Қоғам • 08 Қыркүйек, 2017

Мұсылман үмбетінің мақсаты – ықпалдастық

36 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақстан көпвекторлы сыртқы саясатының арқасында экономикасы қалыптасқан, болашағы зор, халықаралық қоғамдастықта беделді елге айналуда. Еліміз әлемдік интеграция идеясының қолдаушысы тұрғысында танылып, көптеген ха­лық­аралық ұйымдардың белсенді және беделді мүшесі болуда. Соның бірі – Ислам ынтымақтастығы ұйымы (ИЫҰ). Бұл мұсылман үмбетін әлемдік күш орталығы ретінде танытатын институционалдық құры­лым. Аймақтағы қиындықтар мен қақтығыстардың, күрделі геосая­си қайшылықтардың, сондай-ақ батыс елдерімен арадағы шиеленісті жағдайдың болғандығына қара­мастан Ұйымның даму әлеуеті ай­тарлықтай. Бүгінгі таңда ИЫҰ қа­уіп­сіздіктің халықаралық құры­лымының құрам­дас бөлігіне айналып, әлемнің даму бағытына барынша ықпал етуде.

Мұсылман үмбетінің мақсаты – ықпалдастық

ИЫҰ өзінің мүше-мемлекеттерінің географиялық ауқымы жағынан әлемде­гі БҰҰ-дан кейінгі екінші орынды иемденетін халықаралық құрылым. Әлемдегі барлық мемлекетаралық саяси ұйымдардың арасында ИЫҰ мемлекеттерді конфессиялық белгісіне қарай біріктіреді. Ал ИЫҰ мүше болу­дағы негізгі міндетті талаптардың бірі – тұрғын халқының басым бөлігінің мұсылман жамағаты болуы шарт. 

Қазақстан мұсылман мемлекеттері қауымдастығында өзінің нақты орынын иемденген. Еліміз 2011 жылы Ұйымға төрағалығын табысты аяқтап, оның жаңа сатыға көтеріліп дамуына өз үлесін қосқан. Төрағалық барысында аймақтағы қауіпсіздік мәселесіне басымдық беріп, орын алған күрмеуі қиын қарама-қайшылықтар мен шие­леністерді шешуге нақты әрекеттер жа­сады. Азиядағы өзара сенім шаралары жөніндегі кеңес аясындағы пікіралмасуды, ислами және еуропалық қауіпсіздік құрылымдары арасындағы ынтымақтастықты дамытуға күш салды. ИЫҰ қауіпсіздік жөніндегі арнайы қарардың қабылдануына ықпал етті. 

Мұсылман әлемі елдерінің тұрғын­дар санының өсуі және дәстүрлі ислами мәдениетті елдерден Еуропаға, Америкаға және әлемнің басқа да ай­мақтарына адамдардың қоныс аударуы негізінде оның ареалы кеңеюде. Діни статистика мәліметтері бойынша, әлемдегі мұсылмандар саны басқа конфессия өкілдерімен салыстырғанда бірнеше есе жылдам өсіп келеді. Өсім­нің мұндай қарқыны сақталған жағдайда мұсылмандардың ара салмағы 2025 жылға қарай 30-35%-ға жетіп, ислам дінін ұстанушылардың жалпы саны 2 млрд адамнан асады деп межеленген.

Ислам әлемі елдерінің экономикасы қарқынды өсуде. Қазіргі таңда үш ислам елі – Индонезия, Түркия және Сауд Арабиясы әлемнің ірі экономикалық жиырмалығы қатарына қосылып отыр. Егер де әлемдік энергия көздері – мұнай мен газ қорының үштен екі бөлігі мұ­сылман ареалына кіретін аймақтарда орналасқандығын ескеретін болсақ, жақын болашақта олардың әлемдік экономика мен саясаттағы салмағының артатынын аңдайсыз. Сонымен бірге ислам құқығы негізінде жасалған экономика да әлемдік қаржы дағдарысы жағдайында өзінің бейімділігі мен өміршеңдігін танытып отыр. Әлемдік дағдарысқа қарамастан 50 миллиард доллардан астам несие берген Ислам даму банкі де бүгінде айтарлықтай жетістікпен жұмыс атқарып отыр.

Соңғы уақыттарда ислам әлемінде жаңа сападағы саяси, ғылыми және мә­дени элита қалыптасты. ИЫҰ-ға мү­­ше көптеген елдердің мұсылман қа­­­уымы белсенді түрде заманауи ин­­­новациялар мен технология­лар­ды кеңінен меңгеруде. Осы үде­рісті әрі қарай қарқынды дамытып, ислам мемлекеттері арасындағы ғы­лыми және технологиялық ынты­мақ­­тастықты тереңдету мақса­тын­да Ел­басы Н.Назарбаевтың ИЫҰ мү­шелерінің Ғылым және технология бо­йынша бірінші саммитін Астана қаласында өткізу туралы ұсынысының маңыздылығы өте зор. Бұл саммит ИЫҰ арасындағы байланысты нығайтып, ғылым және инновацияның дамуына жаңа серпін берері сөзсіз. Осы бағытта жақын болашақта Ислам әлемімен экономикалық даму, ғылым мен технологияны жаңғырту, халықтың әлеу­меттік жағдайын көтеру салаларында нақты жобаларды жүзеге асыруға ерекше назар аударылатын болады. 

Бүгінде мұсылмандық Шығыстың көпқырлы мәдениеті әлемдік өрке­ниеттің басты жетістіктері мен құнды­лықтары ретінде танылып отыр. Ислам дінін қазіргі таңда Азия-Тынық мұхит аймағы, Еуропаның және Америка құрлығының өкілдері қабылдауда. Олардың ішінде әлемге танымал саясат, өнер, ғылым және спорт қайраткерлері бар. Бұл өз кезегінде Исламның батыс мемлекеттері мен жер шарының басқа аймақтарындағы тұрғын халықтардың арасындағы беделінің артуы мен танымал болуына ықпал етуде. 

Сондықтан ИЫҰ-ның дамуына жа­ғымды осындай факторлар мен үдерістер оның жұмысында белсенді түрде қолданылуы – заңды құбылыс. 
 

Соңғы жаңалықтар