Парламент • 13 Қыркүйек, 2017

Үкімет отырысында жаңа Салық кодексінің жо­басы мақұлданды

191 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Кеше Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың Төра­ға­лы­ғымен өткен Үкімет отырысында жаңа Салық кодексінің жо­басы мақұлданды. Сондай-ақ астық жинау науқанындағы жұ­мыстар жайы, оған қоса, спорт инфрақұрылымын дамыту және ел азаматтарын денешынықтырумен шұғылдануға тарту бойынша шаралардың нәтижелері қаралды. 

 

Үкімет отырысында жаңа Салық кодексінің жо­басы мақұлданды

Астық жинау науқаны аяқталуға жақын

Ауыл шаруашылығы бі­рінші вице-министрі Қайрат Айтуғановтың айтуынша, қазіргі уақытта барлық өңірлерде астық жинау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінге дейін 11,6 млн гектардың астығы жиналған. Орташа гектарына 12,6 центнер түсімділікпен 14,7 млн тонна астық бастырылған. Астық жинау қарқыны өткен жылдың деңгейінен 2,5 млн гектарға немесе 16 пайызға артық.  

Жалпы, республика бойынша дәнді дақылдар алқаптарының 76,7 пайызы жиналыпты. Негізгі егін егетін өңірлерде, мәселен, Ақмола облысында 3,5 млн тонна, Солтүстік Қазақстан облысында 3,3 млн тонна, Қостанай облысында 3,8 млн тонна астық орылды.

Қ.Айтуғанов сонымен қатар Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Батыс Қазақстан облыстарында масақты дәнді дақылдарды жинау аяқталғанын атап өтті. Яғни, 1,4 млн тонна дәнді дақыл жиналған, бұл өткен жылдың деңгейінен 3,5 пайызға артық.

Арпа жинау жұмыстары да аяқталуға жақын. Мәселен, бүгінгі таңда 1,8 млн гектар немесе алқаптардың 86 пайызы жиналып, 2,7 млн тонна арпа дәні алынып отыр. Ал майлы дақылдар бойынша астық жинау алқаптарының шамамен 24 пайызы жиналған, бұл өткен жылдың деңгейінен 10 пайызға артық. Сөйтіп, 1,2 млн тонна майлы дақыл бастырылған. Сонымен қатар Алматы, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарында көкөніс-бақша дақылдарын жинау жалғасуда. Айталық, алқаптың 76 пайызы қамтылып, 3,1 млн тонна көкөніс-бақша дақылдары жиналған, бұл өткен жылдың сәйкес деңгейінен 13 пайызға артық.
Қ.Айтуғанов, сондай-ақ ас­тық жинау жұмыстарын ұйым­дасқан түрде жүргізу үшін өңір­лер арзандатылған дизель оты­­ны­ның қажетті көлемімен қамтамасыз етілгенін, барлық қабылдау пункттері жаңа түсім астығын қабылдауға дайын екен­дігін тілге тиек етті. Сонымен қатар ағымдағы жылы астық қой­­ма­ларының рейтингін анық­тау және тағайындау әдістемесі енгі­зілген. Биылдан бастап Азық-түлік корпорациясы се­німсіз рейтингке ие астық қабыл­дау кәсіпорындарымен жұмыс жа­сау­ды доғармақ. Бұдан өзге ас­тық сапасын арттыру үшін ағым­дағы жылы тұқым шаруашы­лығын қолдау және минералды тыңайтқыштарды қолдану бо­йынша қажетті шаралар қабыл­данғанын атап өтті. Соның ар­қа­сында 3-ші сыныпты астық үлесі 76 пайызды құраған, ал өткен жылы бұл көрсеткіш 44 пайыз болған.

Бірінші вице-министр осылайша биыл бункерлік салмақтағы жалпы егін жинау 19,5 млн тоннаны құрайтынын жеткізді. Ал негізгі егін егетін үш өңір бойынша шамамен 15 млн тонна жинау жоспарланған. Межеленген сапаны ескере отырып, аталған көлемдер астықтың экспорттық әлеуетін 8 млн тоннаға дейін жеткізуге мүм­кіндік бермек. 

