Қазақстан • 22 Қыркүйек, 2017

Бөкенбай батыр және оның заманы

1732 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Қазақ тарихының аса күрделі кезеңі ХVIII ғасырдың басы және XIX ғасырдың ортасы. Осы тұста шығыстан агрессияшыл Ойрат хандығымен бір мезгілде батыстан Еділ қалмақтары және тонаушы орыс-казак отрядтарының шабуылы, оңтүстіктен хиуалықтар, солтүстіктен башқұрттардың соққысы қазақтарға ауыр тиіп жатты. Шығыстағы Ойрат шырғалаңы – иісі қазаққа ортақ болса, түрікпен мен торғауыт (Еділ қалмақтары) шырғалаңы Кіші орданың нәубетіне айналды. 

 

Бөкенбай батыр және оның заманы

Осындай алмағайып заманда «қазақты қалай қорғаймыз» деген мақ­сат-мүдде тұрғысынан 1710 жылы Тәуке хан Қарақұмда құрылтай шақырды. Құрылтайға қатысқан қазақтың игі жақсылары тұс-тұстан анталаған жаудан құтылар амал-айла қарастырды. Біреулер «өзіміз сияқты киіз туырлықты» қалмаққа кіріптар бола тұрайық десе, екіншілері қалың құмды саялап қашып-пысып жан сақтау мәселесін алға тартады.

Осы тұста табын Бөкенбай батыр: «Қалың жаумен қабырғадан қал кеткенше, қарағай найзадан әл кеткенше айқасуымыз керек» деп үміті өшкен жұрттың рухын көтереді. Бұл оқиға жайлы Әбіш Кекілбаев «Үркер» романында Бөкенбай батырдың аузымен: «Қашып бара жатып төгетін қанды атамекенде ақтық деміміз таусылғанша шайқасып жүріп неге төкпейміз. Мен ата қонысымда қала­мын... Мейманасы тасып бөсіп келе жатқан ойратты көрсем қанжарым сынғанша қарнап, найзам сынғанша шаншып бағам» деп суреттейді. Дәл бұл деректі – қазақ даласында болған орыс офицері Я.Гавердовскийдің 1803 жылы бейтаныс ақсақалдың аузынан жазып алған құжатынан да байқауға болады.

Қарақұм жиыны ақыры анталған жаулармен шайқасу керек деген шешім қабылдап, қазақ жасағын басқаруға табын Бөкенбай батырды тағайындайды. Жазушы Мұхтар Мағауиннің жазбаларында аталмыш оқиға жайлы – қазақ тарихында тұң­ғыш рет халық тағдыры ақсүйек би-төреге емес қара қылыш батырға тап­сырылды десе, (М.Мағауин. Қа­зақ тарихының әліппесі. 1995 ж. 91-бет) орыс оқымыстысы Левшин мұ­ны қырғыз-қайсақ тарихындағы ерек­ше оқиға ретінде атап өтеді. Сол сияқты, тарихшы Н.Аполлова осы бір ел басына түскен ауыр жағдайға байланысты шақырылған Қарақұм құрылтайы қазақ батырларының беделін көтерген оқиға болды деп бағалапты.

Осылай Әбілқайыр хан бастап атқа қонған қазақтар Бөкенбай батырды қолбасшылыққа сайлап, нәтижесінде 1716 жылы қалмақ ханы Аюке шерігіне алғаш рет күшті соққы береді. Екінші рет 1723 жылдың күзінде қалмақ тайшыларының бетін қайтарады (Баһадүр батыр Бөкенбай. 2011 ж. 81-б).

Осы шайқастарда табын Бөкен­бай батыр Қарабатырұлының қол­бас­шылық қарымы айрықша танылады. Тарихта Бөкеңмен бір ке­­­зең­де әрі замандас өмір сүрген ат­тас батырлар көп. Мысалы, қан­жы­ғалы қарт Бөгенбай, шақшақ Бө­кен­бай батыр, арғын-қараман Бөкенбай Көшенұлы, ашамайлы-керей Бөкенбай Баянбекұлы, шекті-тілеуқабақ Бөкенбай батыр, бұлардан басқа Бөкенбай Байқозыұлы және Бөкенбай Мергенбайұлы атты ба­тыр­лар өткен. Тарихта аттас батыр­лардың ерлік істері жайлы деректер бір-біріне ауысып-қиысып жататын да тұстар кездеседі.

Ал табын Бөкенбай батыр үш таңбалы табынның тарақтысынан тарайды. Ресей елшісі Тевкелев өзінің күнделігінде, 1732 жылы шілде айында Бөкенбай батырдың баласының шілдеханасында болғаны туралы, сол тұста батыр 65 жаста екені жайлы нақты дерек береді («Сыр бойы» газеті. 7 желтоқсан. 2010 ж). Бұл деректі алға тартқан зерттеушілер (Ж. Қарылғашов, С.Әлиев, Т.Тәшен) батырды 1667 жылы туған дейді. Демек биыл бабамыздың туғанына 350 жыл толып отыр.

