Форумға жиналғандарды құттықтаған Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан – 2050» стратегиясында еліміздің басты мақсаты әлеуметтік қауіпсіздік пен азаматтардың әл-ауқаты екені айтылғанын тілге тиек етті. Осыған сәйкес, әлеуметтік салаларды дамыту мақсатында мемлекет тарапынан көмек көрсетіліп, қолжетімді ету мақсатында жүйелі жұмыс жасалатынын мәлімдеді Г.Әбдіқалықова.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясында: «Біздің басты мақсатымыз – әлеуметтік қауіпсіздік және азаматтарымыздың бақуаттығы. Бұл – қоғамдағы тұрақтылықтың ең жақсы кепілі», – деп атап көрсеткен болатын. Осы мақсатпен Қазақстан Республикасын әлеуметтік дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы қабылданды.
Г.Әбдіқалықова заманауи жаһандық сын-қатерлер мемлекеттер алдына әлеуметтік саясатқа қатысты жаңа талаптарды көлденең тартып отырғанын айтты. Осыған орай БҰҰ-ға мүше елдер 2030 жылға дейінгі Орнықты даму мақсаттарын қабылдады. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, мемлекеттер азаматтардың өз мүмкіндіктерін кедергісіз, ал әлеуеттерін кеңінен пайдалануына, еңбек нарығында мейлінше ұзағырақ қалуына жағдай жасауға тиіс. Бұл үшін түрлі әдістер мен тетіктер қолданылады: қайта оқыту, оңалту бағдарламалары, жұмыс күшінің жинақылығын ынталандыру, еңбек жағдайын жақсарту және т.б.
«Бүгінде Қазақстан Үшінші жаңғыруды жүзеге асырып жатыр. Ел алдына адами капиталдың сапасын және бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жағдай жасау, сондай-ақ барлық қазақстандықтардың тұрмыс сапасының жоғары стандарттарына қол жеткізуін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттер қойылды», – деді Г.Әбдіқалықова.
Мемлекеттік хатшы осы саладағы маңызды міндеттерге де тоқталды. Ол 2009 жылы арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы заң қабылданған соң елімізде әлеуметтік қызметтер көрсету жүйесін жаңғырту қолға алынғанын айтты. Оның негізгі бағытының бірі – әлеуметтік сала еңбеккерлері институтын қалыптастыру және дамыту. Мемлекеттік хатшының пікірінше, аталған мамандықтың маңызы мен қоғамдағы орны ерекше. Сондықтан, әлеуметтік қызметкерді қарапайым күтуші секілді жұмысшы деген түсініктен арылу күн тәртібінде тұр. Г.Әбдіқалықованың пайымдауынша, мұндай жұмыс рухани тазалық пен адамгершілік қасиеттерді талап етеді.
Г.Әбдіқалықованың сөзіне сүйенсек, қазіргі жағдайға бейім мамандар әзірлеу де маңызды міндет саналады. Сондай-ақ, Мемлекеттік хатшы әлеуметтік қызмет саласындағы заманауи жаңалықтарды енгізген һәм сапалы бағдарлама керектігіне тоқталды. Сондай-ақ, форумның күн тәртібіне әлеуметтік саладағы менеджмент, әлеуметтік қызметкерлерді даярлау және олардың біліктілігін арттыру, коммерциялық емес ұйымдардың арнаулы әлеуметтік көмек көрсету ісіне атсалысу аясын кеңейту, еріктілік пен қайырымдылықты қолдау тәрізді өзекті мәселелер енген.
Мемлекеттік хатшының айтуынша, қазіргі таңда Қазақстанда 20 мыңға жуық әлеуметтік қызметкер бар. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады» деп жазғанын атап өтті Г.Әбдіқалықова.
Жиынға қатысқан Премьер-министр орынбасары Ерболат Досаев форумның маңыздылығына тоқталып, Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың құттықтау хатын оқып берді.
«Әрбір төртінші қазақстандық әлеуметтік қамсыздандыру жүйесімен қамтылған. Атаулы жұмыстың тиімді нысандары мен әдістері енгізілді. Әлеуметтік мекемелердің жаңа түрлері құрылып, әлеуметтік қызмет көрсету шоғыры кеңейтіліп отыр. Бұл жұмыс әлеуметтік қызметкерлердің, олардың жоғары кәсібилігі және керемет адами қасиеттерінің арқасында жасалып келеді. Қазіргі таңда әлеуметтік қорғау саласы белсенді жаңғыртылды», – деп Премьер-министрдің құттықтауын оқып берді Е.Досаев.
Сонымен қатар, Үкімет басшысы өз құттықтауында әлеуметтік және кәсіпкерлік идеяларын, қайырымдылық және еріктілік институттарын ілгерілетуге, халықты әлеуметтік қорғау саласына инновациялық технологияларды белсенді енгізуге және бизнесті тартуға жағдай жасауға ниетті екенін жеткізген. Премьер-министр бұл әдістердің тұрғындардың, көмекке, ерекше күтім мен қамқорлыққа зәру адамдардың өмір сүру сапасы жақсаруы керектігін тілге тиек етті.
Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың айтуынша, жергілікті басқарушы мекемелердегі әлеуметтік қызмет саласында қайта жаңғырту жүргізу қажет. Т.Дүйсенова аға буынның әлеуметтік қызметке қатысты қатып қалған түсінігі жастар және жас отбасылармен бірлесе жұмыс істеуге кедергі келтіріп отыр. Сондықтан, осы саланың деңгейін көтерудің маңызы ерекше. Сонымен бірге, әлеуметтік қызмет осы саладағы бүкіл бағдарламалар мен жергілікті жердегі жұмыспен қамту бағдармаларына мұрындық болмақ.
Алқалы жиынға алыстан ат терлетіп келген Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығының Бас хатшысы Ханс-Хорст Конколевски Қазақстанның осы салада атқарып жатқан жұмыстарына оң бағасын берді. БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі Норимаса Шимомура еліміздегі әлеуметтік бағдармалардың сапасы жоғары екенін мәлімдеді.
Форум аясында «Қазақстанда жүзеге асып жатқан үздік әлеуметтік жобалар» республикалық көрмесі ұйымдастырылды. Оған еліміздің барлық аймағынан 155 өтініш келіп түсіп, соның 20-сы үздік шыққан. Бұл көрменің мақсаты – қиындыққа тап болған азаматтардың мәселесіне қоғам назарын аударту. Жиын соңында өзгелерден оқ бойы озып шыққан үш жоба ең үздік деп танылып, бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»