Президент тек 2014-2016 жылдар аралығында ғана экономиканы қолдауға қосымша 1,7 триллион теңге жұмсадық дей келіп, мұның барлығы экономикалық өсімді және бизнесті қолдауға, 200 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік бергенін еске салған еді. Алайда шикізаттық емес экспорттың дамуы өскелең талапқа сай болмай жатқаны да Елбасының назарынан тыс қалмай, осы мәселеге айрықша көңіл аударды.
Экспорттық операциялар елдің бюджетіне шетелдік берік валюта енгізетін шешуші амалдар. Осы уақытқа дейін бюджеттің кіріс бөлігіндегі валюталық түсімдер негізінен шикізат сатудан келіп отыр. Бірақ қаншама жаңа кен орындары ашылып жатқанымен, шикізаттың сарқылар кезі болады. Сондықтан елдің экономикасын шикізаттық емес экспорттың түсімін арттыруға бағыттау – өмір талабы.
Президент өзінің Жолдауында экспортты дамыту мен ілгерілету тетіктерін жетілдіруді, экспорттаушыларға «бір терезе қағидаты» бойынша барлық өңірлерде де қолдау таныту қажеттігін атап көрсетті. Сонымен бірге Президент Үкімет жанынан Экспорт саясаты жөніндегі кеңес құруды тапсырып, оған бизнес-қоғамдастықтың да өкілдері кіруі тиіс екенін айтты. Осындай нақты тапсырмалармен қатар, Елбасы биылғы қыркүйекке дейін Үкімет әкімдермен және бизнес өкілдерімен бірлесіп, Бірыңғай экспорт стратегиясын әзірлеуді жүктеген болатын.
Осы тапсырмалардың орындалу барысы туралы өткен айда Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Үкіметтің алдында есеп берді. Оның айтуына қарағанда, шикізаттық емес экспорттың көрсеткіштерін 2015 жылмен салыстырғанда 2022 жылғы мерзімге 1,5 есе арттыру мүмкіндігі қарастырылған. Барлық экспортшыларды «бір терезе» қағидатымен қолдау үшін «Қазақэкспорт» ұлттық компаниясына бірыңғай оператор мәртебесін заңнамалық негізде беру көзделген.
Ал «Қазақэкспорт» ҰК Президент Жолдауынан кейін Инвестиция және даму министрлігіндегі бұрынғы «КазЭкспортГарант» компаниясының негізінде құрылған еді. Ол экспортқа байланысты барлық әрекеттерді, соның ішінде экспорттық келісімшартты сақтандыру, ынталандыру, қазақстандық өнімдердің пайыздық ставкаларын субсидиялау және т.б. ілгерілету жұмыстарымен айналысады.
Міне, осы Ұлттық компанияның алғашқы жұмыс нәтижелері туралы Т.Сүлейменов жан-жақты айтып берді. Министрдің айтуына қарағанда, «Бір терезе» қағидатымен жұмыс істеу арқылы экспортерлер тауарларының құны мен уақытына кететін шығындарын азайтады және мемлекеттік органдар мен даму институттары арасындағы өзара іс-қимылда ақпараттар алу технологиясын жеңілдете алады. Еліміздің барлық аймақтарында және Қазақстан экспортына қызығушылық танытушы елдерде осы «Қазақэкспорттың» өкілдіктері ашылмақшы.
Сонымен бірге барлық тауарлар мен қызметтер бойынша «экспорттық себет» әзірленіп, оған экономиканың жеті саласының 116 тауары енгізілетіні белгілі болды. Перспективалық «экспорттық себет» тауарларының тізіміне енгізілу үшін мынадай өлшемдер ескеріледі: көліктік қолжетімділік, қабылдаушы елдер импортының құрылымы және Қазақстан экспортының толықтыру индексі, шығарылатын елдер импортының өсу болжамы және талданатын елдердің қазақстандық шикізаттық емес тауарларының импорттық көлемі.
Бүгінгі күнгі сыртқа шығарылатындардың арасынан осы себетке тамақ өнімдері, минералды және химия тауарлары, балалар киімдері, медициналық және шыны бұйымдары енгізілген. Ал болашақта қызметтер арасынан көлік, туризм, ғарыштық қызмет көрсетулер және ғарыштық аппараттарды сынаулар енгізіледі. Қазақстан экспорты шығарылатын өткізу рыноктары қатарына 27 мемлекет енгізіліп, олар қабылдау мүмкіндігіне қарай түрлі санаттарға бөлінген. Соның ішінде Қытай мен Ресей басымды мәртебеге ие болған. Сонымен бірге Қазақстан экспорты Беларусь, Үндістан, Иран, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан, Украина және т.б. елдердің ішкі рыноктарында сұранысқа ие болып отыр. Еуропа елдері арасынан қазақстандық шикізаттық емес экспорт басқалармен салыстырғанда Нидерланд пен Польшаға көбірек жетеді.
