15 Қыркүйек, 2017

Мемлекеттік хатшы сыбайлас жемқорлыққа қарсы отырыс өткізді

274 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия отырысы өтті, деп хабарлайды Ақорданың Баспасөз қызметі. 

Жиында «Ақпараттық Қазақстан – 2020» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылуы және ондағы заңдылық мәселесі қаралды. Сонымен қатар денсаулық сақтау жүйесіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша қабылданып жатқан шаралар мәселесі де қозғалды.  

Басқосуды ашқан Гүлшара Әбдіқалықова Парламенттің үшінші сессиясының ашылуында Нұрсұлтан Назарбаев денсаулық сақтау саласын ел дамуының маңызды әлеуметтік мәні бар басым бағытының бірі ретінде атағанын айтты.

Іс-шара барысында Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың және Бас прокурор Жақып Асановтың баяндамасы тыңдалды.

Баяндамашылардың мәліметіне сәйкес, бағдарламаны іске асырудың негізгі мақсатты көрсеткіштері оң қарқын алып отыр. Мақсатты 40 көрсеткішке мерзімінен бұрын қол жеткізілді (48%). Мәселен, 2017 жылы азаматтардың компьютерлік сауаттылық деңгейі 76%-дан асты, ал жоспарланған меже 65% болатын; ұлттық жерсерік желісі абоненттерінің саны жоспарланған 500 мыңнан асып түсіп, 1,2 млн-нан артты.

Екінші мәселе бойынша Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бюросының басшысы Талғат Татубаев баяндама жасады. Министр денсаулық сақтау саласындағы жемқорлық әрекеттердің алдын алу бойынша қабылданған шаралар туралы мәлімдеді.

Отырыста соңғы 2 жылда бұл сала бойынша тіркелген сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыс саны 2 есе өскені мәлімделді. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында дәрі-дәрмек және медициналық қызметтерді сатып алу, фармацевтикалық компаниялармен қарым-қатынас мәселелеріне қатысты, сондай-ақ дәрі-дәрмек формулярларын қалыптастыру жүйесінде, сертификаттау рәсімдерінде және т.б. салаларда елеулі қатерлер анықталды.

Комиссия отырысының қорытындысы бойынша денсаулық сақтау саласындағы сыбайлас жемқорлық қатерлерін жою жөнінде тапсырмалар берілді.