Қазақстан • 11 Қыркүйек, 2017

Ислам әлеміндегі ғылыми серпіліс

1074 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Елордада Ислам ынтымақтастығы ұйымының бірінші саммиті өтуде

Ислам әлеміндегі ғылыми серпіліс

Кеше елордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Ислам ынтымақтастығы ұйымының ғылым және технологиялар жөніндегі бірінші саммиті басталды. Екі күнге созылатын алқалы жиынға 15 мемлекеттің басшылары мен үкімет басшылары, 37 елдің делегациясы, 30 халықаралық ұйымның басшылары мен өкілдері қатысуда.

Қазақстан Президенті саммиттің пленарлық отырысының ашылу салтанатында сөз сөйлеп, бұл басқосу ислам тарихында ерекше із қалдыратынына сенім білдірді. Нұрсұлтан Назарбаев қазақ халқының ислам әлемімен қарым-қатынасы ежелгі заманнан тамыр тартатынын айтты.

– Біздің байтақ даламызға Ислам діні бұдан мың жылдан астам уақыт бұрын келді. Еліміз ислам мен батыс өркениеттері арасындағы достық диалогқа дәнекер болып отыр, – деді Қазақстан Президенті.

Өз сөзінде Мемлекет басшысы қазіргі таңда мұсылман үмбеті бетпе-бет келіп отырған сын-қатерлерге тоқталды.

– Біріншіден, экстремистік және террористік ұйымдар кеңінен етек алуда. Олардың лаңкестік әрекеттерінің нәтижесінде, бірінші кезекте мұсылман әлемі елдерінің азаматтары зардап шегіп отыр. Екіншіден, исламофобиялық пікір қоғам ішінде кең таралуда. Батыс елдерінде мұсылмандарға қарсы қылмыстық әрекеттер жыл сайын көбейіп барады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сондай-ақ, Қазақстан Президенті Мьянмада болған жағдайға байланысты алаңдаушылық білдіріп, барлық тарапты бұл проблеманы БҰҰ алаңындағы диалог аясында тек бейбіт жолмен шешуге шақырды.

– Үшіншіден, 1 жарым миллиардтан астам адамды біріктіретін ислам әлемі бүгінде, өкінішке орай, ауызбірлік таныта алмай отыр. Содан біз көп ұтылып отырмыз. Мұсылмандар арасындағы бытыраңқылық пен конфессияға бөлінуді сыртқы күштер өз мүддесіне пайдалануда. Біз мұны артта қалдыруымыз керек. Төртіншіден, әлемнің өзге өңірлері қарқынды дамып жатқанда көптеген мұсылман елдері көш соңында қалды. Кейбір сыншылар ислам дүниесінің артта қалуы діннің өзімен байланысты деп санайды. Алайда, бұл ақиқатқа мүлде жанаспайды. Егер тарихқа жүгінетін болсақ, ислам өркениеті өз кезеңінде әлемнің неғұрлым дамыған орталығы болды. Ол бүкіл адамзаттың өркендеуіне зор үлес қосты. Қазіргі цифрлық экономиканың үш тұғыры бар. Яғни, сандар, алгебра, алгоритм. Бұл үш тұғыр бір ғалымның есімімен байланысты екенін атап өткен жөн. Ол 12 ғасыр бұрын біздің өңірде Амударияның саласында туған Мұхаммед ибн Мұса әл-Хорезми болатын. Алгоритм термині әл-Хорезми есімінің латын тіліндегі транскрипциясы болып табылады. Қазір дамудың жаңа ұйымдастырушылық сатысына өтуге мүмкіндік туды, осыны пайдалануымыз керек. Пайғамбарымыздың хадистерінде мынадай жолдар бар: Кімде-кім білім іздеу жолына түссе, Алла тағала оның жәннатқа бару жолын жеңілдетеді,– деді Елбасы.

  Мемлекет басшысы атап өткендей, ислам – бүгінде қарқынды дамып келе жатқан дін. ХХІ ғасырда ол әлемдегі ең көп тараған дінге айналады. Пайғамбар хадисінде «Бесіктен қабірге дейін білім іздеңдер» деп айтылған. Олай болса, басты міндет – ислам өркениетіне қызмет ететін жаңа идеяларды жүзеге асыратын интеллектуалды жаңа элитаны тәрбиелеу. Алайда, мұсылман мемлекеттері ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерге орташа алғанда жалпы ішкі өнімнің жарты процентін ғана біледі. Ол 2,3 процентті құрайтын әлемдік көрсеткіштен әлдеқайда төмен. Қоғамдастық мемлекеттерінде 1 миллион тұрғынға шаққанда зерттеушілердің саны 615 адамды құрайды. Ол әлемдік орташа көрсеткіштен 2 жарым есе аз. Осы жағдайды күрт өзгерту керек. Қазір ислам әлемінде рухани сілкініс, жаңғыру қажеттілігі туындауда.

