20 Қыркүйек, 2017

Дала данагөйлері: Майқыдан Мөңкеге дейін

6294 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Түмен-түмен қол төңкеріп, түйдек бұлттай жөңкіп көшкен аласапыран тарихты ат тұяғымен жазған баяғы бабаларымыздың парасат пен салтанатқа толы өмір салты да өзгеше болған ғой! Ұлы даланы уыстап тұрған қаһарлы ханның қасында отырып әділдікке келгенде туғаны жоқ тумадай қара қыл­ды қақ жарып тура сөйлеп, бі­тіс­пес дау­ды бір ауыз сөзбен тоқ­тат­қан би­лерінің биік ақыл-ойына орда­да­ғы орны да, ел ішіндегі беделі де сай болыпты.

Дала данагөйлері: Майқыдан Мөңкеге дейін

Ұлытау, Суретті түсірген  Ерлан Омар, «Егемен Қазақстан»

Ұлытау,  Суретті түсірген  Ерлан Омар, «Егемен Қазақстан»

Суретті түсірген  Ерлан Омар, «Егемен Қазақстан»

«Өзенге бие байлатып, төскейге орда орнатып, төрткүлдеп ошақ қаздырып, тө­бел бие сойғызып, төменде бидің ке­ңе­сін, бізде бір құрар ма екенбіз» деп жыр­­лаған Ақтамберді, «Кетбұғадай би­лер­­ден кеңес сұрар күн қайда?» деп тол­ға­ған әйгілі Доспамбет жырау­лар­дың тау суын­дай тулаған ағынды жырларының өзі-ақ данышпан дала билерінің салмағы мен салтанатын айғақтап тұрған жоқ па?!.

Болашаққа барар жолды заманалар борасыны жасырған бабалар ізімен қай­та жалғап жатқан осы бір жарқын шақ­та қай заманда болсын елдікке ерен ең­­бек сіңірген, бөлекті біріктіріп, дауды қош, жауды дос қыла алған туабітті қаси­е­тімен өлмес өсиет қалдырған, бітімі ерек, болмысы бөлек билеріміз жайында аз-кем болса да айтуды өзімізге міндет са­на­дық.

Түпкі сөзді түркілерден бастасақ, олар ерте дәуірден замананың заңын түз­ген, тілге ұста, елге тұтқа тұлғаларды би/бей/бек деп атаған. Бидің тамыры өте көне дәуірде жатыр. Оған, әрине, та­рих­тың өзі куә. Тарихта таңбаланған би­лер­дің арғы атасы дана Тоныкөк екені анық. Оның ордасы Орхон дариясындағы Білге қа­ған ордасынан шалғай Тоғала өзені са­ғасында дербес орналасты. Ордадан алыс халыққа жақын болған абыз елдің іш­кі рухани өмір-тіршілігін қадағалап, да­налық сөздерімен ұлысты ұйыстырып, жұртына арқа тіреген. Ол ресми билікке айбарлы сөздерін арнау, толғау түрінде айтып, тілектерін орындатып отырды. Артына халқына азық, хандарға қазық болатын даналық толғау, өсиетті нақыл сөздер қалдырды. 

Көне түркілік бек мансабы кейіннен биге ұласады. Билердің қызметі мен мін­детінің тамырын тап басып таныған сөз зергері Сәкен Сейфуллин билердің құ­­діреті хандар мен батырлардан да ай­бын­­ды екендігі туралы айта отырып, қа­зақ әдебиетінің тұтас бір дәуірін «Б­и­лер дәуірі әдебиеті» деп атауы тегін емес. Өйткені халық мұрасын байытқан ма­­қал-мәтелдер, өсиет-толғаулар, ғиб­рат­ты нақылдар мен тәмсілдер билерге қатысты таралған.

