Техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық инженерлік және Жоғары мектеп академияларының академигі Әшімжан Сүлейменұлының Ш.Есенов атындағы Ақтау мемлекеттік университетіндегі ректорлық қызметіне тоқталуды жөн көрдім. Себебі өзім де сол университеттің ректоры қызметін атқарған едім. Тәжірибелі ұйымдастырушы Ә.Ахметов 2001 жылы аталған университеттің ректоры болып тағайындалады.
Ол кісінің басшылыққа келуімен университетте күрделі құрылымдық өзгерістер басталды. Университеттің материалдық-техникалық базасы жақсарды. Жоғары оқу орны өзінің ширек ғасырлық тарихында жаңа белеске көтерілді. Ғимараттары жөндеуден өтіп, жаңа кейіпке келтірілді, құрылыстар салынды. Өңірдегі орны айқындала, беделі арта түсті. Жаңа сапалық деңгейге көтеріліп, заманауи жоғары оқу орны мәртебесіне қадам жасады. Еліміздің батыс өңіріндегі оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастырудың соны талаптарына сәйкес келетін ең ірі жоғары оқу орны ретінде қалыптасты.
Елбасының «Қазақстан-2030» Стратегиясына сәйкес, университеттің ғылыми кеңесінде 2002-2007 жылдарға арналған даму тұжырымдамасы қабылданды және 2004-2007 жылдарға арналған даму жоспары жасақталды. Ұжым жұмысы мемлекеттік бағдарламада, тұжырымдамада және жыл сайынғы Елбасы Жолдауларында көрсетілген мақсаттарға қол жеткізуге бағытталды. Оқу мен басқару үдерісіне жаңа ақпараттық технологиялар енгізуге ерекше көңіл бөлінді. Қашықтықтан оқыту орталығының жұмысы жолға қойыла бастады. Соңғы модельдегі компьютер мен интернет сыныптары ашылды. Сондай-ақ шаруашылық келісімшарт жұмыстары орындала бастады. Негізгі тапсырыс берушілер мұнай компаниялары, өнеркәсіптер мен ұйымдар болды.
Осылайша, 2006 жылы 30 жылдық мерейтойы қарсаңында Ш.Есенов атындағы Ақтау мемлекеттік университеті оқу-тәрбие жұмысының ұйымдастырылуы жолға қойылған қуатты ғылыми-білім беру құрылымы ретінде қалыптасты. Алдына өңір өнеркәсібі мен экономикасын жоғары білікті кадрлармен қамтамасыз ету мақсатын қойып, жас ұрпақтың жол табуына жан-жақты көмектесуге бағыт ұстанған еді.
Ел ағасы атанған Әшімжан Сүлейменұлы қай кызметті атқарса да әркез Қазақстанның ғылымы мен білімін дамытуға атсалысқан жан. Ол ұлтымыздың өркениетті елдер қатарынан орын алуын тілейтін және оған тек терең білім арқылы жете алатынымызды үнемі тілге тиек ететін. Бүгінде Ш.Есенов атындағы Ақтау мемлекеттік университетінде Әшімжан Сүлейменұлы атындағы заманауи оқу аудиториясы бар. Бұл аудитория студент жастардың білімін шыңдауға қызмет етіп келеді. «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» дегенде, ел алдындағы осындай ересен еңбек еске түседі.
Әбдімүтәліп ӘБЖАППАРОВ,
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор
КӨКШЕТАУ