Аймақтар • 12 Қыркүйек, 2017

Бойжеткенді құтқарған курсант

391 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ішкі істер министрлігі Қостанай академиясының 3-курс курсанттары Еркебұлан Төлебеков пен Нұрбол Сәмке сол күні аулаларға, аялдамаларға хабарландырулар жапсырып, жоғалып кеткен әйелді іздестіруге волонтер қызметін атқарып жүрген болатын. Кешке қарай олар Тобыл өзенінің жағасына келді. Кенет олар өздерінен әудем жердегі көпірдің үстіне шығып, телефонмен сөйлесіп тұрған қызды байқады. Жігіттер «мына қыз машиналар жүріп жатқан жерде неге тұр?» деп, кідіріп тұрып қалды. Бұл жер тек көліктің ғана емес, жүргіншілердің де көп жүретін орны. Сол сәтте-ақ қыз өзенге секіріп кетті.

 

Бойжеткенді құтқарған курсант

Курсанттар полиция пунктіне қарай жүгіре жөнелді, бара болған оқиғаны хабарлады да, көпірге қарай кері ұмтылды. Өзеннің қыз секірген жағы терең болатын, кезекшілікте жүрген жол-патрульдік полициясының қызметкері, полиция кіші сержанты Әділжан Жомартов «Жедел жәрдем» шақыруға кірісті. Оқиға болған жерге адамдар да жиналып қалыпты, құтқару үшін суға түс­кен екі ер кісі қызды алып шыға алмады. Ал есінен танып қал­­ған қыз суға бір батып, бір шы­ғып барады. Еркебұлан курсант киімін шешті де, көпірден қыз батып кеткен тұсқа секіріп кетті. Торғай өзені жағасында өскен жігіт суда жақсы жүзетін. Ол сүңгіп барып, батып кеткен қызды шашы­нан тартып, бір қолымен, жал­дап жағаға қа­рай жүзе бас­тады. Жа­ға­да­ғы­лар жанын шүберекке түйіп тұр­­ды. Судың суығалы қашан, оның үстіне сол күні ауа райы да салқын болды. Еркебұлан есінен танып қалған қызды жағаға жа­қын­датқанда Әділжан Жо­мартов киімі­мен суға түсіп, оның алдынан шықты. Бұл кезде Ерке­бұлан да шаршап қалған еді, қызды жағаға сүйреген соң, ол да судың тайыз жеріне келіп, аяғын тіреп, күш алды.

Жұрт қызды өліп қалды деп ойлады. Еркебұлан мен оның курстасы Нұрбол, кіші сержант Әділжан мен оның әріптесі Саят Иманбаев қызға алғашқы көмек көр­сете бастады. Полиция қызметкерлері жү­рекке массаж жасағанда, кур­сант­тар да сауаттылық танытып, қыздың тізесін ішке тіреп, аяқ­тарын созғылап, қозғалтты. Осы кезде аузынан су лық ете қал­ды да, демала бастады. Сол сәт­те жеткен «Жедел жәрдем» қыз­ды қалалық ауруханаға алып кетті. Сөйтіп суға секіру ар­қылы өзіне қол жұмсаған 21 жастағы қыз курсант Еркебұлан Төлебековтың ерлікке пара-пар ісі арқасында ажал тырнағынан аман қалды. Ол қазір ауруханада емделіп жатыр.

– Біз Нұрбол екеуміздің тез жүгіргеніміз сондай, көпірге санаулы секундтарда жеттік. Су мұздай екен, бірақ менде ағып кетеміз-ау деген ой болған жоқ. Ойланып жатуға уақыт мұр­сат бер­мейді ғой мұндайда, өйт­ке­ні суға тұншыққан адам бес минут­тан асқанда тынысын тоқ­та­тады. Сондықтан құтқарып үл­геру керек деп шештім. Қызды аман алып шыққаннан кейін ажалмен арпалысқанда не өмір, не өлім екенін 1-2 минут ғана шешетіндігін ойлағанда, әрине адам ретінде денең тітіркенетіні рас, – дейді Еркебұлан.

Енді минут емес, бірер секунд кешіккенде өзіне қол жұмсаған қыз ажал тырнағында кетер еді, ал бұл жолы жас жігіттің батыл әрекеті арқасында аман қалды.

Облыстық ішкі істер басқар­ма­сы тарапынан жол-патруль­дік полициясы қызметкерлері мен академия курсанты Еркебұлан Төлебеков және оған көмектескен до­сы Нұрбол Сәмке марапатқа ұсы­нылды.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»

ҚОСТАНАЙ