Фото: Ақорда
Президенттің айтуынша, қазір елімізде Кипр капиталының қатысуымен 400-ден астам компания жұмыс істеп жатыр. Олардың 30-ға жуығы Астана халықаралық қаржы орталығында тіркелген.
«Осының өзі елдеріміздің іскерлік және инвестициялық байланыстары дәйекті түрде дамып жатқанын көрсетеді. Бүгін елордамызда Қазақстан-Кипр бизнес-форумы өтеді. Маңызды жиынға екі елдің іскер топтары қатысады. Кипр кәсіпкерлерінің делегациясы осы форумға арнайы келді. Сол үшін құрметті Президент мырзаға зор ризашылығымды білдіремін. Қазақстан өз нарығында жұмыс істеуге ниетті Кипр компанияларына қолайлы жағдай жасауға әрқашан дайын. Біз Кипрдің іскер азаматтарын ұзақ мерзімге арналған инвестициялық жобаларды бірлесіп іске асыруға шақырамыз. Жақында елімізде жаңа Конституция қабылданды. Ата заңға сәйкес Қазақстанда меншіктің барлық түріне кепілдік беріледі. Бас құжатымыз инвесторлардың құқығын барынша қорғайды. Бұған қоса, кипрлық әріптестеріміз Қазақстанның Altyn Visa бағдарламасын қолдана алады. Бұл визаны алған кәсіпкерлер мен мамандарға салық және көші-қон мәселесіне қатысты жеңілдіктер ұсынылады», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекеттер басшылары келіссөз барысында цифрлық технологиялар және инновациялар саласындағы ықпалдастыққа ерекше назар аударған.
«Кипр тарапы Қазақстанның eGov жүйесіне және елімізде мемлекеттік қызметтерді цифрландыруға қатысты жобаларына қызығушылық танытып отыр. Біз бұл бағыттағы тәжірибемізді бөлісуге дайынбыз. Сонымен қатар келіссөздер барысында мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытуға айрықша көңіл бөлдік. Атап айтқанда, ғалымдар мен ғылыми мекемелер арасындағы қарым-қатынасты күшейтуге, білім беру, спорт және туризм саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға келістік. Жалпы, бүгінгі келіссөздер табысты өтті деуге толық негіз бар. Біз өзара ықпалдастығымызға тың серпін беретін бірқатар маңызды құжатқа қол қойдық. Бұл келісімдер екі мемлекеттің қарым-қатынасын күшейте түседі деп сенемін», деді Мемлекет басшысы.
Еске сала кетейік, бүгін Кипр Республикасының Президенті Никос Христодулидис елімізге ресми жұмыс сапарымен келді. Президент мәртебелі мейманды Тәуелсіздік сарайында ресми қарсы алды.