2013 жылы елімізде Отбасы күні бекітілгені белгілі. Бүгінде қыркүйектің екінші жексенбісінде Отбасы күнін атап өту қазақстандықтардың дәстүріне айналып келеді. Одан бөлек, қоғамда үлгілі отбасыларды дәріптеу арқылы отбасы институтын нығайтуға үлес қосу мақсатында «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының да өткізіліп жүргеніне төрт жылдың бедері болды. Ең алғаш бұл байқау 2014 жылы өткізілген еді. Республика көлемінде ұйымдастырылып жүрген шараның өз кезеңдері бар. Әне-міне дегенше жеңімпаз отбасылар анықталатын сәт те жақындап келеді. Соған орай Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның брифингі өтіп, қатысушылар байқауға қатысты бірқатар мәліметтермен бөлісті.
Брифингте сөз алған Ұлттық комиссия төрайымының орынбасары, Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүлеймен еліміздің дамуы мен тұрақтылығының кепілі ретінде дәстүрлі құндылықтардан нәр алған отбасының мәні жоғары екенін айтты. Рухани дағдарыстан, жат ақпараттар мен жат ағымдардың жетегінде кетуден сақтайтын бірден-бір жол да отбасының тәрбиесі екенін жеткізді. «Отбасындағы тәрбие отансүйгіштікті қалыптастырады. Сондықтан қоғамдағы отбасының рөлі өте жоғары. Біз үлгілі, мерейлі отбасыларды дәріптеу арқылы қоғамдық санаға да әсер етеміз. Бұл тұрғыдан келгенде ұлттық байқауға қатысушылардың саны жыл санап артып келе жатқаны қуантады. 2014 жылы байқауға 1298 отбасы қатысқан болса, биыл қатысушылардың саны 2879-ға жетті. Қатысу жағынан Ақтөбе, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстары көш бастап тұр», деді Ұлттық комиссия төрайымының орынбасары.
Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымының тағы бір орынбасары Елена Тарасенко байқауға қатысып жатқан отбасылардың бәрі де құрмет пен марапатқа лайық екенін айта келіп, қатысушылардың құрамы туралы нақты деректер келтірді. Оның айтуынша, барлық қатысушылардың 36,2 пайызы көп балалы отбасылар болса, бір ғана салада еңбек өтілдері ұзақ жылдармен есептелетін әулеттердің саны 6,8 пайызға өскен. Мысалы, 2016 жылы байқауға сондай 483 әулет қатысыпты, биыл олардың саны – 500. Іріктеу турларына қатысқан жас отбасылар саны да артып отыр. Былтыр 472 болса, биыл 500 жас отбасы байқауға қатысқан.
Брифингте сөз алған Ұлттық комиссияның мүшесі, Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл тіркелмеген некелердің қоғам үшін қауіпті екенін атап өтіп, некесіз туылған сәбилердің көбейіп келе жатқанына алаңдаушылық білдірді. Бұл жайлардың рухани дағдарыстың әсерінен орын алып жатқанын, сол үшін қоғамда мерейлі отбасыларды көбірек насихаттау қажеттігіне тоқталды.
Айта кетейік, «Мерейлі отбасы» байқауының финалдық кезеңінде еліміздің барлық азаматтары kaztube.kz сайтында және sms хабарламалар арқылы дауыс беру арқылы жеңімпаздарды анықтауға атсалыса алады. 16 қыркүйек күні «Қазақстан» орталық концерт залында өтетін салтанатты рәсімде дауыс беру қорытындысы шығарылып, жеңімпаз отбасы анықталады.
Айгүл СЕЙІЛ,
«Егемен Қазақстан»
Суретті түсірген Ерлан ОМАР,
«Егемен Қазақстан»