«Ерекше қуантатын жайт, еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік жүйені одан әрі дамыту стратегиясын жасау барысында өзге елдердің осыған байланысты озық тәжірибелерін ескеруге ерекше мән береді. Бұл – дұрыс қадам. Өйткені әлеуметтік қорғау жүйесі күрделі әрі нәзік сала. Халықпен етене жүзеге асырылатындықтан, жауапкершілігі өте жоғары. Қателесуге болмайды. Қазір Қазақстанда қоғамдық сана серпіліс үстінде. Барлық салада жаңғырту жұмыстары белсенді жүргізіліп отыр. Мұның әлеуметтік қамсыздандыруға да тікелей қатысы бар. Сондықтан өзге елдерге үлгі боларлық осындай жаңғыруды бастан өткеріп жатқан Қазақстанның Халықаралық зейнетақы және әлеуметтік қорлар қауымдастығына төрағалық етуі орынды», деді Ханс-Хорст Конколевски. Бас хатшы әлеуметтік қорғау жүйесін одан әрі жетілдіру бағытында Қазақстанның алдағы уақытта да жетістіктерге жете беретініне сенімді екенін жеткізді.
Семинарға қатысушылар тілге тиек еткендей, әлеуметтік қамсыздандыру саласында Қазақстанның мол тәжірибесі бар. Мұны басқа мемлекеттер де кәдеге жаратуы, өзара тәжірибе алмасуы керек. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ұйымдастыруымен өткен семинардың негізгі мақсаты осы. Жиынға қатысқан Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру мен Халықаралық зейнетақы және әлеуметтік қорлар қауымдастығына мүше мемлекеттердің сарапшылары, мемлекеттік кірістер комитеті мен «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ мамандары, ЕАЭО-ға мүше елдердің мемлекеттік құрылымдарының өкілдері Қазақстанда әлеуметтік саланы түбегейлі реформалау ойдағыдай жүргізіліп жатқанына мән берді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова: «Қазіргі уақытта елімізде көп деңгейлі зейнетақы жүйесін құру аяқталып, әлеуметтік сақтандыру жүйесі аяғынан нық тұрды. Әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін жетілдіру жалғасуда. Бұл ретте 2018 жылдан бастап енгізілетін жаңа сипаттағы атаулы әлеуметтік көмекті айтуға болады. Осы бағыттағы жұмыстарды жемісті жалғастыру үшін әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жаңғыртудың тұжырымдамасы жасалды. Тұжырымдамаға байланысты халықаралық сарапшылардың ой-тұжырымдары біз үшін өте маңызды», деді.
Семинар барысында қауіпсіз еңбек, демографиялық ахуал жайлы да жан-жақты сөз болды. Өйткені бұл әлеуметтік сақтандыруға тікелей қатысты мәселелер. Тіпті еңбек мигранттарының өзі әлеуметтік қамсыздандырудан шет қалмауы тиіс. Кей жағдайда бұл талап орындала бермейді. Жұмыс барысында адамдар түрлі жарақат алады немесе еңбекке жарамсыз болып қалады, бала күтіміне байланысты демалысқа шығады. Осындай жағдайларда оларға әлеуметтік төлемдер төленуі тиіс. Осыған жұмыс берушілердің жауапсыз қарайтыны кейде кездесіп қалады. Соны жою бағытында әлеуметтік сала қызметкерлері заң шеңбері аясында тиісті жұмыстарды сауатты жүргізе білуі тиіс. Еуразиялық одаққа мүше мемлекеттердің арасында әлеуметтік қамсыздандыру мен сақтандыруға байланысты өзара тығыз байланыс бар, дейді Еуразиялық экономикалық комиссия Еңбек миграциясы мен әлеуметтік қорғау департаментінің бөлім басшысы Сергей Евдокимов.
Басқосуда әлеуметтік салада инновация мен менеджментке де баса назар аудару қажеттігі айтылып қалды. Малайзия әлеуметтік сақтандыру ұйымы басқармасы және Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығының инновацияны ұйымдастыру мен басқару жөніндегі техникалық комиссиясының төрағасы Мұхаммед Азман бин Азиз Мұхаммед: «Инновация әдетте бизнес пен экономикада өсудің қозғаушы күші ретінде қарастырылады. Менеджмент дегеніміз – бизнесте коммерциялық емес ұйымда немесе үкіметтік органда болсын, ұйымдастыруды басқару» деді. Малайзиялық мейманның пікірінше, әлеуметтік қамсыздандыру мен сақтандыру саласында да жаңашылдықтың лебі ұдайы көрініс табуы тиіс.
Ғалым ОМАРХАН,
«Егемен Қазақстан»