Билер мен бектердің халық арасын­да­ғы жер дауы, жесір дауы, құн дауы, мал дауындағы әділ шешімдері уақыт өте келе саралана түсті. Данышпан би ба­ба­лар түзім еткен әдет-ғұрып заңдары ны­­ғайып, шыңдалып, кемелденіп, дала де­мок­ратиясының негізін қалаған. Бұл түзімің түп-тамыры, әуел басында Май­қы тұрды. Уақыт елегінен өтіп, та­ри­­хи тұғырына толықтай қонған тұл­ға­сын айқындай айтсақ, би – хан мен ха­лық­тың, әмірші мен әлеумет арасында кө­п­ір болған алтын арқау. Болашақты бол­жа­ған би бабалар Ұлы далада салта­нат құр­ған айбынды мемлекеттердің заң-жар­ғысы, мемлекеттік түзімі, әділет қа­ғи­дасының алтын тұтқасы болды. Мұ­ның жарқын айғағын халықтың тарихи жадында сақталған Майқы би туралы аңыздардан көруге болады.

Аңыз-шежіреде әртүрлі нұсқада ай­ты­­латын Майқы би шын тарихта болған, түр­кі-моңғол халықтарына ортақ тұлға екен­дігі зерттеу еңбектерде дәлелденіп келеді. Ол – қазақ халқын Шыңғыс ханмен жалғап тұрған тамыры тарамдалып те­рең­ге тартқан, жапырағы жан-жағына жай­­қалған тумысы бөлек тұғырлы тұлға. 

Қазақтар «Түгел сөздің түбі бір, түп ата­сы Майқы би» десе, қарақалпақтар мен өзбектер «Түмен өзбек түбі бір, түп атасы Майқы би» деген. Башқұрттар «Қара табын руының түп атасы Майқы би, ол Орал тауының Миядық деген жерінде өмір сүріп, хан Шыңғысты алғаш қарсы алған би» деп санайды. Қазан татар мырзаларының арасында да өз атасын Майқы биден бастайтын ше­жіре бар екенін әйгілі Шахабуддин Мар­жани белгілеген. Онда «Майқы би, оның ұғылы Нұрыш (Тұрыш), оның ұғы­лы Қырық садақ, оның ұғылы Аюп. Бұ Аюп заманында Қазан шаһары орыс­тар тарапынан алынды» деген шежіре бар. Сондықтан татар туғандар да Майқыны өз бабасы санайды. Мұның негізгі себебі, кезінде бір шаңырақтың астында болып, біте қайнасып кеткен осы тамырлас халықтардың іргелі ел болуына ұйытқы болған – дана Майқы би екені анық.

Керек десеңіз, Майқы Шыңғыс хан­ның «Жасасының» негізін әзірлеген топ­тың басшысы, төбе биі. Сол «Жаса» арқылы (Иаса) арқылы әлемнің саяси картасы ауысты. Осы саясат деген сөздің өзін кейбір ғалымдар «Са-иаса», яғни «Иасамен басқару» деп түсіндіреді. Сая­сат сөзі арабтың сөзі. Бірақ арабтың бі­раз сөздері түркіден барып, бізге араб сөз­дері болып қайта келген. Соның бірі – сая­сат. Саясат деген «елді билеу» деген мағына береді. Бірақ оның түп-тамы­ры «Иасамен үкім ету, Иасамен билеу» деген мағына береді. Әрине осы Иаса Шың­ғыс ханның тапсырмасымен жа­зыл­ған қағанаттың қағидаттары. Топтың басында түгел сөздің атасы болып Майқы би тұр. 

