Аймақтар • 27 Сәуір, 2024

Шығыста 20 мың түп ағаш отырғызылады

115 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында шығысқазақстандықтар белсенділік танытып, 20 мың көшет отырғызды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Шығыста 20 мың түп ағаш отырғызылады

Қазірде облыс көлемінде көгалдандыру жұмысы қарқын алып келеді. Жалпы, биылғы жылдың өзінде 123 мыңға жуық көшет отырғызу жоспарланған.

Бүгін Өскеменде «Қазақстан» тауының етегінде сенбілік өтіп, көшеттер отырғызылды. Шараға қала қонақтары, еріктілер және мемлекеттік орган өкілдері мен жеке кәсіпорын ұжымдары да қатысты.

«Отанға, еліне деген махаббат тазалықтан және еңбекқорлықтан басталуы қажет. Сондықтан,бүгінгі бірегей шара жастар арасында дәстүрге айналып қана қоймай, өскелең ұрпаққа жақсы үлгі болады деген сенімдемін», деді облыс әкімі Ермек Көшербаев.

Шығысқазақстандықтар «Таза Қазақстан» акциясына қатысуда белсенділік танытты. Акцияның бірінші апталығы «Таза Өлке» аясында 21,4 мың аула тазаланып, 6 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды.

«Киелі мекен» апталығында 161 қоғамдық орын, сквер және 136 ескерткіш тазаланды. Ал «Өнегелі ұрпақ» аптасында облыстағы ардагерлер мен қарттардың ауласы тазаланып, сенбіліктер өтті. Ендігі кезекте «Мөлдір бұлақ» апталығында арықтар мен бұлақ көздері тазалаудан өтпек.