Жаңа Салық кодексі ашықтықты көздейді

Үкімет отырысында ма­­құл­данған жаңа Салық кодексінің жобасы жайында Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов баяндады. Министрдің мәлімдеуінше, жаңа кодекс ШОБ өсімін ынталандыруды және еліміздің қаржы секторын нығайтуды көздейді. Т.Сүлейменов сонымен қатар жаңа Салық кодексі аясында салық салу идеологиясы өзгергенін, ол адал салық төлеушіні қорғауға, экономиканың түрлі секторларын ынталандыруға және әкім­шіліктендіруді жеңілдетуге ба­ғытталатынын атап өтті.

Жаңа кодекс салық дауларын әділ қарауға мүмкіндік бе­реді. Сондай-ақ егер салық тө­леу­ші салық органының түсінді­руіне сәйкес әрекет етсе және нәти­жесінде позиция өзгерген болса, айыппұлдар мен өсімпұлдар қол­данбау ұсынылуда. Бұдан өзге бизнеске заңнаманың өзгерістерін зерттеу үшін көбірек уақыт ұсынылады. Барлық пайда болған түзетулерді келісе отырып, бір заң жобасымен енгізу ұсынылуда – бұл бизнеске Салық кодексінің барлық өзгерістері туралы хабардар болуға мүмкіндік береді, деді министр.

Шағын және орта бизнесті дамыту үшін қолданыстағы арнайы салық режімдерін сақтау қарастырылған. Оған қоса жаңа баламалы режім – тиянақталған шегеру ұсынылған. Сондай-ақ «жеңілдетілген декларация» режімі аясында табыс мөлшері бойынша талап жеке және заңды тұлғалар үшін бірдей болады. Бұған қоса, жер қойнауын пайдалану саласында геологиялық барлауға инвестициялар ынталандырылады. Кен саласы үшін үстеме пайдаға салықты алып тастау ұсынылды. Табысты барлауды ынталандыру мақсатында коммерциялық табыс бонусын алып тастау жоспарланған. Теңіз және терең мұнай кен орындары үшін жер қойнауын пайдалануға әлдеқайда жеңіл баламалы салық ұсынылған.

Экономиканың нақты секторы тұрғысында арнайы инвес­ти­циялық келісім (АИК) аясын­да автомобиль жасау үшін қо­сым­ша құн салығы (ҚҚС) бойынша жеңілдіктер ұсынылуда. Осылайша, шикізаттар мен материалдар импорты, сондай-ақ АИК-те өндірілген тауарларды өткізу бойынша айналым ҚҚС-дан босатылады. Сондай-ақ берілетін мүлік ҚҚС-сыз сатып алынған болса және АИК-ке арналған тауарлар тізіліміне енгізілген болса, мүлікті қаржы лизингіне беру ҚҚС-дан босатылады. Сонымен қатар, қаржы секторын сауықтыру, инвестициялар тарту және арнайы экономикалық аймақтарға қатысушыларға же­ңіл­діктерді арттыру үшін де ын­та­­­ландыру шаралары қарас­ты­рыл­ған. Жалпы, салық жаңа­шыл­дық­тарын қабылдаған соң салық даулары, тексерістер саны азаяды, әкімшіліктендіру же­ңіл­детіледі деп болжануда.

Жиында бұдан әрі Салық кодексі туралы әңгімені жалғас­тыр­ған Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов Салық кодексінің жаңа жобасында және ілеспе заң жобасында қарастырылған мемлекет пен салық төлеуші арасындағы өзара қарым-қатынасты ырық­тан­дыру туралы баяндады.

Министр мемлекеттік кіріс­тер органдары мен салық төлеу­ші арасындағы өзара іс-қимыл­дың айқын ережелерін бекіту мақ­­сатында заңдылық қағидаты, тиім­ділік қағидаты және тәуекелге бағ­дарланған әкімшіліктендіру қағи­даты сияқты салықтық әкім­шілік­тендірудің қағидаттары енгі­зілетінін айтты. Министрдің мәлі­метінше, салық тәртібін артты­руды ынталандыру мақсатында тәуе­келдерді басқару жүйесі тү­бе­­гей­лі қайта қаралады. Салық тө­леу­ші­лердің түрлі санаттары үшін са­­лық­­тық әкімшіліктендіруге әр­та­рап­­тандырылған тәсіл енгізі­луде.

Жобада сенім мен ашықтықтың қағидаттарына негізделген ірі салық төлеушілермен өзара іс-қи­мылдың жаңа түрі – Дең­гейлес мониторинг қарастырылған. Мұндай тәсіл ЭЫДҰ елдерінде пайдала­нылатын әкімшіліктендірудің ілге­рінді әдістерінің бірі болып табылады.
Заң жобасында әрекетсіз са­лық төлеушілерді мәжбүрлеп жою үшін негізгі шарттар қарас­ты­рылған. Аталған рәсімнің ашық­тығын қамтамасыз ету мақ­сатында мәжбүрлеп жою туралы ақпарат алдын ала БАҚ-та жа­рияланады және осы компа­ния­лардың әлеуетті кредитор­ларының шағымдарымен жұмыс жүргізілуде. 

Салықтық тексерулер тұр­ғысынан олардың санын қыс­қарту мен сапасын арттыруға ба­ғытталған шаралар қарасты­рылған, деді министр. Мәселен, жос­пардан тыс тексерістер жүр­гізу үшін негіздемелер 56 пайыз­ға қысқаратынын атап өтті. Со­ны­мен қатар, кодекс жобасында лицензиялық бақылауды ырық­тандыру, сондай-ақ ҚҚС-ты қай­тару рәсімдерін оңтайландыру бойынша шаралар көзделген.

Кешенді тәсіл керек 

Үкімет отырысында қарал­ған тағы бір мәселе – спорт инфра­құ­рылымын дамыту және Қазақстан азаматтарын денешынықтырумен шұғылдануға тарту бойынша жұмыстардың нәтижелері. Бұл ретте атқарылған шаралар жайын­да мәліметтермен бөліскен Мә­де­ниет және спорт министрі Арыс­танбек Мұхамедиұлы елі­­мізде денешынықтырумен шұ­ғыл­данатын азаматтар саны артып келе жатқанын атап өтті.

Мәселен, 2016 жылдың қоры­тындысы бойынша 4 млн-нан астам адамды немесе халықтың 27,4 пайызы денешынықтырумен және спортпен айналысумен қамту қамтамасыз етілген. Үш жыл ішінде бұл көрсеткіш 2,3 пайызға өскен. Бұл тұста дене­шынықтырумен жүйелі айналысатын балалар мен жасөспірімдер үлесі 15,3 пайызды құрайды екен. Бүгінде ЖОО студенттерінің 20 пайызы, колледждерде 30 пайызы спортқа тартылған.
Спортпен шұғылданатын мү­ге­дектер үшін жағдайлар жасалуда. 2009 жылдан бері спортпен шұғылданушыларды қамту 4 пайыздан 10,2 пайызға артты, деді министр. Ал ұлттық спорт түр­лерімен айналысатындардың үлесі 2013 жылғы 5,9 пайыздан 2016 жылы 7,7 пайызға дейін артқан. 

«Қазақстан барысы» жобасы біздің ұлттық спорттық брен­дімізге айналып үлгерді. «Еуразия барысы» және «Әлем барысы» турнирлерін ұйымдастыру ар­қы­лы ол халықаралық деңгейге шықты. Осының арқасында ауыл­дардағы балалар мен жастар қазақ күресі секцияларына белсене қатысуда. Материалдық емес мәдени мұраны қорғау бо­йынша ЮНЕСКО-ның Үкімет­аралық комитетінің XI сессия­сы­ның қорытындысы бойынша қазақ күресі ЮНЕСКО-ның адам­заттың материалдық емес мә­дени мұрасының репре­зе­нта­тивті тізіміне енгізілді, деді А.Мұхамедиұлы.

Мәселені талқылау қоры­тын­дысында Премьер-Министр Б.Сағынтаев еліміздің кейбір мек­тептерінде спорттық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуде мәселе бар екенін атап өтті, осыған байланысты аймақтардың әкімдеріне бұл мәселені бақылауға алу тапсырылды. Сонымен қатар, бірқатар мектептерде спорт залдар жоқ, Үкімет басшысының айтуынша, бұл мәселеге де барынша назар аударып, балаларды спортқа тартуда кешенді тәсілді енгізу керек.

Динара БІТІК, 
«Егемен Қазақстан»