Халық арасында Шыңғыс хан мен Майқы бидің достығы туралы аңыз мол та­ралған. Хакім Абайдың айтуына қа­ра­ғанда Майқы би Шыңғысты хан кө­тер­ген 12 бидің бірі болған. Бұл ел ау­зын­дағы шежірелі әңгіме тарихи шын­дық­тан алыс емес деуге болады. 
Қазақ пен моңғол халқында қазақ жұртының қалыптасуына, жеке ел болуына тарихи тұлға Шыңғыс ханның тигіз­ген әсерін әсірелеп жеткізген аңыз­дар сақ­талған. Бұл аңыздардың желі­сі ұқсас бол­ғанымен, тосын өзгешеліктер де бар. Қа­зақ­­та Майқы би Шыңғыс ханның ақыл­­шысы болған, оны хан көтеруге қа­тыс­­қан, аяғы ақсақ болғандықтан, ханға ар­нап жасаған арбаға мінуге хақылы қасиетті би деген әңгіме бар. Башқұрттар да Майқының ұлы қағанмен бір арбаға мінгенін айтады. 

Ханға арнап жеке арба жасату сарыны «Оғызнамада» да бар. Ал «Құпия шежіреде» «қазақ арба», «қазақ күйме» деген ұғымдар кездесетіні де тегін емес. Халық үшін қара шаңырақ, қара қа­зан қандай қасиетті болса, күймелі арба да сондай мәнге ие екендігі Оғыз хан, Шыңғыс хан, Майқы би туралы аңыз­дың желісінен байқалады. Демек, ханға арналған арбада әмірші мен бидің қа­тар отыруы, арбаның доңғалағының ал­ға жылжуы – мемлекеттің қуатты құ­ры­лымының алға басуын меңзейді. Түркі жұртының ежелгі бір тармағы телелерді «би­ік арбалылар», қаңлыларды «қаң­қа­лы­лар» деу – осынау танымның айғағы. 

Майқы бидің түп бейнесі ХІІІ ғасыр та­рих­шысы Рашид әд-Диннің «Жыл­на­малар жинағында» жазылған. Онда би баба Байку деген атпен аталған. Онда «Мың­басы Байку, ол хушин (үйсін) тайпасынан. Ол оң қанатты биледі, басқаша айтқанда оң қол әскерлерді басқарды» деп жазылған.
Бастапқыда Майқы би осылайша Жошы ұлысының оң қанатына бас­шы­лық жасап, кейіннен батысқа жорық жа­са­ған Батуға аянбай қызмет етеді. Қар­тайған шағында өз орнына жүрият руы­нан Елдеке есімді биді қалдырып, ақ ба­тасын береді деген дерек бар.

Майқы би туралы тағы бір дерек қалдырған тарихшы – Қадырғали Қосым­ұлы Жалайри. Ол жылнамасын­да «Мың ер Байқу. Сол хушин қауымынан еді. Оң қол­ын ол билер еді. Шыңғыс ханда бұл төрт бек әйгілі еді. Төрт мың әскерімен Жо­шыға берді. Бұл замандағы Тоқтай мен Баянның көп әскері бұл төрт мың әс­кер­дің нәсілдері, соңынан өте көбейді» деп жазады. Ал Өтеміс қажының «Дәптер-и Шыңғыснама» шежіресінде Майқы Шыңғыс ханның оң қолын басқарушы, үйсін тайпасының өкілі, ол ұлы ханнан төмендегі елтаңбалық рәміздерді алады: ұраны – Салауат, құсы – қарақұс, ағашы – қарағай, таңбасы – сірге, сауыты – шығыр. 

Тағы да данышпан Абай бұл туралы: «Қашан маңғұлдан Шыңғыс хан шыққанда, қазақтар «құтты болсынға» барыпты. Бірақ қай жерде барғаны мағ­лұм емес, сөйтсе де осы Шыңғыс тауын­да, әскері Қарауыл өзенінің бойын­да жатып, он екі рудан он екі кісі маң­ғұл­дың өз заңы бойынша Хан деген үлкен биіктің басында, ақ киізге Шың­ғыс­ты отырғызып хан көтерген дейді. Тауы­ның Шыңғыс аталып, биігі Хан аталмақ себе­бі де сол болса керек. Сол он екі кісі­нің бірі қазақтан Майқы би деген кісі екен. «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Май­қы би» деген мақал болған», деп жа­зады. 

