– Бақыт мырза, елордаға қош келдіңіз! Екінші рет өтіп жатқан «Әлем барысы» турнирі жайлы не айтасыз?
– Турнир жоғары деңгейде өтті. Рахметтен басқа айтарым жоқ. Қара шаңырақ – Қазақстан аман болсын! Мың шүкір, еліміздің кем-кетігі толып, кемері тасып, көші түзеліп, көркі оңалып келе жатыр екен.
– Сіз баптап әкелген шәкіртіңіз Серік Бердімұратұлына төртінші орын бұйырды. Қанағаттандыңыз ба, әлде...
– Әрине, қанағат. Спорт деген, соның ішінде күрес түрі жекпе-жек сайысқа жатады. Кім мықты, сол жеңеді. Менің спорттағы ұстазым – самбо және еркін күрестен әлем чемпионы, Олимпиаданың күміс жүлдегері Баянмунке айтатын: «Ей, Бақыт, балуан болам десең ерінбей еңбек ет, төккен тердің бодауы әсте далаға кетпейді, бүгін болмаса ертең игілігін көресің. Күреске күш емес, ақыл керек. Сабыр мен қайратың теңелгенде нағыз балуан боласың!» дейтін. Сол сияқты атақты балуан Александр Медведь: «Балуан адам – шахматшыдай сұңғыла, зілтеміршідей күшті, марафоншыдай төзімді, 100 метрге жүгіретін желаяқтай шапшаң, цирктің акробатындай епті болу керек», деген екен. Демек, кім көп тер төксе сол жеңеді. Бұл – бұлжымайтын заң.
– Шәкіртіңіз Серік Бердімұратұлының бұған дейінгі спортта жеткен жетістіктері жайлы айтып өтсеңіз.
– Бұл 1994 жылы туған бала. 10 жасынан бастап самбо, дзюдо, сумо және моңғолдың ұлттық күресімен шұғылданып жүр. Самбодан жасөспірімдер және жастар арасында әлем чемпионатының үш дүркін қола жүлдегері, дзюдодан спорт шебері, сумо күресінен әуесқойлар арасында әлем чемпионы, моңғолдың ұлттық күресінен жастар арасында екі дүркін мемлекеттік чемпион болған азамат. Биыл жазда өткен мемлекеттік тойда «Лашын» атағына ие болды. Бұл Моңғолия қазақтары тарихында 36 жылдан кейін қайталанып отыр. Сонымен қатар, бұл бала соңғы жылдары қазақ күресі түрімен де айналысып жүр. Оның нәтижесін өздеріңіз де білесіздер. «Еуразия барысының» жеңімпазы деген сияқты...
– Демек, Серік бауырымыз моңғол күресінен 36 жылдан кейін «Лашын» атағын алған қазақ дедіңіз. Одан бұрын бұл атақты алған қазақ кім?
– Ол мына алдыңыздағы пақырыңыз болатын. 1981 жылы осы атақты бағындырған едім.
– Солай ма, онда өзіңіз жайлы ақпармен оқырмандарды қанықтырсақ, спортта жеткен жетістіктеріңіз деген сияқты.
– Мен күресті 20 жасымда бастадым. 1974 жылы ойда жоқта еркін күреске қатысып, екі айдың ішінде жастар арасындағы біріншілікте 84 кило салмақта топ жардым. Іле Солтүстік Кореяның Пхеньян қаласында өткен «Олимпиада үміттері» атты халықаралық жарысқа қатысып, алғашқы алтын медальға қол жеткіздім. Осылай спорттағы өмірім басталды.
– 1980 жылы өткен Мәскеу Олимпиадасына қатыстыңыз...
– Мәскеу Олимпиадасында күрестім. Салмағым 100 килодан жоғары болатын. Бұл салмаққа әлемнің 33 елінің 151 балуаны келіп қатысты. Осетин жігіті Сослан Андиевтен жеңілдім. Ол Олимпиада чемпионы болды.
– Еркін күрестен әлем кубогы мен әлем біріншілігінен медаль алған тұңғыш қазақ екенсіз. Тағдыр сізге осындай ғажайып мүмкіндік сыйлапты. Осы жайында айтып берсеңіз.
– 1981 жылы Әлем кубогы жолындағы күрес АҚШ-тың Толеда қаласында наурыз айының 28-29 күндері өтті. Бұған әр құрлықтағы үздік командалар шақырылды. Содан опыр-топыр күрес басталды. Бір заманда аңдасақ, моңғол командасы мен тағы бір команданың ұпайы теңесіпті. Елдің бәрі күресіп біткен. Күреспеген 100 килодан жоғары салмақта жалғыз мен қалыппын. Кім жеңеді, сол Әлем кубогының қола жүлдегері атанбақ.
Бұған дейін Моңғолия балуандарына мұндай мүмкіндік тумаған. Командаластар көзі жаудырап маған қарайды. Олардың жанарынан: «Бақыт, бізді жерге қаратпа!» деген жанайқайды оқыдым. Бір сұрапыл шайқас басталды. Ақырында жеңдім. Қорытынды есеп бо-йынша: Кеңес Одағы балуандары бірінші орын, америкалықтар екінші орын, біздің команда үшінші орынға иелік етті. Осылай Әлем кубогының қола медалін алған жайым бар.
– 1986 жылы әлем чемпионатына қатысып, кіші қола медаль алған екенсіз. Осы оқиғаны тарқатып көрсек.
– 1986 жылғы әлем біріншілігі қазан айының 19-22-сі аралығында Венгрияның астанасы Будапешт қаласында өтті. Мен 120 кило салмақта күрестім. Бас бәйге Америка балуаны Брюс Баугартнерге бұйырды. Екінші орынға грузин балуаны Дэвид Гобежишвили ие болды да, үшінші орынға шыққан германиялық балуан Адреас Чордер екеуміздің ұпайымыз теңесіп қалды. Сөйтіп А.Чордер қола медаль алды да, маған кіші қола медаль бұйырды. Осы жетістігім үшін маған «Халықаралық дәрежедегі спорт шебері» атағы берілді.
Әңгімелескен
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Суретте: бапкер Бақыт Однайұлы мен шәкірті Серік Бердімұрат