Аймақтар • 15 Қыркүйек, 2017

Сырласу сағаты

603 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Оңтүстік Қазақстан облысында Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының ұйымдастыруымен «Ел боламын десең...» тақырыбында этнограф, жазушы Зейнеп Ахметовамен сырласу сағаты өтті.

Сырласу сағаты

Облыстың зиялы қауымы, жас­­тар, оқушылар және БАҚ өкіл­дері қатысқан жиында Алаш үшін ардақты Бәукеңнің, Бауыр­жан Момышұлының келіні тағы­лым­ды ойларымен бөлісті. Сыр­ла­су кешін Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының дирек­торы Жәнібек Тағаев жүргізіп отыр­ды.

– Бақытжан дүниеден өткен­нен кейін күйреп қалғандай күй кештім, – деді батырдың келіні. – Қазақта көңіл шәй деген болады. Осындай күйзеліп жүргенімде Оңтүстік Қазақстан облысының халқы көңіл шәйға шақырып, қайғымды жеңілдетті, өз-өзіме келуіме жәрдемдесті. Сондықтан, халқымыздың салт-дәстүрлерін барынша ұстайтын, ұлттың ұйытқысына айналған Оңтүстіктің орны мен үшін қа­шанда ерек.
Әдемі әзіл, жарасымды сырласумен өткен кеште талай әңгіменің тығыны ағытылды. 

«Жақсы үйге түскен келін – келін, жаман үйге түскен келін – келсап». Қазақтың тағылымды қа­натты сөздерінен тұздық жа­саған Зейнеп Ахметова ұлт­тық қасиетті ардақтау жайын айтты. Салт-дәстүр дегенде көпшіліктің бесік­ке салу, тұсау кесу, беташар сияқ­ты ғұрыптарды бер жағынан ғана білетіндігін мысалға кел­тірді.

Ұлттың тәрбиесі – ана­дан. Сон­дықтан да, «ана бір қо­­лымен – бе­сікті, бір қо­лы­мен әлемді тер­­­бетеді» деген тәм­­сіл бар. Жа­зу­шы Зейнеп Ах­­метова қазақ қыз­дарының кей­­бір бейәдеп қы­лық­тарын сы­­нап, жақсы келін болуға тал­­пынудың жайын айт­ты. «Әр қазақ келіні – ене мек­те­бінен өту керек» деген жа­зу­шы ене­лердің осы қа­сиетті атауға лайықты болуын жақсы мы­сал­­дармен ұғынықты жет­кізді. Әсерлі кеш жүрекке жақын сыр­­ласуға ұласты. 

Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»

Оңтүстік Қазақстан облысы