26-27 қазанда Астанада Алматы облысының күндері өтеді
Бастағы бақты бағалаудан ұтарымыз көп
– Аңсар Тұрсынханұлы, Алматы облысы аграрлық салаға мейлінше арқа сүйейтін өңір. Демек, әңгіменің әуелгі желісін осыдан бастасаңыз.
– Иә, бізге Тәңірдің өзі Жетісу өлкесін зор ықыласпен сыйға тартқан деп білеміз. Өйткені, тау десе тауы, бау десе бауы бар, шөлі де, көлі де жеткілікті. Сулы, нулы Алакөл мен Балқаштың атырабында географиялық жер бедерінің барлық сипатты әсем көрінісін кездестіреміз. Киелі атамекеніміз ауыл шаруашылығын өрістетуге әбден қолайлы. Тамылжыған табиғаты береке бастауы. Сондықтан да биылғы жылдың қаңтар-қыркүйек айларында ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 202 млрд. теңгені құрады. Жалпы егін шаруашылығы саласын қолдауға мемлекеттен 2,7 млрд. теңге қаражат жұмылдырылды.
Қысқа әзірлік те ерте басталды. Биыл 1 млн. 550 мың тонна шөп, 77 мың тонна пішендеме жинау жоспарланса, қазір нақты 2 млн. 16 мың тонна шөп және 77,0 мың тонна пішендеме мал қыстауларына тасымалданды.
Азық-түлік молшылығын жасау басты шарт десек, жеміс-жидек өсірумен 800-ден астам шаруашылық құрылымдары айналысады. Көпжылдық екпе ағаштарының көлемін арттырып, интенсивті үлгідегі бақ отырғызу үшін мемлекет тарапынан 225,0 млн. теңге қолдау көрсетілді. Соның нәтижесінде шаруа қожалықтары 317 бақ пен 7 гектар жүзімдік отырғызса, бүгінде 35 гектарлық 459 жылыжай жұмыс істеп тұр. Осы мақсаттағы жұмыстарға жыл басынан бері 1622,1 млн. теңгеге 462 дана ауыл шаруашылығы техникалары алынды.
Өткен мерзімде сүт өндіру 537 мың тоннаны құрады, 197,2 мың тонна ет өндірілді. Қазір облыс көлемінде 1003,0 мың бас мүйізді ірі қара, 3734,6 мың бас қой мен ешкі, 272,3 мың бас жылқы, 6,5 мың бас түйе және 10201,6 мың бас құс өсірілуде.
«Мүйізді ірі қара етінің экспорттық әлеуетін арттыру» жобасы шеңберінде оған қатысушы шаруашылықтарға 878 асыл тұқымды, етті бағыттағы бұқалар сатылды. Жаңадан 7308 бас ірі қара өсіретін 83 фермерлік шаруашылық құрылды. Мал шаруашылығын дамытуға бағытталған мемлекеттік «Сыбаға» бағдарламасы жүзеге асырыла бастады. Селекциялық-асылдандыру жұмысының көрсеткіштері жақсарды. Әр аналық бастан орташа 5000 килограмнан артық сүт сауатын Еңбекшіқазақ ауданының «Адал» Агроөнеркәсіптік кешені» АҚ, Алакөл ауданының «Тау Самалы ЛТД» және Талғар ауданының «Байсерке Агро» ЖШС-нің тауарлы-сүт фермаларына жаңғырту жүргізілді. Балқаш ауданындағы қуаттылығы 5 мың басқа арналған бордақылау алаңының құрылысы аяқталуда.
Малдәрігерлік алдын-алу шаралары да мерзіміне сай жүргізілуде. Облыста 144 мал сою нысандары жұмыс жасайды. Жыл басынан бері 19 қайта өңдеу кәсіпорындары іске қосылып, 2 өндіріске кеңейту жүргізілді. Жалпы ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеумен 935 кәсіпорын айналысады. Өңірлік индустрияландыру картасы аясында Қапшағай қаласындағы сыйымдылығы 13 мың тонна көкөніс сақтау қоймасы тәуелсіздік мерейіне орай іске қосылатын нысандар қатарында.
– Әрине, Жетісу елінің тұрмыс-тынысы ауыл шаруашылығымен шектелмейтіні анық. Соңғы жылдары Елбасы Жолдауына сай үдемелі қарқынмен алға басқан өнеркәсіптің, индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының жүзеге асырылуының жайы қалай?

– Бұл саладағы жалпы көрсеткіштердің қалыптасуына өңдеу өнеркәсібі елеулі ықпал етіп, оның үлес салмағы 81,6 пайызды құрады. 2010-2014 жылдарға бағытталған үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы аясында 4746,7 млрд. теңгені құрайтын 33 инвестициялық жобалар іске асырылуда. Индустрияландыру картасы шеңберінде облыс әкімдігі тарапынан жалпы 73,9 млрд.теңгелік 27 инвестициялық жобалар бекітілгені белгілі.