Қорыта айтқанда Ұлттық экономика министрлігі ұсынып отырған экспортты жандандыру бағдарламасы экспортерлерге қаржылық және басқа да жақтан қолдаулар жасайды, сонымен қатар экспорттың дамуын аяқтан шалатын кедергілерді жояды.
«KAZAKH INVEST» Ұлттық компаниясы» АҚ-да экспорттың ұлғаюына өз тарапынан үлес қосуда. Бұл компания Қазақстанға сырттан инвесторлар тартумен бірге іштегі экспортерлердің де жұмыстарының қызуына жағдай жасау үшін жуырда қазақстандық компанияларға арналған тренингтер өткізді. Онда компаниялар өкілдері экспорттық және маркетингтік іс-әрекеттерді жүргізу бойынша тегін сабақтар мен кеңестер алды. Нақты айтқанда қазақстандық өнімдердің сапасы мақсатты рыноктардың техникалық талаптарына сай икемделу, қабылдаушы елдердің импорттық процедураларына реттелу, экспортқа шығардағы көлік-логистикалық, бақылаушылық және кедендік тексерулерге бейімделу және т.б жайлы пайдалы кеңестер мен сабақтар берілді.
Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы және өзара сауда айналымына қарағанда 2017 жылдың алғашқы жартыжылдығында Қазақстан экспортының жалпы көлемі 2016 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 138,3 пайыз болған. Сөйтіп, бұл бағыттың өсу әлеуеті жоғары екені көрініп тұр. Тіпті импортпен (110,7 пайыз) салыстырғанда да әжептәуір көп болған. Алайда бұл жалпы экспорт, оның ішінде шикізаттық сала да енгізілген.
Елбасы Қазақстанның шетел инвестицияларын тарту ісіндегі аймақтық көшбасшылығын сақтап қалуы қажеттігін де өзінің Жолдауында атап көрсетті. «KAZAKH INVEST» Ұлттық компаниясы» АҚ осы мақсатпен жуырда Сыртқы істер министрлігінің көмегімен Қазақстанда тіркелген дипломатиялық миссиялардың экономикалық әріптестік мәселелерімен айналысатын өкілдерімен кездесті. «KAZAKH INVEST» Ұлттық компаниясы» АҚ төрағасының орынбасары Нұрсұлтан Жиенбаев олардың назарына қазақстандық келешегі зор жобалар туралы баяндап, инвестиция құю үшін өз елдерінің бизнесмендерін, трансұлттық компанияларды шақыруды сұрады. Өзінің сөзінде ол Қазақстанда қолайлы инвестициялық ахуал қалыптасқанын, инвесторларға «бір терезе» қағидатымен қызмет көрсетілетінін және т.б. туралы айтты. Инвестиция құю үшін ең маңызды шарт – елдің саяси тұрақтылығы, бейбіт өмір болса, оның да Қазақстанда әбден қалыптасқандығы жеткізілді. Инвесторлар үшін қарастырылған жеңілдіктер, салықтық преференциялар туралы да толықтай айтылды. Doing Business халықаралық қаржы корпорациясының рейтингі бойынша Қазақстан бизнес жүргізудің қолайлылығы бойынша 190 елдің арасында 35-ші орын алатыны, инвесторлар үшін қарастырылған жеңілдіктерді одан әрі оңтайландыру мақсатында 2017 жылдың қаңтар айынан бастап, 55 мемлекетпен «визасыз режим» орнатылғаны тілге тиек етілді.
Алайда шетелдік миссиялардың кейбір өкілдері Қазақстанның инвестиция құю тартымдылығының кемшін тұстарын да айтып, олардың түзелуі ғана нәтижелі әріптестікке қол жеткізетінін көрсетті. Соның ішінде көптеген аймақтардағы инфрақұрылымдардың төмендігі көлденең тартылды. Бұл қатарда алдымен автомобиль жолдарының сапасыздығы ауызға алынды.
Елбасы Қазақстанда өндірістер ашу жөнінде Қытаймен бірлескен инвестициялық бағдарламаны тиімді жүзеге асыру керектігін атап ескерткен. Қытай тарапымен екіжақты ынтымақтастық нысандары белгіленді. «Бұл қазақстандықтар үшін 20 мың жаңа жұмыс орнын ашатын заманауи өндірістер болмақ. Қазір 6 жоба жүзеге асырыла бастады, ал 2 жоба іске қосылды. Соның бірі – гибридтік және толықтай электрлі JAC автомобильдерін ірі құрылғылардан құрастыратын зауыт», деді Президент.
Міне, Қазақстанның шикізаттық емес экспорт пен шетелдік инвестициялар тарту қадамдарының кейбір бағыттары осындай. Олардың орындалуы ел экономикасының қарыштай түсуіне сүбелі үлес қосары сөзсіз.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»