Биыл Қазақстан мен Армения арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастарға 25 жыл толды. Қазақ киносының апталығы осынау атаулы іс-шараға орай ұйымдастырылған. Жергілікті халық біздің режиссерлер түсірген басқа да фильмдерді «Мәскеу» кинотеатрынан тамашалап үлгерді. Айталық, режиссер Рүстем Әбдіраштің «Сталинге сыйлық» және «Балалық шағымның аспаны» атты фильмдерін қыркүйектің 19-ы, 20-сы күндері көрген болса, режиссерлер Сергей Бодров, Талғат Теменов және Иван Пассердің «Көшпенділер» фильмін бүгін кеште тамашалайды. Ал ертең Эльдар Уразбаевтың «Транссібір экспресі» көркем фильмімен апталық өз мәресіне жетпек.
Айта кетейік, аталған іс-шара арқылы кинематография саласындағы екі ел арасындағы қарым-қатынастарды нығайту, сондай-ақ армян көрермендерін қазіргі қазақ киносымен таныстыру мақсат етілген. Қазақ киносының апталығына Арменияның зиялы қауым өкілдері, Кинематографистер одағының мүшелері, Мәдениет министрлігі, басқа да мемлекеттік ұйымдар мен ведомстволық ұйымдардың, дипломатиялық корпустың өкілдері қатысуда.
«Егемен-ақпарат»