Биылғы жылдың бірінші жартысында 5 жоба жүзеге асты. Олардың қатарында Іле ауданында қуаттылығы 10 мың тонналық тікбұрышты құбырлар шығаратын «Компания SONIK» зауыт құрылысының жобасы Мемлекет басшысының қатысуымен 4 шілдеде өткізілген телекөпір аясында тұсауы кесіліп, іске қосылды. Және осы ауданда қуаттылығы бойынша 400 тонна премикс жем қоспасы мен концентраттар шығаратын «Кормовик-Евротехнология» ЖШС жобасы, «ЮрИнвестСтрой» ЖШС-нің асфальт шығаратын зауыты, Талғар ауданында 1200 тонна сүт өнімдерін шығаратын «Байсерке Агро» ЖШС-і зауытының құрылыс жобасы мен «Хундай Авто Транс» ЖШС-нің «Hyundai» жүк көліктері мен автобустарын ірі тораптық жинау жобасының бірінші кезектегі құрылысы да іске қосылды. Ал, екінші жарты жылдықта индустрияландыру картасымен 3 жоба, атап айтқанда Текелідегі «Green House-Зеленый дом» ЖШС-нің 3,65 гектар жерді алатын жылыжайы, Қайнар АКБ серіктестігінің бұрын-соңды Қазақстанда өндірілмеген қорғасынды-қышқылды аккумуляторлар батареяларын шығару өндіріс орындары мен қосымша тағы 2 жобаны индустрияландыру картасына енгізу ұсынылып, жүзеге асыру көзделуде.
– Әр жылдың өзіндік ерекшелігі бар ғой. Ағымдағы жылғы ерекше оқиғалар санатына қайсысын жатқызуға болады?
– Иә, ерекше демекші, облыс аумағында республикалық индустрияландыру картасы аясында министрліктердің және мемлекеттік холдингтердің жауапкершілігіне бекітілген жалпы сомасы 7674,3 млрд. теңгені құрайтын жеті жоба іске асырылуда. Соның ішінде қуаты 300 мегаватт «Мойнақ» су электр стансасының орны бөлек. Мұны шын мәніндегі ел тәуелсіздігінің зор жетістігі деген жөн. Ол Швейцария мен Қытайдан кейін жер астын ұңғылау әдісімен салынған үшінші станса. Осы нысанды іске қосу арқылы еліміздің оңтүстік өңірі жарық көзімен жеткілікті қамтамасыз етіледі. Электр қуатының жылдық орташа шығарылымы 1 млрд. квт.сағат.
Бүгінде Шарын өзенінің ағынымен Бестөбе су қоймасы толтырылып жатыр. Бұйырса, 11 желтоқсанда бірінші кезеңі, ал 28 желтоқсанда екінші кезеңі іске қосылады деп жоспарланған.
Осы тұста және бір қуанарлық оқиға қатарына Балқаш жылу электр стансасының құрылысын корейлік инвесторлармен бірлесе салу мәселесінің оң шешім тапқанын да айтқан жөн. Баршаға белгілі, Елбасы жуырда Корей Республикасының делегациясын қабылдағанда осы мәселенің күрмеуі шешілгені зор жетістіктер қатарында екенін ризашылықпен айтамыз.
– Жұрт игілігі үшін жарқын жобалардың жүзеге асқаны зор мерей. Ал енді облыс халқының қазанын күнделікті қайнатуға қарымды үлесі бар шағын және орта кәсіпкерліктің жағдайына тоқтала кетсеңіз, артық болмас.
– Бұл салада 267 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтитын 92,8 мың субъекті бар екенін және олардың шығарған өнімі мен көрсеткен қызметінің көлемі 348,1 млрд. теңгені құрағанын айтуға болады. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында кәсіпкерлікке қолдау көрсету лайықты жалғасын табуда. Биыл бағдарлама бойынша 908,2 млн.теңгеге мемлекеттік қолдау көрсетілді. Пайыздық мөлшерлемеге субсидия беру үшін 25 жоба, банк несиелерін жартылай кепілдендіруде бір және индустриалды инфрақұрылымды дамытуда 4 жоба мақұлданды.
– Халықтың бақуатты тұрмысының тірегі – тұрғын үй, содан соң әртүрлі коммуникациялар екенін ескерсек, осы және әл-ауқаттың артуы бағытында атқарылған жұмыстардың барысы туралы да оқырмандарымызды хабардар етіп өтсеңіз.
– Иә, биыл облыс бойынша өткен мерзімде мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасымен 519,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, құрылыс жұмыстарының көлемі 108,5 млрд. теңгені құрады. «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында 49 су жүйесі нысандарының құрылысы және қайта құрылымдау жұмыстары жоспарланып, оған 6,1 млрд. теңге жұмсалды. Электрмен жабдықтау, елді мекендерді газдандыру, жол салу мен жөндеу жұмыстары да ойдағыдай жүзеге асты. Айталық, биыл барлығы 198,8 шақырым және 495 мың шаршы метр автомобиль жолдары жөнделіп, жергілікті маңызы бар Сарыөзек – Қорғас – Қоғалы – Көксу – Қарабұлақ автожолдары, Алматы-1 – Шамалған – Ұзынағаш, Алматы – Өскемен, Есік – Қырбалтабай – Жетіген, тағы басқа жол телімдеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Экономиканың оң қарқынмен дамуы әлеуметтік дамуға да өз ықпалын тигізді. Жан басына шаққандағы орташа номиналдық табыс 6,4 пайызға артып, орташа айлық ақы 65 мың теңгеден асты.
