас жаңалықтар