Театр • 19 Қыркүйек, 2017

Алматыдағы «Алатау» дәстүрлі өнер театры­ның ашылғанына бір жыл толды

1070 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Дәстүрлі өнерді дамытуға бағытталған Алматыдағы «Алатау» дәстүрлі өнер театры­ның ашылғанына бір жыл толды. 

Алматыдағы «Алатау» дәстүрлі өнер театры­ның ашылғанына бір жыл толды

Ата-бабаның мұрасын арқалап жүрген дәстүрлі әншілердің өнерін насихаттайтын театрдың жаңа басшысы болып жуырда ғана тағайындалған белгілі жыршы, фольклортанушы-ғалым Берік Жүсіп еліміздің әр айма­ғынан келген жиырмаға жуық әншімен кездесу өткізіп, бір­лескен меморандумға қол қой­ды. Бұл құжат бойынша дәс­түрлі өнер театры әр өлкеде туып, өзінше қанат жайып, өз жо­лы­мен өркендеп келе жатқан аймақтағы ән мен жырдың зама­науи мәселелерімен айна­лысуды қызметінің басты қыры етіп алмақ. Қазақ жерінде қа­лыптасқан әншілік, күйшілік, жыршылық мектепті әрі қарай дамытып, насихаттау ісі де театр­дың жүйелі айналысатын жоспардағы шаруасы болып қала береді. «Бұл меморандум облыстағы әншілердің жеке концертін ұйымдастыруға мүмкіндік берсе, ең бастысы, өңірлерде танылмай жүрген жас таланттардың тұсауын кесіп, үлкен сахнада жарқырай көрінуіне жол ашады» дейді театрдың директоры Берік Жүсіп. Жаңа басшының бастамасымен таяу арада қазақтың ән өнері бойынша курстар ұйым­дастыру мәселесі де сөз болды.

Дәстүрлі өнердің тынысын ашып, қолтығынан демеп, дәріптеу үшін құрылған «Ала­тау» театрының бір жылдығына орай концерт ұйымдастырылып, жырдан шашу шашып, құлақ құрышын қандыра ән әуелеткен күміс көмей, жез таңдай әнші­лер көпшілікке нағыз өнер жәр­меңкесін ұсынды. Әртүрлі ән мектебінің үлгісінде шеберлігін шыңдап жүрген музыка майталмандары қазақ өнерінің әрқырлы екенін, дамытқан сайын даралығы айқындала түсетін биік қасиетін бедерледі. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанғали Жүзбаев айтқандай, «тыңдармандар осы кеште алғаш рет күй орындау шеберлігінің жеті, әншілердің бес мектебі мен екі бірдей жыр­шы-жыраудың үлгісін көрсеткен мықты орындаушылар­ды бірін­ші рет бір мезгілде, бір сахнада көрді». Тұс-тұстан қошамет білдіріп, қиқу қосқан көрерменнің көтермелегеніне арқаланып алған әншілердің өзі де: осыған дейін дәстүрлі өнер иелерінің басы бір жерде дәл осылай тоғыспаған еді десті.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