– Шәкірттерге бәсекеге қабілетті білім беру аса маңызды. Облыс бюджетінің қомақты мөлшері білім беру саласына жұмсалатыны сондықтан. Осының қайтарымы, саланың алға басуы қаншалықты деңгейде?
– Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың табыстылығы ең алдымен Елбасының осы саланы жаңғырту мақсатында қойған міндеттері мен тапсырмаларын атқаруға бағытталған. Оған жұмсалатын бюджет қазір 73 миллиардтан астам теңгені құрап, өткен жылғыдан 23,6 пайызға артты.
– Халқымыз «әуелгі байлық» деп есептейтін денсаулық сақтау саласының маңыздылығы тіпті ерекше. Ол туралы не дер едіңіз?
– Бұл салаға 2011 жылы 41,3 млрд. теңге бөлінді. Дәрігерлер мен орта буын медицина мамандарының қатары жыл сайын өсіп келе жатқанына қарамастан, еңбек етіп жүрген дәрігерлердің 35-40 пайызы зейнеткерлер мен зейнет жасына жақындағандар. Сондықтан кадр мәселесін шешу толғақты проблеманың біріне айналып отыр. Десек те, жаңадан салынып жатқан емдеу мекемелерінің саны арта түскенін, дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етудің жақсарғанын, сапалы медициналық көмек көрсету үшін әлемдік стандарттарға сай жаңа құрал-жабдықтардың барынша келе бастағанын ауыз толтырып айтуға болады.
Қазір облыста 16 теле-мобильдік медицина орталығы, екі санитарлық авиация бөлімшесі, Талдықорған қаласындағы облыстық ауруханада амбулаторлық-мобильдік кешен, науқастардың әртүрлі ауруларын тексеру үшін қазіргі заманғы компьютерлік 3 томограф, 8 маммограф, жаңа туған нәрестелер үшін 30 СИПАП аппараты, 73 кювез және өкпені жасанды жолмен демалдыратын 30 аппарат жұмыс істейді.
2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» бағдарламасын іске асыру үшін облыс өзінің стратегиялық бағдарламасын қабылдаған. Оның негізгі міндеттері қатарында адамның орташа өмір сүруін 70 жасқа жеткізу, туберкулез ауруының көрсеткішін мейлінше азайту, тұрғындарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету деңгейін көтеру, саламатты өмір салтын қалыптастыру және басқа да аса маңызды мақсаттар басшылыққа алынған.
– Облыс спортшыларының өрелі табыстарынан республика жұртшылығы жақсы хабардар. Енді осы жетістіктер мен мәдениет саласындағы мәнерлі мәселелер туралы айтсаңыз.
– Ол рас. Біздің зілтемір көтеретін спортшыларымыз ел намысын қорғауда әрдайым жеңіс туын желбіретіп жүр. Ерлер мен әйелдер командасындағы чемпиондарымыздың есімін қазір әлем таныды. «Жетісу» футбол командасының биылғы аяқ алысынан да зор үміт күтеміз.
Жуырда Талдықорған қаласындағы Қаратал шағын ауданында тағы бір жаңа нысан – теннис корты ашылды. Бұл жастардың жарыс өткізуіне, шыңдалып, шынығуына жақсы мүмкіндік туды деген сөз. Алакөл ауданында спорт базасының, Іле және Талғар аудандарында стадиондардың құрылысы жүргізілуде.
Мәдениетке де зор көңіл бөлініп отыр. Райымбек ауданында Саты, Кербұлақта Басши, Көксуда Ақтекше және Балқаш ауданының Ақкөл ауылында 4 мәдениет үйі ашылды. Мәдениет мекемелерін күрделі жөндеуден өткізу үшін 946,5 млн.теңге, материалдық-техникалық базасын нығайтуға 168,5 млн.теңге бөлінді. Қосымша 21 кітапхана ашылып, кітап қорын толықтыру үшін 14,4 млн. теңге бағытталды.
Сонымен қатар, ақиық ақын Мұқағалидың 80 жылдық мерейтойы да салтанатты түрде аталып өтілді. Оған 50 мыңнан астам адамның қатысқаны оның қандай дәрежеде ұйымдастырылғанын көрсетсе керек. Бұған қосымша аудандар мен қалалардың мәдени күндерінің жылдағы дәстүрге сай табысты өткізілуі облыс мәдениетінің шырайын кіргізіп отырғанын айтқан дұрыс.
– Аңсар Тұрсынханұлы, биылғы жылы тәуелсіздіктің 20 жылдық мерейі аталып, өтілгелі отыр. Бұл жайлы өз толғанысыңыз бен сөз соңында оқырмандарға жеткізсем деген жеке ойыңыз бар шығар.