Қазақ батырлары арасында пат­шалық Ресейдің назарына айрықша ілінген және өмір-тарихы жайлы мол дерек сақталған адам осы Бөкенбай батыр. Оған басты себеп – патша ағзам Кіші орда билеушілерін одақ­тастық шартына алдап қол қой­ғызып, уақыт өте келе оны бо­дандық шартына айналдыру ісін бастағанда, бұл шаруаның басы қа­сында жүріп, Ресей саясатын қолдаған адамның бірі Бөкенбай батыр. Батырдың бұл іске кірісуіне Әбілқайыр ханмен туыстығы себеп болды деген де пікір бар. Өйткені, хан мен батыр нағашылы-жиенді. Әбілқайыр ханның әкесі Абдулла өзінің қарындасы Құттыбикені Қарабатырға үйлендірген. Яғни, Бөкенбай қыздан Әбілқайыр ұлдан туады.

Әңгімені әріден бастасақ, 1720 жылдың аяғында Кіші жүз ханы Әбілқайыр мен Орта жүз ханы Сәмеке (орыс деректерінде – Шемяка) арасында алауыздық туып, Әбілқайыр хан 1726 жылы Петерборға Қойбағар Көбеков бастаған елшілер жіберіп, өзін қамқорлығына алуды өтінеді.

Алайда, Жоңғар хандығымен қақтығысудан қауіптенген патша үкіметі Әбілқайырдың өтінішіне жауап бермейді. Бірақ Әбілқайыр Ресеймен байланысын нығайтудан айныған жоқ. Ол 1730 жылы жоғары­дағы келіссөздерді қайта бастайды. Канцлер Г.Голавкинге жолдаған хатында өзінің Ресейге қосылу туралы өтініші қол астындағы барлық қазақ руларының тілегі болып табылады деп мәлімдейді.

 І Петр өлгеннен кейін 1730 жылы ақпан айында патша Анна Иоановна таққа отырды. Осы сәтте Әбілқайыр хан оған өз иелігіндегі аумақты қам­­қор­лығына алу жөнінде өтініш хатын елшілері Сейітқұл Қайдағұлов пен Құтлымбет Қоштаев арқылы жібереді. Хатта: «Біз және мен Әбілқайыр хан өзіме бағынышты Орта және Кіші жүздің қыруар халқы бар, бәріміз Сіздің құзырыңызға бас иеміз. Сіздің қамқорлығыңызды қалаймыз» делінген. Араб емлесімен жазылған бұл құжат күні бүгінге дейін сақталған.

Әбілқайырдың бұл әрекетін А.Лев­шин: «Өзінің дұшпандары мен­ тай­таластарынан озып, жеке би­­лігін күшейткісі келді» десе, алаш қайраткері Әлихан Бөкей­ханов «Қырғыз өлкесінің тарихи тағдыр­лары және оның мәдени же­тістіктері» атты еңбегінде: «Әбіл­­қайыр бір жағынан жоңғар шап­­қыншылығынан, бір жағынан маңындағы тақ тартысы кезінде өз ықпалын сақтап қалу үшін орыс билігіне жүгінді» дегенді айтады.

Жалпы бұл оқиға туралы әрқи­лы тұжырым жасауға болады. Соның ішінде зерттеуші-тарихшы М.П.Вяткиннің: «Ресейге жақындасу мәселесін Әбілқайыр өзіне қарасты старшиндермен ақылдаса отырып шешті. Ханның Уфаға елші аттандырудағы мақсаты – бодандық қабылдау емес, одақ жасау болатын» дегенін ескермей кетуге тағы болмайды.

А.И.Левшиннің пайымына жүгін­сек: бір тамшы қан шығармай қазақтарды бағындыру Ресей үшін дәуірде бір болатын жақсылық. Одан кейін қазақ даласы арқылы шығысқа мойын созады. Ол үшін әуелі, қазақтар мен башқұрттарды бір-біріне айдап салып, соғыстырып, әлсірете берген жөн. Шығыстағы Хиуаның қуатын аңдап көру мақ­сатында орыстар Әбілқайырды олармен соғыстыру қажет деген сияқты құпия жоспар құрады.

Арам пиғылын тез арада іске асыру үшін Ресей патшасы Кіші орда қазақтарын бодандыққа алу мәселесін сарай шенеунігі, қазақша жақсы сөйлей алатын Сыртқы істер коллегиясы Шығыс тілдерінің тілмашы А.И.Тевкелевке тапсыра отырып: «Егер Кіші орда біздің қол астымызға қарағысы келмейтін болса, онда бір миллион сом шығынға қарамай, қалайда Ресейдің қол астына қаратуды ойла», деген нұсқау береді (Казахско-русские отношения в ХVІ-ХVІІІ вв. Құжаттар жинағы. Алматы, 1961, 31-б).

