Қазақстан • 21 Қыркүйек, 2017

Мемхатшы әлеуметтік қамсыздандыру мәселесін талқылады

636 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығының (ХӘҚҚ) Бас хатшысы Ханс-Хорст Конколевскимен кездесті.

Мемхатшы әлеуметтік қамсыздандыру мәселесін талқылады

Г.Әбдіқалықова халықты әлеуметтік қорғау саласындағы бірыңғай әлемдік саясатты жүзеге асыру ісінде қауымдастықтың маңызды рөл атқаратындығын атап өтті. Мемлекеттік хатшының айтуынша, Қазақстан ұйымның мақсаттарына қолдау көрсетіп келеді және әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін жетілдіру бағытында бірлесе жұмыс жүргізуге мүдделі.

«ХӘҚҚ-мен ынтымақтаса жұмыс істегенімізге 5 жыл болды. Осы уақыт аралығында ұйым қолдауымен елдегі әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін жетілдіру жақсарды. Халықты әлеуметтік қамсыздандырудың 3 кезеңдік жүйесі іске асып, тиімділігін көз көрді», – деген Г.Әбдіқалықова қауымдастық төрағасының жұмысына ілтипатын білдірді.

Мемлекеттік хатшы Қазақстанның әлеуметтік дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында белгіленген халықты әлеуметтік қорғау саласындағы саясатты біздің еліміз кезең-кезеңімен жүргізіп келе жатқанын айтты. Бүгінде Қазақстан әлеуметтік және экономикалық жетістіктерінің арқасында жұмыспен қамту мен жаппай кәсіпкерлікті дамытуға, халықты әлеуметтік қорғаудың орнықты қызмет атқаратын жүйесін құруға жәрдемдесіп келеді.

Кездесуде Г.Әбдіқалықова қауымдастықтың Техникалық комиссиясының құрамына Қазақстан алғаш рет 2016 жылы кіргенін атап өтті. Оның пікіріне сүйенсек, бұл қадам халықаралық ұйым қызметіне еліміздің қатысу белсенділігін арттыра түсетін тың серпін.

Мемлекеттік хатшы кездесу соңында қауымдастықтың Бас хатшысы Ханс-Хорст Конколевскидің Қазақстанға сапарына табыс тіледі.

Абай Асанкелдіұлы,

«Егемен Қазақстан»