Ал Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметі бойынша, осы егіс алқаптарынан әзірге 9 миллион 623,5 мың тонна астық жиналған. Әр гектардың өнімділігі орта есеппен 12,7 центнерден айналған. Салыстыру үшін айта кетейік, өткен жылы дәл осы кезеңде астықты өңірлердегі егіс алқаптарынан 9 миллион 1,4 мың тоннаның өнімі алынған болатын.
Егер жағдайды таратып айтатын болсақ, 4 қыркүйек күні Қостанай облысында 2 миллион 116,3 мың гектардың астығы орылған. Сөйтіп, астықты алқаптардың 50,5 пайызында өнім жинау жұмыстары жүзеге асқан. Сондай-ақ, майлы дақылдар егістігінің 61,5 мың гектары немесе 18 пайызы жиналып алынған. Бұдан 2 миллион 267,6 мың тонна астық, 45 мың тонна күнбағыс дәні алынған. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметі бойынша, астықтың әр гектарының өнімділігі 10,7 центнерден, күнбағыстікі 7,3 центнерден айналған.
Айта кетерлік бір жағдай, биыл Қостанай облысындағы ауылшаруашылық дақылдары егістігінің көлемі былтырғыдан 1,1 пайызға ұлғайтылып, 5 миллион 197,1 мың гектарды құрап отыр. Мұның 80,7 пайызы астық және бұршақ дақылдары егістігіне, 12,3 пайызы мал азықтық дақылдарға, 6,7 пайызы майлы дақылдарға, 0,3 пайызы картоп пен көкөніске және бақша дақылдарына арналған.
Солтүстік Қазақстан облысындағы жағдай да осыған ұқсас. 4 қыркүйек күні мұнда 1 миллион 695,9 мың гектардың өнімі орылды. Мұның 337,9 мың гектары – майлы дақылдар егістігі.
Жуықта еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі астықты сатып алу бағасын жариялады. Биылғы егін ору маусымында бидай бағасы оның сапасы мен жеткізу орнына байланысты қалыптастырылды. Бұл ақпарат астық бастырып жатқан диқандарымыз үшін аса қажет болған соң келтіре кетейік.
Сөйтіп 1 тонна астық бағасы клейковинасы (қамырлылығы) мен протеиніне байланысты төмендегідей мөлшерде анықталды:
құрамында 23 пайыз клейковина және 12 пайыз протеині бар 3-сұрыптағы бидайдың тоннасы – 42000 теңге; құрамында 25 пайыз клейковина және 13 пайыз протеині бар 3-сұрыптағы бидайдың тоннасы – 45000 теңге; құрамында 27 пайыз клейковина және 14,5 пайыз протеині бар 3-сұрыптағы бидайдың тоннасы – 50000 теңге (54000 теңге – АҚО-да қапшықталған); құрамында 32 пайыз ұлпа және 15 пайыз протеині бар 3-сұрыптағы бидайдың тоннасы – 60000 теңге (АҚО-да қапшықталған); құрамында 20 пайыз клейковина және 11 пайыз протеині бар 4-сұрыптағы бидайдың тоннасы – 39000 теңге; құрамында 18 пайыз клейковина және 9,5 пайыз протеині бар 4-сұрыптағы бидайдың тоннасы – 37000 теңге; ал 5-сұрыптағы бидайдың тоннасы – 33000 теңге.
Сонымен қатар, 2-сұрыптағы арпаның жеткізу көлемі 1000 тоннаға дейін болса, 40000 теңгеге бағаланбақ, ал жеткізу көлемі 1000 тоннадан артық болса, тоннасының бағасы 41000 теңгеге дейін арта түсетін болады. Бұл бағалардың барлығында ҚҚС-ның қоса есептелінгендігін айта кетсек артық болмас.
Еліміздің астықты өңірлерінде егін орағы қызу қарқын алған осы тұста ақ күрішімен аты шыққан Қызылорда облысының Қармақшы ауданында да осы өнімді жинау жұмыстары басталып кетті. Мұндағы биылғы жылдың бір ерекшелігі, егістіктің елеулі бөлігіне күріштің ирандық «Таром Хошими» сортының егілгендігінде болып отыр.
Аталған күріш сортын өсіріп отырған Ақтөбе ауылындағы «Ақтөбе и К» ЖШС егістік алқаптарында облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың қатысуымен және атақты күрішші Социалистік Еңбек Ері Сәлима Жұмабекованың ақ батасымен күріш бастыру жұмыстары салтанатты түрде басталды.
«Ақтөбе и К» ЖШС-ның күріштің ирандық сортын таңдап алуында да өзіндік сыр бар екен. Облыс әкімдігі мен Иран елінің тиісті орындары өз ара ынтымақтастық орнатуы нәтижесінде екі елдің күріш өсірушілері мен сатушылары өзара мәмілеге келген. Мұнда Ираннан жеткізіліп, өсіріліп отырған «Таром Хошими» сортты күрішті ирандықтардың өздері сатып алмақ. Бұл ел жылына 3 миллион тоннаға жуық күріш тұтынса, соның үштен бір бөлігін сырттан сатып алады екен. Иран еліндегі күріштің орташа шығымдылығы гектарына 33-35 центнерден айналса, «Ақтөбе и К» ЖШС қолданған жаңа технологияның нәтижесінде мұндағы 1510 гектар алқаптағы шығымдылық гектарына 75 центнерден айналып отыр. Демек, екі елдің бірлескен әрекеті қызылордалық күрішшілер үшін пайдалы болатындығы анық.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан»