Білікті маман, білгір азамат, белді ғалым С.Хамзаұлы Атырау облысы, Новобогат ауданында өмірге келіпті. Ол дүние есігін ашқан күні әкесі Хамза мәңгілік қайтпас сапарға аттаныпты. Анасы Сәлен бір ұл, бір қызды сұрапыл соғыс жүріп жатқан тұста арқалап жүріп қатарға қосыпты. Сатыбалды орта мектепті үздік бітіріп, Алматы қаласындағы медициналық институттың санитария факультетіне құжат өткізіп, сынақтан сүрінбей өтіп, оқуға түсіпті. Оны бітіргеннен кейін өзінің атамекеніне бет алыпты.
Балалық дәуірі сұрапыл соғыстан кейінгі қиын кезеңге тап болғандықтан ба, Сатыбалды бозөкпе, бос белбеу болмай, қайратын қанат, жігерін жалын етіп, еңбекке араласыпты. Талапты жас адам жанының арашасы бола жүріп, оба ауруының алдын алу үшін жүргізілетін жұмыстарға бел шеше кіріседі. Алғаш қарапайым жұмыстан бастау алған оның тірлігі бірте-бірте абырой әкеле бастайды. Қызмет баспалдағы да биіктейді. Қатардағы дәрігерліктен басталған еңбегі «Ембі» обаға қарсы күрес стансасының бастығы дәрежесіне жеткізеді. Бұл мекемедегі жұмыс өте жауапты болатын. Себебі, обаға қатысты барлық жұмысты тікелей Мәскеу қадағалайтын. Тіпті жабық десе де болады. Әскериленген стратегиялық маңызы бар орын ретінде ондағы іс тетігі екінің біріне сеніп тапсырыла бермейтін. Тегеурінді жастың жіті қимылы, жігері талайды тәнті етеді. Ауыртпалығы орасан деп есептелетін індеттің алдын алу үшін сергектік керектігін ұғынған ол өзі ғана емес, өзгелерді де жауапты жұмысқа жұмылдырады.
Бір замандары оба жайлағанда халық қынадай қырылғанын Сатыбалды тарихтан оқып, танысқаны бар. Жұқпалы кеселдің ошағын жою, жойып қана қоймай, кейде «оянып» кететінін білетін маман оған дер кезінде тосқауыл қою ісіне де ұйытқы болады. Тіпті қатерлі дерттің пайда болу, одан тіршілік иелерінің жойылып кету мүмкіндігінің алдын алу, қорғану тәсілдері туралы зерделі зерттеулер жүргізіп, материалдарын ғылыми сараптамаға жіберіп отырады. Оның мұндай зеректігіне кезінде білім берген ғалымдар ризалық танытып қана қоймай, лаборатория меңгерушісі болуға шақырған екен. Қарт анасынан алыстап кету оған қиынға соғады. Ұстаздарының тілегіне өзінің уәжін айтып, ел ішінде жүріп-ақ ғылыми жұмыстар жазуға дайын екенін жеткізеді. Оған ұстаздары да келісімін береді. Сөйтіп Атырау аймағымен етене араласып, бұрын көшпелі ғұмыр кешкен ата-бабаларымыздың дәстүрімен танысуды, сағымды сары даланы жаяу-жалпылап кезуді әдетке айналдырады. Түйенің қомына құрал-саймандарын артып, үдере көшіп жүрген халқымыздың басына талай рет апат әкелген оба дертінің ошағы саналған Солтүстік Каспий ойпаты маңын, Мыңтөбе, Бегайдар, Айбас құмдарын жиектей шарлап, алыстағы Азғыр үштағанына да барады. Сол кезде оның көкейінде Тайсойған бойындағы оба ошағын жоюға күш салған Алаш қайраткері Халел Досмұхамедовтің өмір жолы айнадағыдай айқын тұратын. Соның ізімен талай жерді шарлап, талай өңірге табаны тиеді. Сөйтіп Сатыбалды Хамзаұлы КСРО аумағында бірінші болып обаға шалдыққан түйеде және оны қарайтын адамдарда пайда болған аурулар туралы мәліметтерді жүйелеп, өз байламын тиісті орындарға жібереді. Бұл талантты азаматқа абырой әкеледі. Өйткені ғалым оның ғылыми ізденісінің негізінде тиісті мекемелер қаулы-қарарлар қабылдап, шаралар қолданады. Еліміз бойынша алғаш рет сау және обаға қарсы вакцина егілген түйелердің салыстырмалы иммунитеттерінің ерекшеленбеген факторларын зерттеп, оба ауруының қоздырғышы туралы қосымша тест ұсынады. Осындай ізденістердің нәтижесінде Сатыбалды Хамзаұлы Ресейдің Саратов қаласындағы «Микроб» институтында кандидаттық диссертация-
сын сәтті қорғап шығады. Он алты жылдан кейін ғылым докторы атанады. Бұл еңбектері тек Атырау өңірінде ғана емес, бүкіл еліміздегі оба ошақтарын жою бойынша үлкен жұмыстардың іргетасы болып қаланғанын айтуға тиістіміз.