– Адамзат төртінші индустриялық революция қарсаңында тұр. 2017 жыл ғылыми-техникалық және инновациялық дамудың жақсы көрсеткіштеріне қол жеткізген Ислам ынтымтымақтастығы ұйымының елдері аз емес. Мұны ғаламдық инновациялар индексі арқылы көріп отырмыз,– деді Елбасы. – 

Нұрсұлтан Назарбаев мұсылман елдеріндегі ғалымдардың ізденістеріне қолдау көрсетудің маңыздылығына назар аударып, ұйым аясында ғылым мен технологияларды дамытуға қосқан үлес үшін сыйлық тағайындау туралы шешім қабылданғанын айтты.

– Инновациялық кластерлер ғылымды қамтитын орнықты экономиканы қалыптастырудың негізі болып саналады. Қазақстан осындай кластерлерді Назарбаев Университеті мен Инновациялық технологиялар паркі базасында белсенді дамытуда. Ислам ынтымақтастығы ұйымының барлық елдерінің ғалымдары мен зерттеушілерін осы жұмыстарға белсенді атсалысуға шақырамын, – деді Мемлекет басшысы.

Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті ғылым мен инновацияны исламдық қаржыландырудың рөлін арттыру маңызды екенін атап өтті.

– Біз ЭКСПО-2017 көрмесін өткіздік. Енді оның аумағында «Астана» халықаралық қаржы орталығы жұмысын бастайды. Сіздерді ислам қаржысы саласындағы ынтымақтастықты арттыруға шақырамыз. Бұл ретте Ислам даму банкінің ғылым және инновацияларды қаржыландыру жөніндегі әлеуеті өте зор, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы жасыл технологияларды дамыту мәселесіне тоқталып, жасыл технология мен инвестицияны дамыту жөніндегі халықаралық орталықтың әлеуетін тиімді пайдалануды ұсынды. Аталған орталық үш ай бойы әлем назарын Қазақстанға аударған ЭКСПО халықаралық көрмесінің базасында құрылатын болады. ЭКСПО көрмесінде энергетика саласындағы жаңа идеялар, зерттеулер мен технологиялар көрініс тапты. Ислам ынтымақтастығы ұйымы саммитінің осы көрме аясында өтуінің символдық мәні бар деуге болады.

– Біздің елдеріміз үшін аграрлық саладағы ынтымақтастық аса маңызды. Бәріміз бірлесіп аграрлық ғылымды дамытып, жаңа технологияларды енгізуіміз керек. Бұл тек ауыл шаруашылығының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға емес, бұдан да тығыз интеграция мен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін де қажет. Қазақстанның өз тарапынан азық-түлік өнімін арттыруға, оны ислам елдеріне шығаруға барлық жағдай мен мүмкіндіктері бар, – деді Елбасы.

Осы жиында Мемлекет басшысы Ислам әлеміндегі маңызды ғылыми-экономикалық мәселелерді шешу үшін G20 форумы сынды бейресми топ құру туралы ойымен бөлісті.

– Ислам ұйымының алдыңғы қатарлы он бес мемлекеті бірігіп, оны OIC15 деп атасақ дұрыс болар еді. Ислам үмметіне ғылым мен техникалар саласын да дамыту мәселесі өте маңызды болып отыр. Осыған орай алдыңғы қатарлы батыс елдерімен тұрақты әрі жемісті байланыстар орнату қажет. Олармен өзара байланыста болуымыз түбі ислам елдерінің ілгерілеуіне пайдасын тигізетіні анық,– деді Елбасы.

Пленарлық отырыста Қазақстан Президенті көпұлтты және көпконфессиялы қоғамда дінаралық келісімді сақтаудың қазақстандық тәжірибесін бөлісуге әзір екендігін жеткізді. Жиынға қатысушылардың баршасын 2018 жылы өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының алтыншы съезіне келуге шақырды.

– Сөз соңында, ұрпақтарымыз ислам әлемінің бірлігіне, ынтымақтастығы мен болашағына арналған бүгінгі тарихи форумға жоғары баға береді деп ойлаймын, – деді Мемлекет басшысы.

Саммиттің пленарлық отырысында Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайип Ердоған сөз сөйлеп, қатысушыларды Мьянмадағы күрделі ахуалды реттеуге атсалысуға шақырды.