– Тәуелсіздік туралы биыл көп айтылды. Одан асырып, жаңалық ашам деу әбестік шығар. Алайда, сұрақ қойылған соң жеке пікір айналасында толғансақ, Тәңірдің сыйымен тоқсан бірінші жылы ешбір кикілжіңсіз келе салғандай болған тәуелсіздіктің шынайы мәнін біздің адамдар енді-енді сезіне бастағандай көрінеді маған. Бастағы бақты бағалай білгеннен ұтарымыз көп және оның өзі бір өнер болса керек.
Сондықтан да, қандастарымыздың кейбір бейқамдығы мен жайбасарлығына, ысырапшылдығына қарап, кейде «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» деген сөз рас па деп қалам. Айылымызды тарта түсетін жерлеріміздің көп екені көрініп жататыны сондықтан. Әрдайым ағайын осыны естен шығармаса, қашанда «ақырын жүріп, анық басқан» дұрыс қой. Данышпан Абай солай деген. Біздің одан асырып айта алмасымыз және хақ.
«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген даналық бекер айтылмаған. Қазір ұрпақ тәрбиесіне қай кездегіден де ерекше мән берген дұрыс. Өсемін деген ел осыны өсиет етеді. Былайша тарқатсақ, отбасы мен бала бақшалардан бастап, мектепте, одан кейін жоғары оқу орындарында осы мәселе мемлекеттік деңгейде қолға алынып жатыр. Біз соған үндесетін өзіндік іс-әрекеттеріміздің ауқымын кеңейтіп, бағдарлай түспесек болмайды. Аға ұрпақтың батырлығын, өршіл, өміршең рухын, отансүйгіштік өнегелерін ешқашан ұмытпауымыз керек. Соған ұмтылып, содан өзімізге лайық үлгі алсақ, келешекте талай табыстарға жетеріміз анық.
– Әңгімеңізге рахмет.
Дерек пен дәйек
• Өнеркәсіп. 2011 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында облыста өнеркәсіп өндірісінің көлемі 308,3 млрд. теңгені құрады. Өңдеу өнеркәсібінде 253,7 млрд. теңгеге өнім шығарылды. Азық-түлік өндірісінің үлесі 62,4 млрд. теңге болды.
• Индустрияландыру картасы аясында ағымдағы жылдың екінші жартысында ірі 5 жоба іске қосылады. Соның ішінде Текелі қаласындағы «Green House – Жасыл үй» ЖШС-нің, Талдықорған қаласындағы «Қайнар-АКБ» ЖШС-нің, Талғар ауданындағы «Байсерке Агро» ЖШС-нің, Қапшағай қаласындағы «Агрофирма «НұрАгро» көкөніс сақтау қоймасының, Жамбыл ауданындағы «Жеңіс-2006» Компаниясы» ЖШС-нің «Балық өңдеу бойынша зауыт құрылысы» жобалары бар.
• Ауыл шаруашылығы. Биыл барлығы 1 млн. 169 мың тонна астық жиналады деп күтілуде. Оның ішінде қамбаларға 410,3 мың тонна бидай, 359,2 мың тонна арпа, 335,5 мың тонна дәндік жүгері, 56,5 мың тонна күріш құйылмақ.
• Жыл басынан бері 1622 млн. теңгеге 462 дана ауыл шаруашылығы техникалары алынды. Қаңтар-қыркүйек айларында 537,0 мың тонна сүт, 683,9 млн. дана жұмыртқа, 197,2 мың тонна ет өндірілді.
• Мүйізді ірі қара саны 1003,0 мың басты құрады, қой мен ешкі – 3734,6 мың, жылқы – 272,3 мың, түйе 6,5 мың және құстар 10201,6 мың басқа жетті.
• Шағын кәсіпкерлік. Шағын және орта кәсіпкерлік саласында 92,3 мың белсенді субъект жұмыс істейді. Онда 266,7 мың адам қамтылған. Бұл облыстағы экономикалық белсенді тұрғындардың 29,3 пайызы. Олардың шығарған өнімдері мен көрсеткен қызметінің көлемі 430,8 млрд.теңгені құрайды.
• Инвестиция саласы. Облыс экономикасына 249,1 млрд. теңге инвестиция тартылды, бұл 2010 жылдың қаңтар-қыркүйек айларымен салыстырғанда, 104,5 пайызды құрады.Инвестицияның негізгі көлемі – кәсіпорындар мен ұйымдардың өз қаражаттары есебінен – 149649,6 млн. теңге немесе 60,2 пайыз, жергілікті бюджеттен – 17141,9 млн. теңге немесе 6,9 пайыз, республикалық бюджеттен – 25255,3 млн. теңге немесе 10,1 пайыз, шетел инвестициялары – 24860,1 млн. теңге немесе 9,9 пайыз және басқа да несие қаражаттары – 32224,8 млн. теңге немесе 12,9 пайыз.