КСРО заманында обаға қарсы мекемелерде өзге ұлттар өкілдері істеп келгені мәлім. Бұл жүйені басшылық қызметке келгеннен кейін Сатыбалды Хамзаұлы бірте-бірте бұзып, өз қандастарын тарта бастайды. Кәсіби білікті азаматтарды лаборатория меңгерушісі, жетекші қызметкер етіп тағайындаумен қатар, оларға қажет қамқорлықты да қарастырады. Әсіресе, ұлт денсаулығын көтеру, жұқпалы аурудан қорғау жөніндегі жұмыстары тәуелсіздігімізді алғаннан кейінгі кезеңде негізгі бағытқа алынып, тиісті мекемелер сол бойынша жоспар-жоба жасап, жұмыс атқарғанын айта кетуге болады.
Айтулы ғалым, Қазақ елінің аумағындағы оба ошақтарын түбегейлі жою жұмысын ғылыми тұрғыда зерттеп, оны болдырмау ісі бойынша ерекше жұмыс жасағанын оның еңбектерінен көруге болады. Сексенге жуық ғылыми зерттеу жұмыстары бұл сөзімізге дәлел. Әсіресе «Орал-Ембі» және Үстірт маңайларындағы автономды ошақтардағы обаны эпидемиологиялық бақылауға алу», «Атырау облысында обаның алдын алу», тағы басқа ғылыми монографиялық зерттеулерінің жөні бөлек. Өмір бойы білімін үздіксіз жетілдірумен айналысқан жоғары дәрежелі эпидемиолог-дәрігер, профессор Сатыбалды Хамзаұлы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде шәкірттерге дәріс беріп, ұлағатты ұстаз, танымал ғалым ретінде де беделді болған екен.
Сатыбалды Хамзаұлы осыдан біраз уақыт бұрын өмірден озды. Бірақ оның ғылыми еңбектері, теория мен практиканы қатар ұштастырған ұстаздығы жұртқа мәлім, шәкірттеріне үлгі. Еткен еңбек, төккен тер, ғылымдағы өзіндік жолы әркез бағаланып отырған. Соның бір дәлелі «Құрмет белгісі» орденін омырауына тағып, Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі атанып, «КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі» белгісімен марапатталып, Экология және тіршілік ету қауіпсіздігі Халықаралық ғылым академиясы мен Біріккен Ұлттар Ұйымының КАД (ДОИ) мен ЭКОСОС төралқасының 2007 жылғы біріккен шешіміне сай Сатыбалды Хамзаұлы адамзатқа шын беріліп, қызмет еткені үшін «Гиппократ» медалін алыпты. Ардақты азаматтың артында қалған ұрпақтары әке жолын жалғап, ұлт ісіне адал қызмет етіп келе жатқанын да айта кетсек дейміз. Осындай отаншыл ұлды елі мен ұлты бағалап, есімін есте қалдыру бойынша жұмыстар жүргізсе, құба-құп болар еді.