Осы орайда спорт жанкүйерлері, оның ішінде тенниссүйер қауым үшін Дэвис кубогының арғы-бергі тарихына тоқталып өткенді жөн көрдік. Дэвис кубогы – Халықаралық Теннис федерациясы жыл сайын өткізетін ерлер арасындағы ең ірі халықаралық командалық жарыс. Жүз жылдан асатын тарихы бар турнир ұлттық құрамалардың бейресми чемпионаты саналады.
Ең алғаш 1899 жылы Гарвард университетінің төрт студентіне ұлттық құрамалар ойнайтын теннис турнирін ұйымдастыру туралы ой келеді. Студенттердің бірі Дуайт Дэвис жарыстың кестесін құрып, өз ақшасына жарыстың сыйлығы ретінде күміс кубокты сатып алады. Кубоктың салмағы 70 килоны құраған. Алғашқы турнир 1900 жылы Бруклинде өтіп, оған АҚШ және Ұлыбритания құрамалары қатысқан. Бірінші Дүниежүзілік соғысқа дейін бұл турнирге тағы алты құрама қосылған. Олар – Франция, Бельгия, Аустрия, Аустралия, Германия және Канада. Ал 1923 жылдан бастап қатысушы елдер саны артқан соң, «Америка аймағы» және «Еуропа аймағы» болып екі топқа бөлінген. 1955 жылы бұл турнирге «Азия аймағының» теннисшілері қосылып, жарыс көрігін қыздыра түседі. Арадан 11 жыл өткенде Еуропаның бірқатар мемлекеттері Дэвис кубогына қатысуға ниет білдірген соң, турнирге тағы «Еуропа аймағы-А» мен «Еуропа аймағы-B» топтары қосылды.
Турнирдің 1981 жылғы соңғы ережесі бойынша командалар дәрежелеріне қарай, үш топқа бөлінеді. Бірінші топ – әлемдік элита. Яғни, әлемнің ең мықты деген құрамалары өзара жеңімпаздарды анықтайды. Екіншісі – аймақтық топтар (Америка, Еуропа/Африка, Азия/Мұхит аралдары). Үшіншісі – аутсайдерлер тобы. Ал Қазақстан Дэвис кубогында Азия және Мұхит аралдары аймағында өнер көрсетеді. Осы жерде айта кетейік, төменгі топтың үздігі жоғары топқа өтсе, керісінше, жоғары топта аутсайдер атанған команда төменгі топқа түседі.
Жарыс ережесі бойынша, екі құраманың теннисшілері өзара бес кездесу өткізеді. Үш күннің ішінде теннисшілер төрт жекелей және бір жұптық бәсекеде сынға түседі. Турнирдің бірінші күнінде корт қожайындарының екінші нөмірлі теннисшісі қарсылас команданың бірінші ракеткасы саналатын ойыншысымен ойнайды. Екінші күні командалар жұптық бәсекеде өзара кім мықтыны анықтайды. Ал турнирдің финалы саналған үшінші күнінде бірінші және екінші нөмірлі теннисшілер бір-бірімен кездесу өткізеді. Барлық ойындар бес сеттен өтеді және шешуші бесінші сетте тай-брейксіз ойнайтын болады (Тай-брейк теннисте 6:6 есебі болғанда гейм бойынша жеті ұпайға дейін ойналады). Ұйымдастырушылардың пікірінше, матчтың өткізу түрі екі құрама арасындағы бәсекелестікті арттырудың ең жақсы тәсілі. Сондай-ақ, теннис жанкүйерлерін матчтың соңғы кездесуіне дейін тағатсыздана көруіне мүмкіндік береді.
Турнирдің бас жүлдесін іріктеуден іркілмей өткен әлемдік топтың үздік 16 құрамасы сарапқа салады. Дэвис кубогының жеңімпазын анықтау үшін командалар жылдық кесте бойынша ақпан және қыркүйек айларында үш кездесу өткізеді. Ал финалға шыққан екі команда қараша айының соңында жылдың ең үздік құрамасын анықтау үшін өзара бәсекеге түседі. Аймақтық топтардың сегіз жеңімпазы әлемдік топтың бірінші айналымда жолы болмаған, келесі жылғы әлемдік лигаға қатыса алмайтын сегіз құрамамен қыркүйек айында кездесетін болады (Қазақстан мен Аргентина құрамалары дәл осы ереже бойынша кездесу өткізеді). 2002 жылғы турнирге 142 құрама қатысқан. Бұл Дэвис кубогының тарихындағы рекордтық көрсеткіш болатын.
Дэвис кубогының ең алғашқы жүлде қорын 1981 жылы НЕК компаниясы тағайындап, турнирдің бас демеушісі атанған. Ал 2002 жылдан бүгінгі күнге дейін «BNP Paribas» банкі ұлттық құрамалардың бейресми чемпионаты саналатын жарыстың бас демеушісі болып келеді. Дэвис кубогының қазіргі жүлде қоры 8,5 миллион АҚШ долларын құрайды.
Бір ғасырлық тарихы бар турнирге Қазақстан құрамасы 1995 жылдан бастап қатысып келеді. Қазақ командасы оған дейін КСРО атынан қатысқан. Дегенмен, отандастарымыз әлемдік топқа алғаш рет 2010 жылы Швейцарияны жеңгеннен кейін шықты. Содан бері Қазақстан құрамасы Дэвис кубогының тұрақты қатысушысы атанды. 2011, 2013-15 жылдары ширек финалға дейін жетті. Бұл құрамамыздың бүгінгі күнге дейінгі ең үлкен жетістігі. Былтырғы турнирде теннисшілеріміз әлемдік топтың бірінші кезеңінде Сербия құрамасынан 2:3 есебімен жеңіліп қалған болатын. Келесі жылы да әлемдік топта сынға түсу үшін плей-офф кезеңінде Ресей теннисшілерін жеңуі керек еді. Алайда, ол матчта құрамамыз қарсыластарына 1:3 нәтижесімен есе жіберіп, Азия және Мұхит аралық аймағының I тобына түсіп қалған болатын.
Дэвис кубогына ең көп қатысқан (102 рет) АҚШ құрамасы 61 рет финалға шыққан екен. Соның 32-сінде кубок жеңімпазы атанса, 29 ойында финалда сүрініп, күміс жүлдегер атанған. Екінші орында Аустралия құрамасы орналасқан. «Жасыл құрлық» елінің теннисшілері финалға 47 рет шығып, 28-інде чемпион атанған. Үздік үштікті Ұлыбритания теннисшілері қорытындылап тұр. Олар 18 рет финалға шығып, 10 ойында жеңіске жетсе, 8 рет финалда жеңілген. Теннистен Дэвис кубогының қысқаша тарихы осындай.
Алдағы күндері теннистен Қазақстан Ұлттық құрамасы турнирдің плей-офф кезеңінде Аргентина құрамасымен ойнайды. Бұл құрама турнирдің қазіргі чемпионы болғанымен, әлемдік топтың бірінші кезеңінде Италия құрамасынан 2:3 есебімен жеңіліп қалған. Енді келесі жылы қайтадан әлемдік топта сынға түсу үшін Астанада еліміздің құрамасымен күш сынасады. Жеңген құрама 2018 жылы бәсекені әлемдік топтың бірінші кезеңінен бастайтын болады.
Айта кетейік, Қазақстан командасы 7-9 сәуірде Қытай командасын (Азия және Мұхит аралық аймағының I тобы) 4:1 есебімен жеңген.
Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»