Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында қазақстандықтардың денсаулығын жақсарту, саламатты өмір салтын насихаттауда атқарылатын іс-шаралар көрсетілген. Әсіресе, онда профилактикалық жұмыстарды сауатты ұйымдастырған жағдайда ғана ерте сатыдағы аурулардың алдын алуға болатындығы атап айтылған. Бұл орайда Денсаулық сақтау министрлігі Саламатты өмір салтын қалыптастырудың проблемалары ұлттық орталығына ауқымды міндеттер жүктеліп отыр. Енді екі жылдан соң біртұтас ұлттық денсаулық сақтау жүйесін енгізуді аяқтауға бет бұрған елімізде халықтың мақсатты тобының денсаулық жағдайын бақылау бағытында қандай бағдарламалар енгізілмек? Міне, осы және келешекте атқарылатын іс-шаралар жөнінде ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Саламатты өмір салтын қалыптастырудың проблемалары ұлттық орталығының директоры Жәмила БАТТАҚОВА әңгімелейді.
– Жәмила Еркінқызы, сізге ең алғашқы сауал, елімізде 2008 жылы іске қосылған Ұлттық скринингтік бағдарлама туралы болмақ. Қазақстандағы халықтың мақсатты тобына арналған бұл бағдарламаның маңызы мен мәні және тиімділігі жөнінде айтып берсеңіз. Сондай-ақ «скрининг» деген сөздің мағынасы қандай?
– Денсаулық сақтау ісін дамыту жөніндегі 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес Денсаулық сақтау министрлігі ағымдағы жылы профилактикалық іс-шараларды күшейтуде және скринингтік зерттеулерді кеңейтуде. Балалардың профилактикалық тексерулерін, қан айналымы жүйелерінің аурулары, жатыр мойнының, сүт бездері обырын бастапқыда айқындау скринингтерін және олардың даму тәуекелдерінің факторларын да қамтиды. ДДҰ ұсынысы бойынша, бастапқыда айқындалған глаукомаға, қант диабетіне, балалардың іштей тумасынан және туғаннан кейін пайда болған есту патологиясына, колоректалды обырға және В және С гепатитіне қосымша жаңа скринингтер енгізілген. ДСМ-нің Саламатты өмір салтын қалыптастырудың проблемалары ұлттық орталығы осы ұлттық скринингтік бағдарламаның мониторингін және үйлестірілуін жүргізеді. Оны іске асыру үшін мемлекеттен жеткілікті қаржы бөлініп, адам ресурстары қарастырылған, қорытындыларды талдауға бағдарламалық қамсыздандыру енгізілді. Емханаларда отбасы денсаулығы орталықтарының және саламатты өмір салты мектептерінің, сондай-ақ медицинаның әртүрлі бағыттары бойынша денсаулық мектептерінің профилактика бөлімшелері құрылған. Белгілі бір жастағы дені сау тұлғаларды жыл сайын профилактикалық медициналық тексеру – скрининг деп аталады, мұның мақсаты – аурудың бастапқы кезеңін және тәуекел факторларын айқындау, ол уақытылы ем қабылдауды, сауығып кетуді қамтамасыз етуге, сондай-ақ асқынуға, мүгедектікке және өлімге әкеліп соқтыратын аурудың күрделі түрінің дамуын тоқтатуға мүмкіндік береді. Елімізде скрининг тегін медициналық көмек көрсетудің кепілдендірілген көлемі тізіміне кірген және тіркелген орын бойынша медициналық ұйымдарда жүргізіледі.
– Өзіңізге белгілі, халқымызда «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген ұлағат бар. Сонда кез келген сырқаттың алдын алуға ықпал ететін скринингтік тексерулер қалай жүргізіледі?