• Тұрғын үй құрылысы. Биыл 578,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Құрылыс жұмыстарының көлемі 125,4 млрд.теңге немесе өткен жылмен салыстырғанда 121,5 пайызды құрады.
• Сыртқы сауда. Облыстың сыртқы тауар айналымы 810,0 млн. Оның ішінде экспорт – 135,6, импорт – 674,5 млн. АҚШ долларын құрады. Экспорттың басым бөлігі Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Қытай және Германияға тиесілі. Негізінен ұн, балық, аккумуляторлар, темекі және қара металл қалдықтары экспортталады.
• Салық-бюджет саласы. 2011 жылдың 1 қазанына мемлекеттік бюджетке түскен түсімдер 110,4 млрд. теңгені құрап, болжам 113,6 пайызға орындалды. Республикалық бюджетке – 59,9 млрд. теңге түсіп, болжам 111,3 пайызға орындалды, жергілікті бюджетке 50,5 млрд. теңге түсті (116,5 пайыз).
2011 жылға облыс бюджеті 215,4 млрд.теңгені құрап отыр, оның ішінде: республикалық бюджеттен нысаналы трансферттер - 48,7 млрд.теңге, субвенция – 94,1 млрд.теңге, республикалық бюджет несиелері – 2,1 млрд.теңге.
• Халықты әлеуметтік қорғау. 2011 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында облыс бойынша 14401 жаңа жұмыс орындары құрылды. Жұмыспен қамту органдары арқылы 16394 адам жұмысқа орналастырылды. Ақылы қоғамдық жұмыстарға - 8127 адам, кәсіби даярлауға – 3127 адам жіберілді. Әр түрлі әлеуметтік көмекті 119,8 мыңнан астам адам 1316,1 млн. теңге көлемінде алды.
• Жұмыспен қамту. «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы аясында 1 млрд. 167 млн. теңге қарастырылған. 4512 адам білім алады, оның ішінде 3343 адам кәсіби даярлықтан, 910 адам қайта даярлықтан өтіп, 259 адам біліктілігін арттыруда. 356 адам еңбекақысыз субсидияланған жұмыс орындарына орналастырылды.
• Халықтың табысы. Жан басына шаққандағы номиналдық табыс 17,5 пайызға артып, орташа айлықақы 12,1 пайызға өсті немесе 65688 теңгеге жетті.
• Демография. 2011 жылғы тамыздың 1-дегі мәлімет бойынша, облыста халық саны – 1 миллион 887,7 мың адам. Оның ішінде қала халқы – 439,9 мың, ауыл халқы – 1447,8 мың адам. 1000 адамға шаққанда халық санының табиғи өсімі 2005 жылғы 7,7-ден 2011 жылы 11,4-ке дейін көбейді.
Жер аумағы 223,9 мың шаршы километр.
• Денсаулық сақтау. Елбасының «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша Еңбекшіқазақ аудандық орталық ауруханасы, Алакөл ауданының Достық кентінде ауылдық аурухана салынып, пайдалануға берілді.
• Сондай-ақ, биыл Талғар аудандық орталық ауруханасы мен Іле ауданының Өтеген батыр кентінде Алматы аймақтық балалар ауруханасы іске қосылмақ.
• Денсаулық сақтау саласына 2011 жылы 41,3 млрд. теңге бөлінді. Қазір облыста 16 теле-мобильдік медицина орталығы, екі санитарлық авиация бөлімшесі, Талдықорған қаласындағы облыстық ауруханада амбулаторлық-мобильдік кешен жұмыс істейді.
• Білім беру. Саланың бюджеті 73 миллиардтан астам теңгені құрап, өткен жылғыдан 23,7 пайызға артты. Жергілікті бюджет есебінен 5 млрд. теңге бөлініп, 2811 орындық 15 орта мектеп салу, 2 білім беру нысанын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. 15173 оқушы тест тапсырып, ҰБТ қорытындылары бойынша облыстың орташа көрсеткіші 82,1 балл болды. Бұл орайда, Қарасай, Жамбыл, Панфилов аудандары мен Қапшағай және Талдықорған қаласының түлектері табысты нәтижелер көрсетті. «Алтын белгіден» үміткер 526 түлектің 332-сі өз білімдерін дәлелдеді.
• Бүгінде облыс халқының үштен бір бөлігін жастар құрайды. Олардың қатарында 540 048 жас бар. Биыл жастар саясатын жүргізуге жергілікті бюджеттен 61 млн. теңге, әлеуметтік жобаларға 15 млн. теңге қарастырылған. Қоғамдық көлікте тегін жүру мәселесі өңірде 2007 жылдан бері шешімін тапса, биыл бұл мақсатқа 140 млн. 636 мың теңге бөлініп, тиімді жұмсалуда.
• Жастардың білім алу мәселесіне де басты назар аударылып, жағдайы төмен отбасынан шыққан және жетім 354 бала жоғары оқу орындарында облыс әкімінің грантымен білім алса, оған 80,6 млн. теңге қаржы бөлінген.
• «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен жұмыс істеуге келген 275 жас маманға 29 млн. теңгеден астам көтерме ақы мен басқа да коммуналдық жеңілдіктер берілді.