Тевкелевтің Кіші ордаға келуі жайлы Ресей Мемлекеттік Кеңес мүшесі, отарлау теоретиктерінің бірі Алексей Ираклиевич Левшин өзінің зерттеу еңбегінде: «Тевкелевтің Ор­даға келуі қырғыздарды (қазақтар) қатты толқытты. Олар бостандығын жоғалтып алатыны жөнінде ойланған кезде ашу-ызаға булықты. Тевкелевті өлтірмек болды» дейді (Қырғыз-қазақ, немесе қырғыз-қазақ ордалары мен даласының сипаттамасы. Алматы, 1996, 181-б).

Елші Тевкелевті өлімнен арашалып қалған адам – Бөкенбай батыр. Орыс елшісі 1732 жылы 5 қаңтарда Сыртқы істер алқасына жазған хабарламасында: «Мен олардың (қазақтардың) харам ниеттерін білген соң жаныма башқұрттарды шақырып алып, бұдан қалай құтылуға болатынын сұрап ақылға салдым. Башқұрттар бұдан құтылудың бір ғана жолы бар. Ол – осы елдің ықпалды адамдары Бөкенбай батыр мен оның күйеу баласы Есет батыр, оның немере ағасы Құдайназар мырзаның тілін табу керек дегенді айтты. Расында, башқұрттардан олардың өлсе өлімтігі артық һәм байлығы да шаш-етектен екен... Алайда мен ханға шабарман жіберіп аман алып қалуын өтіндім. Хан менің шабарманымнан Бөкенбай батырды іздеп тапсын, одан басқа құтылатын жол жоқ деп сәлем айтыпты» дейді («Нива» журналы. 1891 ж. 285-б).

Бөкенбай батыр орыс елшісін ажалдан құтқарып қана қоймай, өзіне қарасты ұлысқа көшіріп алады және алаңсыз жұмыс жүргізуіне қолай туғызады. Тіпті елшілік миссиясы аяқталып Уфаға аттанғанда шағын жасақпен қорғап-қоршап шығарып салады. Осы еңбегі үшін Тевкелев батырға 500 рубль сыйлық ұсынады. Бұл марапаттан Бөкенбай батыр бас тартқаны айтылады. Бір қызығы, Бөкенбай батырдың баласы Тіленші, одан туған немересі Жоламан Тіленшіұлы екеуі де отарлаушыларға қарсы ел-жерін қорғау мақсатында өмір бойы ат үстінен түспей өтті.

Шын мәнінде, ресейлік отарлау саясатына еңбек сіңірген Бөкенбай батырдың әрекеті бәзбір тарихшылар сол заманның саяси ахуалына байланысты туындаған көргендік шешім деп қабылдайды. Бұл жерде дана жазушы Әбіш Кекілбаевтың тұжырымына сүйенсек, отаршылық – тек біздің ғана емес, адамзаттың көбінің басына түскен тақсірет. Одан құтылу үшін бір-бірін әрі итеріп, бері жығатын әуре-сарсаң емес, ортақ жолдағы ынтымақ керек. Ондай ынтымақ бір-бірімізден мін іздеу жолымен емес, әрқайсымыздың көкейтесті мүддемізді бірдей елеп, бірдей ескеру жолымен орнайды, деген пайымынан асырып не айтуға болады (Әбіш Кекілбай. «Үш пайғамбар» құрастырған А. Нысаналы. «Дәуір», 1992 ж. 144-б).

Бөкенбай батыр Қараұлы 1742 жылы өмірден өткен. Батырдың қазасы жайлы орыс деректерінде нақты мәліметтер бар. Жайық казачествосының өкілі Харкиннің 1742 жылы 7 маусымда Орынбор экстракт комиссиясына жазған хатында Бөкенбай батыр мамыр айын­да түрікпендер қолынан қаза тапқаны айтылса, П.И.Рычковтың жазбасында «қазақтарды тонаған түрікмендерді тыныштандыру үшін жорыққа аттанған Бөкенбай батыр осы сапарында қаза тапты» делінген (История Казахстана в русских источниках ХVІ-ХХ веков, 5 т. 33-б).

Тарихта Бөкенбай батырдан қалған бір белгі – Бөкенбай шо­қысы. Шоқыны 1803 жылы 21-тамызда көрген Я.П.Гавердовский: «Құлақашы тауынан биік Қабанқұлақ тауы бар. Арасын құмды жазық бөліп тұр. Оң жағымызда Суықбеттау көрінеді. Одан 40 шақырым жерде Бөкенбай тауы. Олардың арасында «Бөкенбай шоқысы» аталатын шошақ пішінді тас төбе ерекше көзге түседі…» деп жазыпты.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»

Суретте: Бөкенбай шоқысы