Демек, айрықша айтар мәселе бүгінгі ұр­пақ Майқы биді аңыз кейіпкері емес, тарихи тұлға деп таныған абзал. Бұған Майқы бидің есімінің мәні де негіз болып отыр. Майқы моңғол тілін­де «Майга/Майғы», яғни ақсақ, маймақ деген сөз. Майып, маймақ, майысқан сөздерінің түбірі ортақ. Қазақ аңыздарының бәрінде де Майқыны ақсақ адам ретінде суреттейді. Мысал кел­тір­сек, Мәшһүр Жүсіп «Майқы би өзі ақ­сақ, өмірбойы арбамен жүреді екен. Арбасын көлікке салдырмай, жаяу кісіге тар­тқызады екен» деп жазады. Олай болса ақсақ биді моңғолдар «Майга» деп ла­қап атпен атаған, оны қазақтар титул ре­тінде қолданған, ал бидің шын аты бас­қа болғанға ұқсайды.

Майқыдан бастау алған билер айбарлы Алтын Орданың, Жошы ұлысының әлеу­меттік-саяси түзіміне үлкен үлес қо­сып, жүйелі билік жүргізген. Маң­дай­­алды бас биді «беглердің бегі» деп ата­ған, осы атақ кейінгі буынға жа­л­ға­сын тауып отырған. Мәселен, ел қа­мын жеген Едігенің әулеті «беглердің бегі» болғаны мәлім. Дала заңдары Қазақ ор­дасы кезеңінде жетіліп, заман талабына сай жаңғырып, өз жалғасын тауып, «Қа­­сым ханның қасқа жолы», «Есім хан­­ның ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жар­­ғысы» деген атаулармен хандық би­лік­тің күре тамырына айналады. 
Әз Тәукенің бастамасымен «Жеті Жарғы» қағидаларын құрастырған, бола­шақ­ты болжаған әйгілі Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би сынды би бабалар Майқы би­ден қалған мизамды негізге алғанына кү­мән жоқ.

Жалпы, тарихта халықтың ес жиып, етек жинаған, қалмақ, жоңғарға қарсы тұруында, бірігуінде біртұтас ұлыс болуында билердің рөлі бекем болды. Олар ханға септесе, ел басшыларына кө­мек­тесе жүріп өздерінің даналық ой­ла­рымен, шешендік сөздерімен, әділ ше­шімдерімен, халықтың тұтасып ел болуы-
на өлшеусіз үлес қосты. 

Ұлы даланың әдет-ғұрып заңдары ха­лықтың өмір-тіршілігіне, сенім-на­ны­мына, шаруа-кәсібіне үйлесімді болды. Сол себепті «қой үстіне бозторғай жұ­мыртқалаған» берекетті өмір, есігіне құ­лып салмаған мамыражай тіршілік жал­­ғасын тауып отырды. Алайда қа­зақ­тың билік жүйесі, шаруа-кәсібі, тұрмыс-салты, ар-намысы отаршыл жүйе келгенде сетінеп, шайқала бас­та­ды. Осы өзгеріске алдымен «ханда қы­рық кісінің ақылы болса, биде қырық кі­сінің ары бар» дегендей, би-шешендер, ақын-жыраулар төзе алмай шамырқанып үн қатып, «Зар заман» деп аталатын сарынмен толғаулар арнайды. Ақиық ақын С.Сейфуллиннің тілімен айтқанда, «ес­кілікті салт-санаға қамқор, күзет бол­ған» би­лерге жаңа низамның тарпы үрейлі, қорқынышты көрінеді. 

