Қазақстан • 22 Қыркүйек, 2017

Латын әліпбиіне көшу туралы пікірлер

23118 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Латын әліпбиіне көшу туралы пікірлер

Әлемдік кеңістікке бастар жол

Қайта жаңғыру заманындағы барлық озық технологияның үлгісі болып отырған латын әліпбиіне көшу бұл – еліміз үшін, өнеріміз бен мәдениетіміз үшін үлкен рухани құбылыс. Латын әліпбиін енгізу – халқымыздың білімі мен мәдениеті, өнерінің дамуына тағы бір серпіліс әкелетін дара жолы деп білемін.

Республика Парламентінің Мәжі­лі­сінде «Мемлекеттік тілдің латын гра­фикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселелері туралы» өткен тыңдау Пар­ламенттің өз сайлаушыларының көңіл күйін, еліміздің еге­мендікті бекітуге деген арман-тілегін жақсы білетінін көрсетті. Мәжілістің отырысында «Қазақ тілін жаңғыртудың басты көрсеткіші – латын жазуына көшу» деп атап көрсетіліп, бұл қадамның әлем қазақтарын біріктіретін маңызды фактор екеніне назар аударылуы соның тағы бір жарқын дәлелі.

Ұлттық өнердің қара шаңырағы бола білген М.Әуезов театрының ұжымы бүгінгі – ел болашағы үшін қабылданғалы отырған маңызды шешімге қолдау көрсетіп, еліміздің жаңа әліпбиге көшуіне белсенді атсалысатын боламыз.

Барша қазақстандықтарды егемендік пен елдік жолындағы бетбұрысты қадаммен шын жүректен құттықтаймын. Латын әліпбиі – әлемдік кеңістікке енуге апаратын жол!

Асанәлі ӘШІМОВ,
Қазақстанның Еңбек Ері, 
М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының көркемдік жетекшісі

АЛМАТЫ

Бұл – заман талабы

Тіл – адамзат қоғамын құру үшін халыққа берілген маңызды құрал. Оны өзге де механизмдер секілді қоғамның дамуы үшін үнемі жетілдіріп, жаңғыртып отыру қажет. Осы орайда әліпби таңдау аса маңызды. Бұл бағыттағы бастамаларға жеңіл қарауға болмайды.

Жалпы, менің Қазақстан азаматы және Ассамблея мүшесі ретінде қазақ әрпін латын әліпбиіне көшіру туралы өзімнің пікірім бар.

Мемлекет басшысы қазақ әрпін латын әліпбиіне көшіру мәселесіне байыппен қарап, түрлі пікірлер мен ұсыныстарды саралай келе өзінің салиқалы шешімін айтты. Бұл қадам дер кезінде, барлық жағдаяттар ескеріле отырып жасалды.

Біз латынға көшу ісіне үлкен дайындықпен келдік. Көптеген шаралар атқарылды. Қоғамның пікіріне баса назар аударылды. Қоғамымызда латынға көшуді қолдайтындардың үні басым түсті. Өйткені латынға көшу уақыт талабы, замана сұранысы екенін халық терең түсіне білді.

Ел бірлігін нығайту, Қазақстан халқының бірегейлігін дамыту Ассамблеяның басты міндеттерінің бірі. Осы орайда ел бір­лі­гі мен татулығының кепілі Елбасы екенін ұмытпауымыз керек.

Сөз соңында айтарым, Мемлекет басшысының қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру бастамасына баршамыз қолдау білдіргеніміз жөн. Өйткені, өзіміз таңдаған, өзіміз сенім артқан Елбасының әрбір бастамасы халық үшін аса маңызды.

Сергей ВИШНЯК,
Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары

Үлкен үміттің үстіндеміз

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев халыққа Жолдауында қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру туралы ұсыныс айтты.

Еліміз тәуелсіздік алып, тіліміз бен салт-дәстүрімізді, тарихи құнды­лық­тарымызды енді түгендеп, қазына­ларымызды қайтарып жатқан тұста қазақ әліпбиін латынға көшіру туралы пікір айтқан ғалымдарымыз, саясаттанушыларымыз болды. Бірақ ол уақытта күрделі істің күрмеуі келмеп еді.

Міне, бүгін бұл бастаманы қолға алып, іске көшетін сәт туып отыр. Қазақ елінің саяси-экономикалық, әлеуметтік-мәде­ни, ғылыми-ағартушылық дамуын, халықаралық кеңістіктегі ор­нын, ішкі және сыртқы жағдайды жан-жақты ескерген Мемлекет басшысы қазақ зиялыларының алдына үлкен міндет қойды.

Әрине, әліпбиді қашан және қандай жолдармен ауыстыру қажеттігін дұрыс қабылдаған жөн. Әліпбиді ауыстыруға ұзақ уақыт, қомақты қаражат, сонымен қатар ең бастысы интел­лек­туалдық күш-жігер керек.

Тағы бір айта кетерлік жайт, кейбір ағайындарымыздың латын әліпбиіне көшуіндегі орын алған олқылықтарын қайта­ла­майтын оңтайлы жолды қарастыру қажет. Болашақ ұрпақ екі кеменің басын ұстамайтындай, жалпыға жеңіл, тілдік ортаға икемді болғаны абзал. Біз осыған үміттіміз.

Мәкен ЕРЖАН,
Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің жастар саясаты басқармасының бөлім басшысы