– Еліміздің ересек тұрғындарын скринингтік тексерулерден өткізуді биылғы жылдан бастап емханалар мен амбулаторияларда құрылып жатқан профилактикалық және психологиялық әлеуметтік көмек бөлімдерінде учаскелік дәрігерлер жүргізеді. Егер де әлдебір сырқаттың түрі анықталған кезде окулист, онколог және өзге де мамандардың тексерулерінен өту қажет. Тағы бір айта кететін жәйт, ересек тұрғындарды тексерудің мұндай түріне жүрек тамыры және онкологиялық ауруларды, қант диабетін, глаукоманы бастапқы кезеңде айқындауға және онымен күресуге мүмкіндік беретін зерттеулер жатады. Сондай-ақ, антропометриялық өлшемдер (бойы, дене салмағы, бел айналасы); артериалдық қысымды өлшеу; 40-70 жасқа дейін көздің ішкі қысымын өлшеу; 18-64 жасқа дейін холестерин және қан глюкозасы деңгейін анықтау; электрокардиография – көрсеткіш бойынша; көрсеткіш бойынша – кардиологтың, эндокринологтың, офтальмологтың тексеруі; тәуекел тобынан – балалардағы В және С созылмалы гепатиттерінің маркеріне арналған қан анализі. Обыр ауруының туындауына ықпал ететін патологиялық өзгерістерді, сондай-ақ дамудың бастапқы кезеңінде ісіктерді айқындау үшін әйелдерге – 30, 35, 40, 45, 50, 55, 60 жаста патологиялық өзгерістерді жоққа шығару үшін жатыр мойнының сүртіндісін цитологиялық зерттеуден; акушер-гинекологтің тексеруінен, көрсеткіш бойынша – кольпоскопия; 50, 52, 54, 56, 58 және 60 жаста сүт бездерінің (маммография) рентгенологиялық зерттеуден көрсеткіш бойынша – маммологтың, онкологтың тексеруінен өту қажет; 50-68 және 70 жастағы ер және әйелдерге тоқ және ащы ішектерінің ауруын бастапқыда айқындауға арналған жасырын қанға үлкен дәрет тестісінен өту; хирургтің, проктологтың, гастроэнтерелогтың тексеруінен, көрсеткіш бойынша – тоқ және ащы ішекті эндоскопиялық зерттеуден өткізу қажет. Атап айтарлығы, міне осындай зерттеулерді жаппай өткізетін елдерде жатыр мойыны, сүт бездері және тоқ ішек обырынан туындайтын өлім бірден азайғаны байқалды.
– Жәмила Еркінқызы, жасыратыны жоқ өзінің денсаулық жағдайы қалыпты деп есептейтіндер қандай мамандарға қаралуы тиіс?
– Тұрғындардың барлығы дерлік профилактикалық тексерулерден міндетті түрде өтуі тиіс. Сондай-ақ денсаулығы алаңдатпаса да жасы мен жынысы бойынша қанның және зәрдің жалпы анализі жасалады. Пациент учаскелік терапевке қаралып, сырқаты анықталса, олар – тәуекел факторларын азайту жөнінде кеңес алу үшін саламатты өмір салты кабинеттеріне жіберіледі. Одан басқа, учаскелік терапевт тексеру қорытындысы бойынша тексерілуге дейінгі және сауықтырудың жеке жоспарын ұсына алады. Алайда, егер адам денсаулығында ешқандай ауытқу байқалмаса, онда бұл адамның өзіне және өз денсаулығына жауапты қарайтындығын растайды.
– Диспансерлік есепте тұратын созылмалы сырқаты барлар қандай маманға көрінген жөн?
– Бұл жағдайда, ең алдымен, диспансерлік есепте тұратын адамның сырқатының түрін анықтап, дәрігерге барғандығы туралы белгі жасалатын Ф-30у есепке алу формасы толтырылады. Диспансерлік топта тұратын тұлғаларды дәрігерлердің тексеруі әртүрлі №571 бұйрыққа сәйкес жүргізіледі. Егер де осындай сырқаты бар пациент ұзақ уақыт бойына дәрігердің қабылдауына тексеруге келмесе, онда медициналық қызметкерлер оның келмеу себебін білуі тиіс. Өз денсаулығы мен өзінің болашағына жауапты әрбір адамның профилактикалық тексеруден өте білуінің пайдасы зор. Адамдардың белсенділігінсіз ұлт денсаулығын сақтау проблемаларын шешу де мүмкін емес. Еліміздің барлық тұрғыны өзінің және балаларының денсаулығын сақтау және нығайтуға жауапты болуы тиіс. Бұл міндет саламатты өмір салтын қалыптастыру, аурудың бастапқы профилактикасы және тегін медициналық көмек көрсетудің кепілдендірілген көлемін пайдалана білу арқылы жүзеге асырылуы тиіс.
