Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІІ сессиясында «Қазақстан-2050» Стратегиясы: Қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында латын әліпбиіне көшу туралы салиқалы ойларын жеткізді Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында алдағы жылдары мықтап қолға алуды қажет ететін жобалардың бірі ретінде қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру мәселесін ұсынды. Осыған байланысты ақпарат құралдарында ашық қоғамдық пікірлер айтылды, латын әліпбиіне көшудің артықшылықтары мен кемшіліктері жөнінде сараптамалық мақалалар жазылды. Қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері латын әліпбиіне көшуді қолдап, ұсыныстар жасады.
Посткеңестік кеңістіктегі өзге ұлттардың санасын отарлап, тілін жойып, ұлтсыздандыру мақсатында жасалған кирилл әліпбиінен құтылып, көпұлтты елімізді ұйыстыратын, жер бетінде тарыдай шашылған қазақтың басын біріктіріп ұлттық бірегейлігін қалыптастыратын, түбі бір, тілі бір түркі халқымен ортақтастырып байланыстыратын латын әліпбиі тәуелсіз Қазақстан үшін тарихи сәт болмақ.
Латын әліпбиіне көшу – мемлекеттік маңызды іс, ұлттық мүддеге арналған бағдарлама. Негізгі меже – Мәңгілік Ел. Елбасы Н.Назарбаев: «Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар. Ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік тіл болды! Оны даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн», деп Жолдауында айтқандай, әліпбиді өзгерту Мәңгілік елдің Мәңгілік тілі үшін қажет. Көздеген мақсатқа жетудің жолы осы.
Әділбек Әміренов,
Павлодар мемлекеттік
педагогикалық институтының
доценті