– Мьянмадағы бауырларымыз қиын жағдайда. Олар өз үйлерін тастап, жан-жаққа босып кетуге мәжбүр. Біз осы бір әділетсіздікті бірге тоқтатуымыз қажет. Бангладеш пен Мьянма үкіметтерімен келісе отырып, ол жердегі «адамзат драмасын» шешкен жөн. Барлық мұсылман мемлекеттері бірігіп, бауырларымызға қол ұшын созуымыз керек, – деді Ердоған.

Ал Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев өз елінде жас ғалымдардың Халықаралық ислам орталығын ашуға дайын екенін білдірді.

– Бұл орталық білім мен тәжірибенің ордасына айналатынына сенемін. Орталықта бірлескен зерттеулер жүргізуге болады. Сондай-ақ, ғұлама Әл-Хорезмиге арнап жас математиктердің халықаралық Олимпиадасын өткізуді ұсынамыз. Ислам ынтымақтастығы ұйымының мұсылман әлеміндегі ғылыми жетістіктері үшін арнайы награда тағайындау да дұрыс болатын еді,– деді Ш.Мирзиёев.

ИЫҰ Бас хатшысы Юсеф бен Ахмад әл-Осейминнің пайымдауынша, исламофобияға қарсы ғылымның көмегімен күресу жемісті болады. Қазіргі ахуал мұсылман әлемінің алдына сын-қатерлер туындатып отыр. Терроризм, экстремизм, исламофобия өршіп барады. Бұған қоса, біздің елдерімізде жұмыссыздық, сауатсыздық пен кедейшілік сынды проблемалар да бар. Осы проблемаларды шешу үшін ғылым мен озық технологияларды қолдануға тиіспіз. Яғни, қоғамымызға сапалы білім беруіміз керек,– деді ол.

Саммит барысында Пәкістан Ислам Республикасының Президенті Мпинки Хусейн, Мавритания Ислам Республикасының Президенті Мохаммед ульд Әбдел-Әзиз, Әзербайжан Республикасының президенті Ильхам Әлиев, Гвинея Президенті Альфа Конде, Иран Ислам Республикасының Президенті Хасан Рухани сынды мәртебелі тұлғалар да сөз сөйлеп, өз пайымдарын ортаға салды, ұсыныстарын жеткізді. Мемлекет басшысы оларға Қазақстан туралы айтқан жылы лебіздері үшін алғыс білдіріп, ғылым мен технологияларды дамыту жолындағы ынтымақтастықты нығайтудың өзекті екенін атап өтті.

Бірінші жұмыс сессиясының соңында саммиттің қорытынды құжаты – Астана декларациясы қабылданды. ХХІ ғасырдағы қоға өмірінде ғылымның ықпалының артуы барша адамзат үшін маңызды екенін атап көрсеткен Елбасы:

– Саланы дамыту үшін бұл мәселеге қатысты бірлігіміз берік екенін өзге елдерге таныта білуіміз керек. Саммиттің саяси қорытынды құжаты Астана декларациясының қабылдануы сол бірлігіміздің дәлелі болуға тиіс деп ойлаймын. Ғылым және технологиялар жөніндегі бірінші саммит декларациясының қабылдануы бәрімізге құтты болсын!– деді.

Сондай-ақ, осы басқосуда Түркия тарапының ұсынысы назарға алынып, мемлекеттер мен үкіметтер басшылары отырысы төрағасының қорытынды есебі әзірленін айта кеткен жөн.

Пленарлық отырыс түйінделер тұста Нұрсұлтан Назарбаев Ислам ынтымақтастығы ұйымының бас хатшысымен бірге ислам елдерінің көрнекті ғалымдарын Ғылым мен технологияларды дамытуға қосқан үлесі үшін берілетін арнаулы сыйлықпен марапаттады. Мемлекет басшысы сыйлықты Стамбул техникалық университеті химия факультетінің профессоры Юсуф Ягчыға, Сауд Арабиясы Короьдігінің Король Абдалла атындағы технологиялық университетінің профессоры Мұхаммед-Слим Алоуиниге, Гамбия медициналық зерттеу орталығының аға менеджері Ассан Жайеге, Мороккодағы Y Мұхаммед атындағы университеттің профессоры Райя Чиркаоуи әл-Мурслиге, ҚР БҒМ Ғылым комитеті «Ұлттық биотехнология орталығы» РМК-ның бас директоры Ерлан Раманқұловқа табыстады.

Екі күнге созылатын Ислам ынтымақтастығы ұйымының ғылым және технологиялар жөніндегі бірінші саммитінің пленарлық отырысының соңында Мемлекет басшысы қатысушыларды ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің жабылуына арналған салтанатты рәсімге шақырды. Саммит бүгін жалғасын табуда.

Арнұр АСҚАР,

«Егемен Қазақстан»