Алғашқы матч қыркүйектің 21-і күні өтіп, «Барыс» 4:1 есебімен жеңіске жетті. Матчтың бірінші және екінші кезеңінде командалар қорғаныста сәтті ойнап, бір-бірінің қақпасына шайба соға алмады. Ойынның ең тартысты кезеңі үшінші бөліктің соңғы 11-минутында өтіп, шайбалар да осы уақыт аралығында соғылды.
«Барыстың» канадалық шабуылшысы Мэтт Фрэттин ойынның 41-ші минутында шайба соғып, командамызды алға шығарған болса, Константин Пушкарев 52-ші минутта есепті 2:0-ге жеткізді. Арада небәрі 40 секунд өткенде Владимир Маркелов «Барыс» клубының үшінші шайбасын салды. Үш шайба соққан соң астананың клубы аздап босаңсып кетті. Мұндай сәтті қарсылас команда кешірмейтіні анық. Шабуылдарын үдете түскен «Динамо» клубы матчтың 57-ші минутында есепті 3:1-ге қысқартты. Шайба авторы – Джастин Фонтэйн. Дегенмен ойын аяқталуға 42 секунд қалғанда «Барыс» ойыншысы Константин Пушкарев матчтағы екінші шайбасын соғып, ойынның нүктесін қойды.
Араға екі күн салып «Барыс» хоккей клубы Мәскеудің «Динамо» хоккей клубымен сынға түсіп, тартысты өткен матч-
та жерлестеріміз 3:5 есебімен қонақтарға есе жіберіп қойды. Айта кетейік, қарсылас команда сапында «Барыстың» бұрынғы ойыншысы және ұлттық құрама шабуылшысы Дастин Бойд ойнап, бір шайба соқты.
Ойындағы «Барыс» клубынан Константин Пушкарев (25-минут), Найджел Доус (35-ші және 47-ші минут) шайба соқса, ал қонақтар сапынан Никита Комаров (4-минут), Мартиньш Карсумс (30-минут), Дастин Бойд (40-минут), Андрей Алексеев (55-минут) және Даниил Тарасов (59-минут) гол салды.
Құрлықтық хоккей лигасының «Шығыс» аймағындағы турнир кестесінде «Барыс» командасы бір жеңіс және бір жеңі-
лістен соң 22 ұпаймен бесінші орында келе жатыр.
Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»