Фото: Берікхан Тайжігіт; Видео: ауыл тұрғындары
Мұны көрген елді мекеннің тұрғындары аң-таң. Аң-таң болмағанда қайтсін, ұзындығы 10, ені 5 метрге жуық жерді әлдекім тік көтеріп, ойып алып, 1 метрдей жерге жылжытып қойса.
«Бұл – адам баласының қолынан келе қоятын іс емес. Ауыл сыртындағы жазық алаңқайға келіп, із салғандардың бөгдеғаламшарлықтар екендігіне дау жоқ», дейді ауыл тұрғындары.
Адам айтса нанғысыз бұл оқиға Бозай ауылынан 12 шақырым жерде болған көрінеді. Ауылдың жігіттері ойып алынған жерді бейнекамераға түсіріп, ұзындығын, енін, қалыңдығын мұқият өлшеп шығыпты. Ромб тәрізді етіп ойылған жердің ұзындығы – 12, ені – 5 метр, қалыңдығы 40 сантиметр шамасында екен. Ойылып алынып, жылжытылған жердің жоғарғы бөлігі кәдімгідей топырақтың үстіне шығып жатыр. Астында қол сиятындай қуыс та бар. Ойылған жердің жанынан ұзындығы 20 метрге жуық сызық секілді жарықты көруге болады.
«Мені таңғалдырып тұрғаны, осыдан үш-төрт күн бұрын келіп бейнекамераға түсіргенімізде «ромбының» аумағы көлемділеу еді. Енді қарасам, он сантиметрдей жарық сызық кәдімгідей көміліп барады», деді осы ауылдағы мектептің тарих пәнінің мұғалімі Әділбек Баймоллаев телефон арқылы тілдескенімізде.
Тылсым оқиға болған аумақ Бозай ауылының тұрғыны Ерлан Абаевқа тиесілі шабындық жер екен. Жігіт ағасы қазылған жерге әуелде жөнді мән бермегенін айтады.
«Өткенде қалың шөптің ортасынан әлдекімдердің жерді қазып кеткенін көріп қынжылғаным рас. Кейін жігіттер айтқанда, келіп, көріп, өз көзіме өзім сенбедім. Жалпы, бұл жер Сарыоба деп аталады, тарихы да тереңде жатыр», дейді ол. Тарих дегеннен шығады, кезінде дәл осы ауылда Гүлғайша атты атақты емші болған деседі. Емшіге елімізді қойып, Кеңес Одағының түкпір-түкпірінен жанына шипа іздеген адамдар ағылып келіп жатады екен. «Бозай маңына бөгдеғаламшарлықтардың сол тұста келгені жайында деректер де бар», – дейді ауыл тұрғындары. Ендеше, мұны бөгдеғаламшарлықтардың Бозайға жасаған екінші «сапары» дейміз бе? Әлде...