– Сонда, ең алдымен, қандай кәсіп өкілдері медициналық алдын ала тексерулерден жүйелі түрде өтуге міндетті?
– Міндетті медициналық тексерулер жүргізу кезіндегі кәсіптер тізімі ДСМ-нің 2009 жылғы 16 қарашадағы №709 бұйрығымен бекітілген. Профилактикалық медициналық тексерулер жұмыс беруші есебінен өткізіледі, оларды өткізудің мерзімділігі жоғарыда көрсетілген бұйрықпен белгіленген. Қауіпті және зиянды заттардың әсерінен науқастанатын жұмысшылар медициналық тексеруден (зиянды факторлар тізіміне сәйкес) – профпатолог, терапевт, невропатолог, дерматовенеролог, онколог, стоматолог және де басқа мамандар тексеруінен өтулері қажет.
– Өз денсаулығына немқұрайды қарайтындар да бар. Сіз қалай ойлайсыз, мұның өзі уақыт тапшылығына ғана байланысты ма?
– Өз денсаулығының жағдайын білу – бұл әрбір адамның міндеті. Ыңғайлы уақыт тауып, скринингтен өту қажет. Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін (бұдан әрі – ТМККК) көрсететін мемлекеттік және мемлекеттік емес амбулаториялық-емханалық ұйымдардың жұмыс тәртібі құрылымдық бөлімшелердің барлық мамандары үшін ауыспалы кесте бойынша сағат 8.00-ден 20.00-ге дейін уақыт белгіленген. ТМККК көрсететін, алғашқы медициналық-санитарлық көмек (АМСК) мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарында демалыс және мереке күндері: консультативтік-диагностикалық бөлімшелердің мамандарын қажет кезде АМСК мамандарын тарту арқылы кезекшілік ұйымдастырылған. Скрининг идеясының өзі жылдам-диагностикалық әдістемелерді жүргізу есебінен диагноз қоюда уақытты қысқартумен қорытындыланады.
– Қажетті жабдықтары және мамандары жоқ шалғай ауылдардың тұрғындары профтексеруден қайда өтеді?
– Шалғай ауылды аудандардағы адамдарға профилактикалық медициналық тексеру жүргізу үшін қазіргі заманғы медициналық техникамен, соның ішінде ЭКГ, УЗИ-диагностика, маммография, флюорография аппаратымен жабдықталған жылжымалы медициналық кешендер (ЖМК) жұмыс істейді. Кешен 7 кабинеттен, соның ішінде офтальмология, гинекология, хирургия, стоматология, рентгенология және тағы басқа да кабинеттерден тұрады. Кешен базасының негізінде қазіргі заманға сай шұғыл түрде қызмет көрсететін зертханамен жабдықталған. Медициналық бригада құрамына облыстық емдеу-профилактикалық мекеме мамандары кіреді. 2011 жылы Денсаулық сақтау ісін дамыту жөніндегі 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы аясында ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету деңгейін көтеруге мүмкіндік беретін «КамАЗ» автомәшинесі базасында 50 жылжымалы медициналық кешен берілген және жабдықталатын болады. Одан басқа, 2010 жылдан бастап темір жол қызметкерлеріне-зейнеткерлерге, олардың отбасы мүшелеріне, сондай-ақ, шалғай стансаларда және тұйық жолдарда тұратын тұрғындарға қолжетімді білікті медициналық көмекпен қамтамасыз ету мақсатында құрылған «Денсаулық» мамандандырылған емдеу-диагностикалық медициналық пойызы жұмыс істейді. Онда терапевт, педиатр, невропатолог, окулист, ЛОР, гинеколог, хирург, уролог дәрігерлердің білікті кеңесі ұйымдастырылды. ТМККК аясында медициналық көмек көрсетуге лицензиясы бар жеке клиникада профтексеруден тегін өтуге болады. Егер жеке клиника медициналық-санитарлық көмек көрсетуге, соның ішінде профилактикалық медициналық тексеру жүргізуге мемлекеттік тапсырысы бар болған жағдайда өтуге болады.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Бақыт БАЛҒАРИНА.
Алматы.