Медицина • 19 Қыркүйек, 2017

Минералды судың маңызы

15685 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бүгінгі таңда Қазақстандағы өмір сүру ұзақтығы 70,5 жасты құрап, әлем бойынша 152-орында тұр. Сонымен қатар «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасында 2019 жылға қарай бұл көрсеткішті 73 жасқа жеткізу көзделген.  Медицина мамандарының айтуынша, сапалы ауыз су өмірді 5-6 жылға ұзарта алады. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы күніне әр адамға кемінде 450-700 мл табиғи минералды су ішуді ұсынады. «Ағзаға қажетті микро-макроэлементтер тамақтан гөрі сумен денеге толық тарап, жақсы сіңеді», дейді олар.

Минералды судың маңызы

Табиғи судың пайдасы

Әрине, халық арасында минералды су зиян деген түсінік те жоқ емес. Тіпті, тазартылған суды жиі тұтынып жүргенімізбен, оның құрамында пайдалы заттар жоқ екенін де ескере бермейтініміз рас. Себебі кей жағдайда судың түрлері мен оның адам ағзасына әсерін де ажырата алмай жататынымыз бар. Мысалы, ауыз су – химиялық құрамы сақталған, бірақ микробиологиялық өңдеуден өткен су. Оған ультрокүлгін сәулесі түсірілетіндіктен, құрамындағы зиянды ғана емес, кейбір пайдалы бактериялар да жойылады. Ас суына минералды заттар қолдан қосылады. Ал табиғи минералды су құрамында амин қышқылы, дәрумендер, ферменттер мен органикалық заттар көп болады және арнайы жер асты көздерінен алынады. 

Табиғи минералды су жер астын мекендейтін, адам ағзасына пайдалы микроағзалар – автохонды бактериялар арқылы тазартылады. Бұлақтардың тазалығын да осы бактериялар сақтап тұрады екен.

Минералды судың түрлері көп және құрамына қарай оның ағзаға әсері де әртүрлі болады. Мысалы, гидрокарбонатты су несеп-тас ауруы мен асқазан сөлі үшін, хлоридті су асқазан-ішек жұмысы мен ағзадағы зат алмасуға, сульфатты су бауыр мен өт қабы жұмысына жақсы әсер етеді. Сондай-ақ аралас құрамды минералды судың емдік қасиеті өте жоғары саналады. Себебі онда пайдалы заттар көп болады. Мысалы, оның құрамындағы темір анемияның алдын алуға, йод қалқанша без қызметін реттеуге, кальций – тіс, сүйек, бұлшық ет пен жүрек-қан тамыр жүйесі жұмысына, магний – жүйке жүйесіне, натрий қан қысымына, калий бүйрек пен жүрекке пайдалы екені әлдеқашан дәлелденіп қойған.  

Су мәселесі қалай шешілуде?

Президент Нұрсұлтан Назарбаев бір сөзінде «Су – стретагиялық ресурс. Ол мемлекеттің тұрақты дамуы үшін өте маңызды» деген болатын. Тіпті,  2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының бірінші сатысында да табиғи минералды су туралы насихат жұмыстарын жүргізу басты назарға алыныпты.

Қазақстанда табиғи минералды су көздері көптеп кездеседі. Барлығы ғылыми ізденістерді, зерттеулерді, лицензия алу мен мемлекеттік бақылауды талап етеді. Оның жұмысы көп болғанымен, денсаулыққа пайдасы көл-көсір. Мамандардың айтуынша, Қазақстанда, тіпті, ерекше жеңіл табиғи минералды су да бар екен. «Оның құрамында ауыр металдар болмайды және ол иммунитетті көтереді. Мұндай табиғи сулар әлем бойынша көп кездесе бермейді», дейді Ұлттық ғылым академиясының минералды ресурстар комитетінің корреспондент мүшесі Евгений Пятов.

Сондай-ақ Қазақстанда 2005 жылы сулардың химиялық құрамының физиологиялық сипаты бойынша негізгі белгілер енгізілген. Қазақстан Кеден одағы елдерінің арасында бірінші болып бұл түсінікті ұлттық техникалық регламентке де кіргізген. Дегенмен, 2019 жылдан бастап Еуразиялық экономикалық одақтың жаңа техникалық регламенті іске қосылады да, қазіргі ұлттық техникалық регламент өз күшін жояды. Өнім сыртына судың пайдалы қасиеттері туралы ақпарат жазу міндеттелмейді. Яғни, жерасты көздерінен алынған  табиғи минералды су  тазартылған, жасанды жолмен алынған суға теңестіріледі. Әрине, бұл тұтынушыларды адастыратыны анық. Себебі мамандар қазір ішіп отырған суының пайдалы я зиянына көз жеткізбеген адамның денсаулығы 10-15 жылдан кейін міндетті түрде сыр бере бастайды деп дабыл қағып отыр. Сондықтан құзырлы органдар аталған шартты қабылдамас бұрын тағы да пысықтауы қажет. Ал қарапайым халық күнделікті тұтынатын суының сапасына көңіл бөлгені абзал. Бұл ретте мамандар қандай кеңес береді?

Минералды суды қалай таңдаған жөн? 

Жоғарыда айтқанымыздай, Қазақстанда минералды су көздері көп болғандықтан, сырттан келетін тауардан аулақ болған жөн. Біріншіден, жасанды өнім болуы мүмкін. Екіншіден, табиғи өнім болғандықтан, жарамдылық мерзімі шектеулі болады. Сондықтан судың бөтелкеге құйылған уақытына ерекше назар аударыңыз. Егер минералды су әйнек ыдыста болса, 1 жыл, пластик ыдыста болса, алты ай ғана жарамды екенін ұмытпаңыз.

Сонымен қатар жалған өнім сатып алудан аулақ болу үшін сенімді жерлерден, арнайы жеткізуші компаниялардан, дәріханалардан немесе өндірушілердің дүкендерінен алған жөн. Табиғи минералды су сатып аларда үнемі жапсырмадағы жазуға да назар аударыңыз. Табиғи минералды судың фирмалық қағазында өндіруші компания, оның мекен-жайы, сақтау және шығарған мерзімі, ұңғыма нөмері туралы толық ақпарат болады. Тіпті, кей жағдайда аталған суды қандай аурулар кезінде ішу керектігі туралы да ақпарат кездеседі. Контрофакт өнімде грамматикалық немесе стилистикалық қателер көп болады әрі жазу анық оқылмайды. ГОСТ пен сертификаттау туралы ақпарат та жазылмайды.  

Гүлнұр Қуанышбекқызы,

«Егемен Қазақстан»