Бүгінгі күнде сыйлықақыға үміткерлерден өтініш қабылдау науқаны аяқталды. Екі айдың ішінде 230 өтініш келіп түскен. Олардың ішінде Астана мен Алматы қалаларының, Павлодар, Оңтүстік Қазақстан, Алматы облыстарының ҮЕҰ белсенділік танытқан. Тұңғыш рет сыйлықақы әлеуметтік мәселелерді шешуге қосқан үлесі үшін үкіметтік емес ұйымдарға берілетін болады.
Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің азаматтық қоғам комитетінің төрайымы Әлия Ғалымова жеңімпаздардың қалай анықталатындығын атап айтты.
«Сыйлықақыны ұсынуға қойылатын талаптар мейлінше ашық ұсынылған. Сыйлықақыны алу үшін тапсырылған әрбір өтініш үш кезең бойынша бағаланады. Бағалауға – мекеменің тәжірибесі, қоғам тарапынан мойындалуы, инновациясы, қызметтік тиімділігі, саланың, өңірдің, республиканың дамуына қосқан әлеуметтік үлесі сияқты талаптар қойылатын болады», – деп атап өтті Әлия Ғалымова.
Ең көп өтінімдер мына бағыттар бойынша ұсынылған: халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарын қолдау – 23%, жастар саясаты мен балалар бастамаларын қолдау – 12,1%, азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, заңды мүдделерін қорғау; – 7,8%, қоғамдық келісімді және ұлттық бірлікті нығайту – 7,8%.
14 өтінім ауылдық және 26 өтінім аудандық ұйымдардан келіп түсті. Бұл ҮЕҰ-ға арналған сыйлықақыларды беруге бағытталған байқауға қатысу үшін келіп түскен өтінімдердің жалпы санының 17 % -ын құрады.
Сыйлықақының аз мөлшері 2000 АЕК-ке тең (4,5 млн теңге). Сыйлықақылар ҮЕҰ-ны институционалдық дамытуға, ұйымның жарғылық мақсаттарына, оның материалдық базасын нығайтуға, қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға бағытталады.
Сыйлықақыларды табыстау туралы шешімді Конкурстық комиссия мен ҮЕҰ-мен өзара іс қимыл бойынша Үйлестіруші кеңестің ұсынымдары негізінде Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі 2017 жылғы 1 желтоқсанға дейін қабылдайды.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»