Үкімет • 20 Қыркүйек, 2017

Сенат комитеті Қазақстан мен Сербия келісімін ратификациялау туралы заң жобасын қарады

236 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Президент Н.Назарбаевтың Сербияға жасаған сапары барысында Қазақстан мен Сербияның құқықтық мәселелер жөніндегі 2016 жылғы 24 тамызда Белградта жасалған шарттарды ратификациялау туралы заң жобалары Парламент Сенаты Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің кеңейтілген отырысында қаралды, деп хабарлайды Парламент Сенатының баспасөз қызметі.

Сенат комитеті Қазақстан мен Сербия келісімін ратификациялау туралы заң жобасын қарады

Сенаторлар Қазақстан мен Сербия арасындағы қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы екіжақты шартты ратификациялау туралы мәселені қарады. Бұл құжат екі мемлекет арасындағы қылмыстық істер бойынша құқықтық көмекті іске асырудың ұйымдастыру-құқықтық тетіктерін егжей-тегейлі реттейді. Иммунитет, банк есеп-шоттары мен қаржы-қаражат ақпаратын айқындау, заттар мен құжаттарды қайтару, ақпараттарды, шығыстарды ерікті түрде беру, сотталғандығы туралы ақпаратты алмасу, құжаттар мен материалдарды заңдастырудан босату мәселелеріне жекелеген ережелер арналып отыр.

Қарауға ұсынылған Қазақстан мен Сербия арасындағы адамдарды ұстап беру туралы шарт қылмыстық іздестіруден жасырынып жүрген, сондай-ақ жазадан жалтарып жүрген адамдарды ұстап беру мәселелері бойынша екі елдің құзыретті органдары арасындағы ынтымақтастықтың құқықтық негіздерін реттейді.

Комитет отырысында сондай-ақ сотталған адамдарды беру туралы екіжақты шарт та ұсынылды. Құжат сотталған адамдарды оңалтуға және әлеуметтік ортаға қайта оралуға жәрдемдесу мақсатында оларды беру саласындағы ынтымақтастықты орнатуға, сондай-ақ сотталған адамдарға өзінің елінде жазасын өтеуге мүмкіндік жасауға бағытталған.

Заң жобасы Палатаның қарауына жіберілді.