• Облыста 37088 баланы тәрбиелейтін 159 балабақша және мектеп жанындағы 445 шағын орталықтар жұмыс істейді.
• Мәдениет. Райымбек ауданында Саты, Кербұлақта Басши, Көксуда Ақтекше және Балқаш ауданының Ақкөл ауылында 4 мәдениет үйі ашылды. Мәдениет мекемелерін күрделі жөндеуден өткізу үшін 946,5 млн.теңге, материалдық техникалық базасын нығайтуға 168,5 млн. теңге бөлінді. Қосымша 21 кітапхана ашылып, кітап қорын толықтыру үшін 14,4 млн. теңге бағытталды.
• Спорт. Талдықорған қаласындағы Қаратал шағын ауданында теннис корты ашылды. Алакөл ауданында спорт базасының, Іле және Талғар аудандарында стадиондардың құрылысы жүргізілуде. Жалпы, 2011 жылы спорттың бюджеті 40 пайызға өсіп, 5 млрд. теңгені құрады.
• Экологиялық реттеу және бақылау. Табиғатты қорғау бағдарламасы бойынша 2011 жылы 655,9 млн. теңге бөлінді.
А
тамекен
Бабалардың бабасы,
Қарт әжемнің анасы,
Елдің небір данасы,
Ғұмыр кешкен Жетісу!
Батырлардың Отаны,
Ақындардың Отаны!
Ырыс толған ошағы –
Жер жаннаты – Жетісу!
Ұрпағының ырысы,
Ел-жұртының тынысы,
Бесік болған Жетісу!
Өз ұлты мен ұлысқа –
Несіп болған Жетісу!
Жеті өзені желкілдеп,
Мөлдіреген Жетісу!
Алғаш теңдік байрағы,
Желбіреген Жетісу!
Жерұйығым – Жетісу:
Сүйінбай мен Жамбылдай,
Ақын Сара, Ілияс,
Мұқағали секілді
Ақындардың мекені!
Ер Қарасай, Қабанбай,
Шапырашты Наурызбай,
Райымбек секілді
Батырлардың мекені!
Жер жаннаты – Жетісу!
Батырлардың Отаны,
Ақындардың Отаны.
Ырыс қонған ошағы,
Киелі жер – Жетісу.
Жолаушы ма, қосшы ма,
Кең құшағын тосады.
Жер жаннаты – Жетісу!
Айтақын ӘБДІҚАЛ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
Елім деп елжіреп, жұртым деп жадыраған талдықорғандықтардың ырыс, ынтымағы әрдайым шалқи түскен

Жоңғар Алатауының баурайында теңіз деңгейінен 630-650 метр биіктікте орналасқан Талдықорған 1869 жылы «Тал-Қорған» атты қыстаудың орнында бой көтеріпті. Кезінде Гавриловка делінген осынау құтты мекен 1920 жылдың басында Талдықорған аталып, 1944-1997 жылдар аралығында және 2001 жылдан бастап облыс орталығы мәртебесіне лайық гүлдене түсті десек те болады. Шаһардың республика көлеміндегі геосаяси рөлі өте зор. Ол – Жетісу өңірінің жүрегі, киелі тал бесігі. Әуе, темір жол, республикалық және облыстық маңызы бар автокөлік жолдарының жан-жақты желілері арқылы Алматы, Өскемен қалаларымен қоса, Ресейге, Қытайға және Орта Азия мемлекеттеріне шығуға болады.
Еркін айналма жолынан Талдықорған – Үштөбе айналма жолына дейін жалғасатын Тәуелсіздік көшесінің ұзындығы 6 шақырым. Осы көше бойындағы «Үш ата» және даңқты Қаракерей Қабанбай батыр мен ақын Ғали Ормановтың ескерткіштері де бүкіл қала келбетіне сән беріп тұр. Біріккен Ұлттар Ұйымының 2010 жылды «Халықаралық биологиялық түрлендіру жылы» деп атауына байланысты қала аумағын қарқынды түрде абаттандыру қолға алынды. Көшеде өзіндік архитектуралық ерекшелігімен айшықталатын үш шағын гүлбақша ашылып, ұлттық нақышпен безендірілді. Гүл дестелерімен өрнектелген ол қазір тұрғындардың сүйікті демалыс орнына айналған.
Тәуелсіздік көшесінің аумағындағы 8 гектарды құрайтын орталық алаңда мерекелік шаралар өткізіледі. Оған күн сайын мыңдаған қала тұрғындары мен қонақтары келіп жатады. Көше бойына орналасқан Ө.Жолдасбеков атындағы экономика және құқық академиясында, заң колледжінде, сондай-ақ № 4, № 5 орта мектептерде барлығы 2 мыңға жуық студенттер мен оқушылар білім алуда.
