Тәрбие • 08 Қыркүйек, 2017

Мейірім бумерангі

286 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Нияз Сүндетәлиев – Қараған­дыдағы белсенді жастардың бірі. Өмірге деген құлшынысы бар қайсар жігіт өзінің науқас­танғанына қарамастан қоғам өмі­ріне қомақты үлес қосып ке­ле­ді. Ғаламторда жеке блогын жүр­гізіп, жетім балаларға қолдау көрсетуге мұрындық болып жүр. Осы жылы денсаулық сақтау саласына қосқан үлесі үшін «Алтын жүрек» ұлттық сыйлығымен марапатталды.

Мейірім бумерангі

Нияз бірнеше жыл бұрын алған жарақатынан омыртқасын зақымдап, мүгедек болып қалған еді. Қазақстандықтар оған шетелде ота жасату үшін қаржы жинап берген. Алайда, медициналық орталықтың мамандары отаны тегін жасауға дайын екендіктерін жеткізді. Сондықтан, ол бірнеше жыл бойы еміне жиналған 5 миллион 584 мың теңгені Аружан Саиннің қайырымдылық қорына аударды. Бұл қаражат 2 жасар София Брусенскаяның Сеулде алып жатқан еміне және басқа да науқас балалардың қажетіне жұмсалды.

Нияздың ерлігін батырлыққа балаған қазақстандықтар қа­йы­­рымдылық концерттер ұйым­дастырып, оның еміне көмек көр­­сету мақсатында банкте есепшоттар ашты. Бүгінгі таңда мүмкіндігі шектеулі балалар үшін ұйымдастырылатын шараларға қолдау көрсетіп келе жатқан жо­­март жігіттің аяққа тұруына ті­лекші, материалдық әрі рухани кө­мек көрсетіп жүрген жандар баршылық.

«Менің мақсатым да, тілегім де – денсаулық. Осы орайда қа­зақ­стандықтар маған көп қолдау көрсетеді, бұл – шын мәнінде қо­ғамға керек екенімді білдіреді», дейді ол.

Сондай-ақ, ол қиын жағ­дай­ға тап болған адамдарға көмек­тескені үшін Қарағанды облысы әкі­мінің «Қайнар» жастар сыйлығының жеңімпазы атанды.
Бүгінде Қарағанды қаласының тұрғыны шаһардағы досы көп жастың бірі. Мүгедектер арбасына таңылғанына қарамастан, ертеңіне мол үмітпен қарайды.

Нияздың айтуынша, барлық қиындықтарға мойымай, айналаға жылу шашып, адамдардың қуа­нышты түрін көруден асқан бақыт жоқ. Өз жүрегіңнің қалауымен жүр­сең, бар жақсылықты ке­йін­ге қалдыруға болмайтынын түсінесің. Ал жақсылық, қара­пайым сөзбен айтқанда, көңіл бө­лу мен мейірімнен тұрады. Адам өмірі қысқа, сондықтан әркім өз өмірін лайықты өткізу үшін қайырымды болғаны дұрыс. 

Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»

Қарағанды облысы