Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында елдегі кәсіпкерлікті барынша дамытып, оған барлық жағдайды жасау міндеті алға қойылды. Оның ішінде салықтық ауыртпалықты азайту, меншік мүлкі мен активтерді заңдастыру, несиелік ресурстарға қол жеткізуді жеңілдету, әкімшіліктік рәсімдер мен рұқсат алуды жеңілдету, бюрократтық бассыздық пен бақылау-тексеру органдарынан қорғау, шағын және орта бизнесті қолдаудың аймақтық орталықтарын құру, маркетингтік зерттеулерді жүргізуде көмек көрсету, біліктілігін көтеру секілді амалдар да іске асырылуда.
Бұған қоса Елбасы Астанада өткен Президент жанындағы кәсіпкерлер кеңесінің 1-ші жалпы отырысында-ақ, кез келген кәсіпкер өз бизнесіне құқық қорғау органдары өкілдерінің заңсыз араласқанын айтып, электронды пошта арқылы арыз-шағым жібере алатын Президент Әкімшілігінің арнайы сайтын ашуды тапсырған болатын. Бұл шара сол кезден бастап құқық қорғау органдарының бизнесмендерге қоқан-лоққы көрсетіп, заңсыз тексеру жасайтын кейбір өкілдерінің жолын кесті. Содан бері кәсіпкерлерді заңсыз тексерістерден арашалаудың, қорғаудың тиімді жолдары қарастырылып келеді. Бүгінде соның ең тиімді де, сапалы түрі табылып отыр. Ол – Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің кәсіпкерлерге ұсынған көмекші құралы саналатын «QAMQOR» мобильді қосымшасы.
Қазіргі кезде әрбір кәсіпкер мобильді құралдар арқылы өзіне тексерушілер қашан, қай кезде келетіндігін алдын ала біле алады. Мәселен, біз айтып отырған «QAMQOR» мобильдік қосымшасы бірнеше функция атқарады. Соның ішінде маңызды деген 2 функцияны атайық. Оның біріншісі, «QAMQOR» кәсіпкерге алдын ала, яғни 1-2 күн бұрын «Сізді тексеруге келеді» деген Puch-хабарлама жіберіп қояды. Екіншісі, «Сіз тексерудің заңдылығын және өзектілігін тексере аласыз», деген көмек ұсынады. Осыған сәйкес, әлгі «QAMQOR» мобильді қосымшасы арқылы келген Puch-хабарламаны ашып, кәсіпкерді тексеруге қатысты тұлғалар, тексерудің мерзімі, құқықтық негіздері, тексеру мәселесі туралы мәліметтерді толық көруге болады. Демек, енді кәсіпкер тексерістің барлық мән-жайын алдын ала біліп отырады. Және ол тексеріс заңды ма, заңсыз ба, негізді ме, негізсіз бе немесе құқығы бар тексерушілер ме әлде жалған алаяқтар ма дегендей сауалдарға «QAMQOR» арқылы жауап алады. Ал шынайы құқықтық заңдылықпен қаруланған кәсіпкердің ары таза болса ештеңеден қауіптенбейді.
Егер кәсіпкер заңнан тыс ауытқушылық байқаса, өзін қорғай алады. Оған онлайн режімде тексеруге дейін және тексеру барысында орын алған заң бұзушылықтарды хабарлама ретінде жолдауға толық мүмкіндік бар. Жолданған хабарламалар комитеттің аумақтық басқармаларына келіп түседі және бұл хабарламалар бойынша жедел түрде нақты жауап беріледі. Демек заңды не заңсыз істердің бәрі жедел қаралады. Ендеше мұндай заң үстемдік ететін жерде «тырнақ астынан кір іздеп» кәсіпкерге нақақ тиісу деген бола қоймайтыны анық. Ал бұл кәсіпкерге қамқорлық жасайтын аталған мобильдік қосымшаны кез келген қолданушы android үшін Play-Market-те, IOS үшін App store-да жүктей алады.
Қосымша осы жылдың сәуір айынан бастап іске қосылып, өзінің тиімділігін көрсетуде. Мысалы, Жамбыл облысында мемлекеттік органдар тарапынан жол беріліп жатқан заңсыз әрекеттер туралы «QAMQOR» мобильді қосымша арқылы кәсіпкерлерден 2 өтініш түскен. Онда үстіміздегі жылдың маусым айында кәсіпкер О.Малькова Тараз қалалық денсаулық сақтау басқармасы қызметкерлерінің заңсыз әрекеттеріне шағым айтқан. Сөйтсе кәсіпкер О.Малькованың қызметін тексеру негізсіз ұзартылған екен. О.Малькова «QAMQOR» мобильді қосымшасы арқылы хабарласқан соң бұл факті анықталған. Комитеттің Жамбыл облысы бойынша басқармасының талабы бойынша аталған тексеру заңсыз деп танылып, кемшілік жіберген лауазымды тұлғалар жауапкершілікке тартылған. Сол сияқты Жамбыл облысы, Қаратау қаласы лицейі асханасының басшысы, жеке кәсіпкер А.Жарова да «QAMQOR» мобильді қосымшасы арқылы тиісті органға шағым түсірген. Жүргізілген тексерудің нәтижесінде, аумақтық білім бөлімі қызметкерлерінің заңсыз тексеру жүргізгендігі анықталып, 3 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Осылайша аталған «QAMQOR» мобильді қосымшасы кәсіпкерлерге барынша қамқорлық танытуда.
Александр ТАСБОЛАТ,
«Егемен Қазақстан»