Қаланың әсем безендірілген көрнекілігі де өзінше көз тартады. Мысалы, «Қазақстан – 2030», «Жол картасы – 2020» және өзге де мемлекеттік бағдарламаларға, ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейіне арналған, саламатты өмір салтына, білімнің маңыздылығын бағалауға, ұлтаралық татулықты қастерлеуге үндейтін, өзге де әлеуметтік тақырыптарды айшықтаған билбордтар мен аспалы қондырғылар да осы көшенің сәні.
Қазір Тәуелсіздік көшесі толық күрделі жөндеуден өткізіліп, жаңадан асфальт төселді. Орталық алаңның күрделі жөндеу жұмыстары да аяқталуға шақ. Көше тұрғыны, көп балалы ана, еңбек ардагері Шәкен Нұрғалиеваның әңгімесі де назар аударарлық.
– Мен өмірлік серігім Сансызбай екеуміз 10 бала тәрбиелеп өсірдік. Қазір еңбек демалысындамын. Дегенмен, қарап отырғанымыз жоқ. Өмір талабына сай отбасымызбен бизнеске араласып, жеке дүкен, шаштараз аштық. Арасында 13 немере, 4 шөбереміздің қызығына бөленіп, қарттық шақтың зейнетін көріп жүріп жатқан жайымыз бар. Өткен жыл мен үшін ерекше қуанышты болды. Елбасының Жарлығымен «Алтын алқа» тағындым. Отау көтергеніміздің 50 жылдығына орай алтын тойымыз өтті. Биылғы жылдың басы да жақсылықпен басталып, шаңыраққа келін түсірдік. Осындай бейбіт өмір сыйлаған Елбасына деген алғысымыз шексіз, әрине.
Иә, қазақ елі еркіндікке Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен қол жеткізді. Тәуелсіздіктің туын бейбіт жолмен желбіреттік. Елбасы халықты қиын-қыстау кезеңнен қайсарлықпен алып шығып, іргесін нығайту жолында аянбай еңбек етіп келеді. Сол сара саясат арқасында өз қолымыз өз аузымызға жетті. Өз тілімізде сөйлеп, өз дінімізді дәріптеп отырмыз. Осының бәріне мың да бір шүкірлік етеміз. Шаһар көркі жаңа түрге енді. Бірліктен асқан бақыт пен байлық қане, дейді. Сонымен бірге көше тұрғыны Бейбіт Дәулетов те пікір қосты.
– Облыс орталығы Талдықорған қаласы да күннен күнге гүлденіп, өркендеудің жаңа белестеріне құлаш сермеді. Жүз жылдан жаңа асқан тарихы бар жас қала. Жас та болса, Жетісудағы бас қала деп білеміз. Бас-аяғы бірер жылдың өзінде Қараталдың бойында көптеген жаңа үйлер бой көтерді. Сөйтіп, қаланың сәулетті де сәнді ауданының бірі пайда болды.
Осы жұмыстар ары қарай жалғаса берсе екен, еліміз аман, жұртымыз тыныш болса екен дейміз. Тәуелсіздік көшесінің тұрғыны ретінде айтарым, ел тәуелсіздігі баянды болсын, – деді ол.
Міне, ырысты, ынтымақты халық мекен еткен тал бесіктей Талдықорған қаласының тәуелсіздік мерейі алдындағы көңіл- күйі осындай. Ел Астанасынан 1500 шақырым шалғайдағы құтты өңірдегі Тәуелсіздік көшесінің тұрғындары елім деп елжіреп, жұртым деп жадыраған, жүрегі нұрлы жандар екенін әрбір ақ ниетті іс-әрекетімен дәлелдеп келеді.
Суретте: Тәуелсіздік көшесінің тұрғыны, «Алтын алқа» иегері Шәкен Нұрғалиеваның шаңырағында.
Өрісіміз малға толды
Жолсейіт МОЛДАСАНОВ, Еңбек Ері.
Әр ұлттың өзіне тән ата кәсібі болады. Біз болсақ, ғасырлар бойы мал шаруашылығымен шұғылданған халықпыз. Кешегі кеңестік кезең Қазақстанның атағы мыңғырған қойымен, табын-табын сиырымен, үйірлі жылқысымен дүркіреп тұрды. Сол тұста бағымындағы биелердің әр жүзінен жүз құлыннан алған Сусынбай Қалмақбаев, Жұмахан Қорғанбаев, Мұқа Жарқынбаев, Жақсылық Байбарақов, Құрманәлі Төлебаев сияқты жылқышылар, бағымындағы саулықтың әр жүзінен 160-тан қозы алған Ыдырыс Әбдіғұлов, 128-ден қозы алған Сейдахмет Қорғасбаев сияқты шопандар Еңбек Ері атанды. Сол қатарда мен де әр жүз саулықтан 175-тен қозы алып, еңбегіммен атақ-даңққа ие болдым.
Шаруашылықтардың таратылып, жекешеленіп кетуіне байланысты бір мезгіл өрісіміздің бос қалғаны да жасырын емес. Десе де, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында құлазып қалған жайылымдарға жан бітіп, өрісіміз қайтадан малға толды.
