Қазақстан • 11 Қыркүйек, 2017

Латын әліпбиі – фонетикамыз бен дыбыс жүйемізге ең жақын әліпби – Д.Қыдырәлі

398 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Мәжілісте «Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселелері туралы» парламенттік тыңдау өтіп жатыр.  Парламенттік тыңдау барысында «Егемен Қазақстан РГ» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі баяндама жасады. Ол жаңа әліпбидің мәдени тұтастықты орнықтырып, ақпарат кеңістігін дербестікке жетелейтіндігі турасында айта келіп, әліпби алмастырудың тиімділігі жөніне тоқталды.

Латын әліпбиі – фонетикамыз бен дыбыс жүйемізге ең жақын әліпби – Д.Қыдырәлі

– Елбасымыздың халқымызды рухани жаңғыруға бастаған бағдарламалық мақаласы жарияланған күннен бері «Егемен Қазақстанда» қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру ісіне қатысты көптеген пайымды пікірлер жарық көріп келеді. Бұл латын әліпбиіне қатысты тағдыршешті жобаның тарихи маңызын айқындай түседі, – деген ол Халықаралық Түркі академиясының да осы жобаға қатысты іргелі зерттеулер жүргізгенін атап өтті.

– Зерттеулер нәтижесінде көз жеткізгеніміз, латын әліпбиінің түркологияның ортақ әліпбиі екендігі. Мәселен, көне түрік жазбаларын таңбалағанда түркологтар латын транскрипциясын қолданады. Бұған Баскаковтар басқарған «Советская Тюркология» да сүйенген. Бұл үрдіс Ресейде әлі де жалғасып келеді. Ал Нью-Иорк университетінің профессоры Ларисса Бонфанте сынды ғалымдар латын әліпбиінің түп тамыры ежелгі этруск жазуына тірелетінін жазады. Түркі халықтары туралы ауқымды энциклопедиялық мұра болып саналатын ортағасырлық «Кодекс Куманикус» латын әліпбиінде қағазға түскен. Бертінде, 1926 жылғы Баку Құрылтайында бүкіл ғалымдарымыз латын әліпбиін таңдап алған. 1990 жылдардың басында түркі елдерінің ғалымдары тағы осындай тоқтамға жүгінген. Бұдан аңғаратынымыз, латын әліпбиі – біздің фонетикамыз бен дыбыс жүйемізге ең жақын әліпби деуге болады, – деді Дархан Қыдырәлі.

Талқылауға сондай-ақ, әліпби жобасын әзірлеуші А. Байтұрсынов атындағы тіл білімі институтының және Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының басшылары, жоғары оқу орындарының ректорлары, ғылым және мәдениет қайраткерлері, ғалымдар мен сарапшылар, оның ішінде шетелдіктер, қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері шақырылды.  Парламенттің тыңдау қорытындысы бойынша тиісті ұсынымдар қабылданбақ. 

Ая Өміртай,

"Егемен Қазақстан"

Суретті түсірген Ерлан Омар,

"Егемен Қазақстан"