Бодандық қамытын киюге тақағанда хандық жүйемен бірге билік жүйеден де айырылып қалдық. Сол билердің соңғы сарқыты Мөңке би болды. Мыс­қал­дап, сыналап ене бастаған кепке қар­сы болып, сынға алған, халқының бо­ла­шақта азып-тозатынын, бодандық зоба­лаңның ауыр болатынын ескерту, сәуегейлікпен жорып, дабыл қағу, әз хал­қын сақтандыру Мөңке би тол­ғау­ларынан анық байқалады. Сыл­ды­ры естілген отаршылдық шынжыр бұ­ғау, көшпелі тіршілікті шайқай бас­та­ған нарықтық қатынастар, хандық би­лік­тің жойыла бастауы, жат жұрт енгізген әкімшіл-әміршіл жүйе, бөтен дінге шоқындыру әрекеттері Мөңке би жырында ақырзаман белгісі ретінде үрейлі бейнеленеді.

Ералы, Нұралы хандардың жанында жүріп билік айтқан бидің аты-жөні түрлі деректер мен қолжазба қорларында сақталған материалдарда «Тілеу баласы Мөңке би», «Шекті Мөңке би», «Кіші жүз Шекті Мөңке би», «Шекті ұлы Мөң­ке би» деп таңбаланғанын байқауға бола­ды. Бір аңызда «Бекарыстың баласы Мөң­ке» деген. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы «Ноғайлы Мөңке би» деп атаса, Ахмет Бай­тұрсынұлы «Шекті Мөңке би» дей­ді. Жалпы, негізгі деректерде Шекті Мөңке би деп аталады. Қолжазбадағы аңыз-толғаулар қазақ даласының түрлі түкпірінен жинақталып, жазылып алынса да халық бидің ата-тегін, нәсілін шатыстырмай дұрыс атап көрсетіп отырғаны халықтың тарихи жадысының берік екенін байқатады. 

Мөңке би отаршылдық жүйені ақыр­заман елесіндей таңбалау арқылы ха­лық­ты бодандықтан сақтандырып, одан тү­ңіл­діріп жиіркендіре білді, мәңгі бітіс­пес қарсылық тудыртып, елдің санасын оятты. Елді тілінен, ділінен, дінінен, жерінен, ізгіліктен бездіретін ауыр зо­балаңды алдын ала болжап, сәуегейлік жа­сап, ащы ақиқатты айтып, отарлық кеп­тің шын сиқын өткір тілмен айнытпай суреттеп, жұрттың санасы әрдайым сер­гек болуға, қорғаныс қабілеті ұдайы бекемдеуге тиек болды. Сол себепті бодандық дәуірде Мөңке бидің нөсерлі сөзінен қорқып, оны жариялауға тыйым салынып келді. Мысалы, бұрындары жариялана қоймаған бір деректе Тройцкий қа­ла­сын салдыруға рұқсат берген ел иелері қатал сыналады: «Мөңке би Кіші жүз, Шекті елі екен. Орта жүз­­де бір Жәнібек, Ұлы жүзде бір Жәні­бек болған екен. Екеуінің қайсысы сал­дыр­ға­нын біл­мейді, әйтеуір бір Жәнібек қажы­лар­дың барып жүрген орнына Тройцкий деген қала салдырғалы алғашқы қазықты шаныштырған екен. Мұны естіп Мөңке би бұл қай Жәнібек екен деп, Кіші жүз Шекті елінің Нұралы ханына келіп сұрайды. Бірнеше күн өткен соң Орта жүз­дің сәуегейі Жәнібекке кездесіп, сә­лем бергесін: «Балам, қай ру, қай елсің»,– депті. Бала «Шектімін»,– дейді. – «Жылқым жоғалып,– сіздердей аталар­дан үміт етіп, қайдан іздесем табар екем деп келіп едім». Жәнібектің әдеті, бал ашарда атынан түсіп, ер-тоқымын басына жастап, орамалын бетіне жауып жатып ұйықтаса, түс көреді екен. Аз-мұз мызғып жатады да түрегеліп сөйлейді: «Жылқыңды ешкім айтпай-ақ табасың. Үшеуі жатыр, төртеуі түрегеліп тұр екен», – дейді. Сонда Мөңке «Сіз сәу­е­гейлікпен жылқының қайда екенін біл­діңіз. Сөйте тұра сіз қазақ елінің қа­мын неге ойламайсыз. Тройцкийге кө­ңіл бөлгенше, кейінгі қазақ нәсілінің келешегін неге болжамайсыз?»,– деген екен.
Мөңке би толғауларының негізі өзегі – отаршылдыққа қарсылық сарын. Мем­ле­кеттің түзімнің құлауы, көшпелі өрке­ниеттің дағдарысы, тұйыққа тірел­ген ел өмірінің әлеуметтік өткір арналары толғауда толық қамтылады:

Жақсыны алдар жезбенен,
Іріткі салар сөзбенен.
Өзен мен көлге атақты,
Толтыра салар қаланы.

Жаңа заман елге әкелген кәсіптің бірі – сүзекі салып, балық аулау болса, бірі жер жыртып, егін егу еді. Сахара кең далада мал шаруашылығымен күн көріп жүрген көшпелі қауым салтына бұл дағдылар мүлде ерсі көрінеді. Сол себептен де Мөңке би былайша толғайды:

Азарсың, жұртым, азарсың,
Азғаныңның белгісі,–
...Атыз-атыз жыртылған,
Жер шығады деп еді.

Мөңке би жер жыртып, «тоған басы мұрап деп» арық қазуды айып көреді. Себебі жерге байланып, кетпен ұс­таған ел көшіп-қонып жүрген кең шал­қар қонысынан айырылып, жау­ын­гер асау, арда болмысынан адасып қалуы ық­тимал. Толғауда ол туралы «Арық шы­ғар деп еді, сол арықтың ішінде, ыңғайы жоқ жаманның, пышағы мен шақ­пағы, қалып шығар деп еді» деп на­лиды. Жауынгерлік қару-жарақ, аң­шылық тұрмыстың құрал-саймандары кісе белбеу, оқшантай, білтеге от жаға­тын шақпақ, өткір пышақтан айыры­лу би үшін ақырзаман белгісіндей қа­был­данады. 

Ақырзаман сарыны Қожа Ахмет Ясауи, Сүлеймен Бақырғани секілді даналарда да бар. Ал Мөңке би, Шортанбай, Дулат, Мұрат бастаған ақындар оған әлеуметтік-саяси сипат бере білді. Әлемдік діндерде ақырзаман белгілі бір дәуірдің аяғы болғанымен айыптылар жазаланатын, дүние күнәдан айығатын жаңа ізгі замананың басы болып та есептеледі. Олай болса әулие Мөңке би­дің сөздері түңілу емес, бодандық жүйе­ні жазғырып, айыптап, азаттық аң­саған ақиқаттың үні деуге болады. Ол толғаулар бүгіндері бодандық жүйе қалдырған мінез-құлқымыздағы кем­ші­л­іктерді түзеуге, келешегімізге сергек қ­арауға, өзгелерге көзсіз еліктеп кетпей ата салтымызға оралуға, келеңсіз жайттардан сақ болуға қызмет ете береді. Сондықтан мың жылдықты болжаған, абыздардың сарқыты әулие Мөңке биді аңызбен асқақтатқан халық «Ұқсаң ұққан – ұлым, ұқпасаң қалған – ұлым» деп Қызыр ғалайсалам айтады екен Мөңке биге» деген әңгіме таратқан. 

Айбарлы Шыңғысханның қасында жүрген Майқы биден Нұралы ханның жанына ерген Мөңке биге дейінгі дала даналарының айтқан әр сөзі алаш рухына серпін беретін сарқылмас қуат көзі болып қала берері хақ.

Дархан Қыдырәлі,

Суретті түсірген  Ерлан Омар, «Егемен Қазақстан»