Аймақтар • 22 Қыркүйек, 2017

Семейде Əлихан Бөкейханның ескерткіші ашылды

2086 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алаштың рухани астанасы атанған Семей шаһарында Алаш қозғалысының 100 жылдығы аясында Алашорда үкіметінің төрағасы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Бөкейханның еңселі ескерткіші орнатылып, «Алаш және рухани жаңғыру: ұрпақтар жалғастығы» атты халықаралық ғылыми-танымдық конференция өтті. 

Семейде Əлихан Бөкейханның ескерткіші ашылды

Фото: Азамат ҚАСЫМ, «Егемен Қазақстан»

Қаладағы Жеңіс саябағының жанынан орын тепкен дара тұлға ескерткішінің ашылу салтанатына Парламент Мəжілісінің депутаттары, зиялы қауым өкілдері мен шаһар жұртшылығы қатысты. «Облысымызда Алаш қозғалысының 100 жылдығына орай жыл басынан бері көптеген іс-шаралар ұйымдастырылды. Бүгінгі іс-шара соның ең ауқымдысы әрі ең маңыздысы екені анық. Барлықтарыңызды алаш ардақтысы Әлихан Бөкейхан ескерткішінің ашылуымен құттықтай отырып, облыс әкімі Даниал Ахметовтің жолдаған лебізін жеткізгім келеді. Бұл ескерткіш өскелең ұрпақ үшін, ұлт мүддесі үшін ғазиз жандарын құрбан еткен алаш қайраткерлеріне тағзым жасайтын қастерлі орынға айналады деп сенеміз», - деді ескерткіштің ашылу рәсімінде сөз алған Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов.

Салтанатты шараға Астанадан арнайы келген Парламент Мәжілісінің депутаты, «Ақжол» партиясының төрағасы Азат Перуашев алаш көсемінің Алаш қаласының төрінен орын алуы Шығыс жұртының ғана емес, бүкіл еліміздің қуанышы екендігін атап өтті.

Қоладан құйылған, биіктігі 5 метрден асатын, оң қолына асық ұстаған алаш қайраткері ескерткішінің авторы Бақытбек Мұхамеджанов кескекті дәуірдің кесек тұлғасының бейнесін сомдау оңайға соқпағанын айтады. «Әлихан Бөкейхан ескерткішін жасау бақыты маған бұйырғанына қуаныштымын.  Алаш ардақтысы асықты қолына бекерге ұстап тұрған жоқ. Қазақтың асығы алшысынан түссе деп саналы ғұмырын ұлт мүддесіне сарп еткен қайраткердің ескерткіші арқылы халқымыздың болмыс-бітімін, арман-аңсарын көрсеткім келді», - дейді мүсінші.

Алаш қозғалысының 100 жылдығына арналған шаралар легі одан ары «Алаш және рухани жаңғыру: ұрпақтар сабақтастығы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциямен жалғасты. Білім және ғылым министрлігі, халықаралық Түркі академиясы, Семей қалалық әкімдігі мен Шəкəрім атындағы университеттің ұйымдастыруымен өткен алқалы жиында Ғарифолла Есім, Зиябек Қабылдинов сынды ғалымдар мазмұнды баяндама жасады.

Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»