Ел еңсесі көтеріліп, шат-шадыман күн көретін дәрежеге жеттік. Шет елдерден асыл тұқымды мал әкелініп, табысымыз еселене түсті. Биылдан бастап Президенттің бастамасымен қолға алынған «Сыбаға» бағдарламасының аясында облыс әкімінің басшылығымен және қатысуымен «Шопандар тойы» әр ауданда дүркіреп өтті. Бұл бізді жаңа табыстарға жетелеуде.
Әлбетте, бүгінгі дәуір – ғылым мен техниканың заманы. Осыған орай, Елбасының жыл сайынғы халыққа Жолдауында малды асылдандыру мәселесі жиі айтылып, бұл бағытта жүйелі жұмыстар атқарыла бастады. Ендеше, алдағы уақытта осы бағытты мықтап қолға алсақ, экономикамыз қарыштай түсіп, тұрғындар берекелі тірлікке көшсе, бірлік пен ынтымағымыз нығая түседі.
Бақыттың бағасы
Бәтима САҚАУОВА, Алматы облысының құрметті азаматы.
Құдайдың бергеніне мың шүкір. Қазақ елі өз алдына шаңырақ құрып, ықылым замандардан бері іргесін бекіткен мемлекеттермен иық теңестірді. Осыдан ширек ғасыр бұрын ата-бабаларымыз аңсап өткен азаттықтың таңы атып, абыройымыз аспандайды десе, бәлкім, сенер ме едік, сенбес пе едік...
Қазақ халқының санғасырлық тарихы тіршілік үшін күреске толы болды десек, біздің аға буын өкілдеріне де оңай болмағаны белгілі. Ер-азамат қан майданға аттанып, елдегі бар қаракет еңкейген қарт, еңбектеген бала мен әйелдердің иығына түскен кез еді. Одан кейін күйреген экономиканы қалпына келтіру үшін уақытпен санаспай еңбек еттік. Сол қиындықтар мен сияқты қазақтың қаршадай қыздарын от пен суға кезек сала жүріп шыңдап, ерте бастан ел тізгінін ұстатты.
Күндіз-түні уақытпен санаспай еңбек ете жүріп, зейнет жасына қалай жеткенімізді де аңғармаппыз. Сонда да жүрегіміздің түкпірінде елімнің азаттығы жайлы арман жатушы еді. Жаратушы бізге сол арманның орындалғанын көру бақытын жазыпты.
Биыл Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық мерейі тойланбақшы. Осындай қуаныш үстінде халқыма аналық ақ жүрегімнен шыққан ізгі тілектерімді жеткізсем деймін. Мемлекетіміздің іргесі шайқалмай, ұл-қыздарымыз шаттықтың бесігінде тербеле берсін.
Киелі ұғым
Елеусіз СҰЛТАНҒАЗИЕВ, облыстық мәслихаттың депутаты.
Елбасы еліміздегі қазіргі заманғы технология мен экономиканы қарқынды дамытуды, орта және шағын кәсіпкерлікке жан-жақты қолдау көрсетуді алға қойып келеді. Әр ауылға таза су, сенімді байланыс, қуатты электр жүйесі, жақсы жол болатынына, тұрақтылық пен ұлтаралық келісім қамтамасыз етілетіндігіне, қабылданған заңдарымыздың қатаң сақталуына, баршаның назарын аударған.
Осыны еске алғанда Райымбек бабамыздың «Үлкендерге айтарым: Адалынан болсын ұрпағың, қыз-бозбалаң желкілдеп, желбіресін туларың, Жастарға айтарым: Әкең-анаң ардақтың, ардақтыңды аяла. Туған жерің – топырағың, топырағыңды тоздырма. Сұқ қолды создырма» деген өсиеті еске түседі.
Міне, ата-бабамыз аңсаған егемендікке жеттік. Көк байрағымыз желбіреп, шекарамызды бекітіп, экономикасы өскен, өнген, білімді халқымыз бар екенін паш етіп, әлемге танылдық.
Осы жеңіс Мемлекет басшысының қайраткерлігін, данышпандығын, білімділігін, іскерлігін көрсетті. Жетісудағы өндірістің қай түрін алсақ та ілгерілеушілік, кәсіби білімділік, әлеуметтік өрлеу байқалады.
Өзім облыс депутаты болып сайланған Еңбекшіқазақ ауданында ағымдағы жылдың өткен мерзімінде экономика қарқынды өсті. Ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі 20 млрд. теңгеге жетті. Инвестиция тартуда өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2 есеге өсіп, 35 млрд. теңгені құрады. Әрине, бұған көп әсерін тигізген «Жетіген - Қорғас» темір жолының құрылысы.
Біз аға ұрпақ жастардың саналылығын, жастарымыздың кәсіпті, іскер болуын қалаймыз. Киелі өңір халқы еліміздің көркеюіне, болашағына үн қосамыз. Елдің бірлігі сөгілмесін. Отанымыздың келешегі үшін еселі еңбек етіп, өз үлесімізді қосамыз дегім келеді.
Беттердегі материалдарды дайындаған «Егемен Қазақстанның» Алматы облысындағы меншікті тілшісі Күмісжан БАЙЖАН.