11 Қыркүйек, 2017

Амангелді батырдың баласы

2453 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеңес заманында күн кешкен бірнеше буын­ның бала кезден біліп өскен батыр­ларының бірі – 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің басшысы Амангелді Иманов.

Амангелді батырдың баласы

Бізге дейінгілер мен бізден кейінгілер Амангелді батырдың ерлігін оқулықтардан оқыды, кинодан көріп, жақсы біліп өсті. Амангелдінің атында көшелер мектептер бар. Кинолар түсірілді. Өзі аттас ауданда Аман­гелді Имановтың музейі де бар. Осын­дай батырды еске түсіруге сеп болып отырған – мына фото. Бұл суретте Амангелді Үдербайұлының Шәріп атты баласы тұр. 

Суретті түсірген байырғы қызылордалық фототілші Болат Омарәлиев былай дейді: – 1998 жылы Қызылорда қаласының қақ ортасына Амангелді Имановқа ескерткіш қойылды. Шаһарымыздың ажарын аша түскен салтанатты оқиғаға сол кездегі қала басшысы Бақберген Доспанбетов пен облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтар қатысып, халық көп жиналды. Ол жылдары Қызылордада еліміздің айтулы тұлғаларына қатысты ескерткіштер жоқ болатын. Бұл үрдіс Бердібек Сапарбаевтан бастау алды. Қызылорда үшін айтулы күн болған оқиғаға батырдың ұрпақтары, оның ішінде баласы Шәріп те шақырылды. Мен бұл суретті тура Амангелді батырдың ескерткішінің түбінен түсіріп алдым. Сол кезде Шәріп ақсақалдың айтуы бойынша елімізде Амангелді батырға қойылған екі ескерткіш бар екен. Мынау үшіншісі деді». 

Сирек сурет қолға түскеннен кейін біз Аман­г­елді батырдың ұрпақтары туралы де­рек іздеп, оның баласы Шәріпке қатысты мә­лі­мет­­тердің жоқтың қасы екенін байқадық. 

Енді бір деректер, 1967 жылы шыққан Ма­қан Жұмағұловтың «Қыран қазасы қия­да» романында батырдың Рәш есімді әйелі­­­нің аты кездесетіндігін алға тарта­ды. Аман­­гелді қаза болғанда жасқа да тол­май қал­ған Рамазан Амангелдіұлы әкесі тура­­лы «Батыр­дың балалық шағы» пове­сіне де­рек жинап жүргенде, соғысқа атта­на­ды. Қа­­тар­­дағы автоматшы Рамазан 1941 жыл­­дың қара күзінде Мәскеу түбінде он үш фа­­шис­­т­ің көзін жойып, ерлікпен қаза таба­­ды. Қабірі Мәскеуден 60 шақырым жер­­дегі Серпухов қаласында. Рамазанның әйе­­лі Нәзира Батыс Қазақстанның тумасы екен. Рама­зан шейіт болған жылы екі жасар ұлы Батыр­лан, 1942 жылы қаңтарда туған қызы Рай­ханмен 26 жасында жесір қалған. Батыр­­дың немересі Батырлан Амангелдиев – мате­­матик, техника ғылымдарының кан­ди­­­да­ты, екі қызы бар екен. Амангелді Има­нов­­тың суреттегі ұлы Шәріп Иманов та соғыс­­қа қатысып, 1949 жылы елге орал­ған. «Ата­­ның асыл мұра­сы» естелігін жаз­ған. Шә­­ріп 2000 жылы қайтыс болған. Аман­гел­ді Иманов­тың әкесі Үдербаймен бірге ту­­ған жа­қын туыстарынан да біраз ұрпақ бары анық.

Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ

Суретті түсірген
Болат ОМАРӘЛИЕВ