08 Қыркүйек, 2017

«Каталон картасы» һәм қазақ хандары

231 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Еуразияның апайтөс даласында біздің бабаларымыздың табаны тимеген жер жоқ шығар. Басқасын былай қойғанда, ХІ ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген Дешті Қыпшақтың әйгілі ханы һәм дарынды қолбасшысы Артық Сарыханұлы дейтін адам болған. Оны орыс жылнамаларында «Отрок хан» деп жазады. Осы Артық ханзада 1118 жылы Грузия патшасы Дәуіттің жалынышты шақыруымен 45 мың сарбазын бастап барып, гүржілерді жоқ қылуға келген өзінен бес есе көп (300 мың) парсы әскерін ойсырата жеңеді. Сөйтіп, ол жерде сегіз жылдай тұрып, туған даласына қайтады. Қазір осы шайқас болған жер грузиндердің мәңгі тәу етер төбесі, бізше айтқанда «киелі орыны».  

«Каталон картасы» һәм қазақ хандары

«Каталон картасы»

Қысқасы, мына тұрған орыс даласы, оның арғы жа­ғын­дағы Қап тауларының қыр­қа-қолатында жауынгер түркі-қыпшаққа қатысты та­рих көп. Осы орайда, жоғарыдағы бабалар жортқан жолмен жүріп, Ұлы Дала тарихына қатысты деректерді түгендеп, қайтқан «Бабалар ізімен» атты экспедиция мүшелері өткен сәрсенбі күні Орталық коммуникация­лар қызметінде баспасөз мәсли­хатын өткізді.

Экспедиция басшысы, танымал меценат Сапар Ыс­қақовтың айтуына қарағанда, бұл сапар өте пайдалы болған. «Жүргенге – жөргем» дегендей экспедиция мүшелері әуелі, қазақ даласын көктей өтіп, Ре­сей, Әзербайжан, Армения, Грузия, Украина, Молдавия, Словения, Беларусь, Литва, Польша, Германия, Франция, Венгрия, Италия, Ватикан, т.б. елдерін аралап, төл тарихымызды түгендепті. 

Өзбек ханның бейнесі

Өзбек ханның бейнесі

Саяхатшыларды жоғарыда Артық ханзада жеңіс туын тік­кен төбе басында Грузия үкі­метінің басшысы өзі келіп күтіп алыпты. Ол: «Бүгінгі тәуелсіз Гру­зия Дешті Қыпшақ ханы Артыққа айрықша қа­рыздар», деген екен. 

Жәнібек ханның бейнесі

Бұдан басқа аса құнды дү­ние, саяхатшылар Еуропа сапары кезінде Ұлы Дала тарихына қатысты карталар тапқан. Атап айтқанда, 1375 жылы Венецияда жасалған қазіргі таң­да толық нұсқасы Париж қаласында сақ­талған «Каталон картасы». Бұл карта кезінде еуропалық саяхатшы-барлаушылар қолымен сызылған. Картада қазақ ханы Жәнібектің аты-жөні жазылған бейнесі бар екен. Екінші карта «Антонио Дульсерт» деп аталады. Бұл 1339 жылы жасалыпты. Мұнда қазақтың Өзбек ханының суреті және Дешті Қыпшақ ор­да­сы­ның туы бейнеленген.

«Антонио Дульсерт» картасы

Үшінші карта – Страленберг Иоган картасы. Бұны 1730 жылы швед офицері жасаған. Картаны өз көзімен көріп пайымдаушы география ғылымдарының докторы Орденбек Мазбаевтың пі­кірінше, бұл құжатта қазақ хан­дығы және қазақ руларының орналасуы жайлы мәліметтер көп және жоғарыдағы екі картадан бүгінгі этностар аумағының таралуын аңғарасыз дейді. 

Деші Қыпшақ хандығының туы

Осылай үлкен сапардан туған жерге оралған сая­хат­шы­лар қазір 40 сериядан тұра­тын деректі фильм жасап жатыр. Оны отандық телеар­налар арқылы халыққа жеткізбек. Оның сыртында алдағы қыр­күйек айының 13-нен бастап елорда төрінде «Дешті Қып­шақ­тың орта­ғасырлық тарихы» атты халықаралық ғылыми конференция өткізбекші. Бұған 25 мемлекеттің түркі-қып­шақ зерттеушілері келеді деп кү­ті­луде. Конференциямен қатар ІІІ халықаралық «The spirit of Desht-I-Kipchak» атты өнер фес­ти­валі өтеді. Бұған 36 елден 100-ге тарта өнер­паздар мен өнер ұжым­дары шақырылып отыр. Бұл өнерпаздар ал­ғашқы кү­ні қазақтың ән-жырын ай­тып сайысады, келесі күні өз елі­нің өнер­лерін көрсетеді. 

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, 
«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар